Барлық өңірдің, қалалар мен аудандардың әкімдері – партия филиалдарының төрағалары партияішілік іріктеу қорытындысын талқылап, құрмет грамоталарын табыстау үшін праймериз қатысушыларымен кездесті. Бұл туралы партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бауыржан Байбек 150-ден астам белгілі саясаттанушыларды, қоғам қайраткерлері мен журналистерді топтастырған "Nur Otan" Жақтастарының лигасымен кездесуде партияішілік сайлауды ұйымдастыру барысын бақылауға айрықша атсалысып, айқындығы мен әділ өтуін қамтамасыз еткені үшін қоғам белсенділеріне алғыс айтты.
"Бас қосуда праймериздің бірінші кезеңінің қорытындысын егжей-тегжейлі талқыладық. Жақтастар лигасының айтуынша, "Nur Otan" праймеризі – елдің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиға. Бір жарым миллионнан астам адамды қамтыған кандидаттар бір ай бойы пікірсайыстың көрігін қыздырып, идеялары мен жобаларын таныстырды, ел мен қоғам үшін маңызы зор ойларын ашық айтып, кәсіби, саяси қабілетін шыңдады", - деді ол.
"Nur Otan" партиясы Төрағасының бірінші орынбасары жүргізілген талдауларға сәйкес, тіркелген 10 073 кандидаттың ішінде праймеризге барлық деңгейдегі мәслихаттардың 1410 қызметтегі депутаты қатысқанын атап өтті. Олардың 213-і партияішілік іріктеудің бірінші кезеңінен өте алмаған. Яғни праймеризден мәслихаттардың қызметтегі депутаттарының үштен бірі ғана өтті.
Ең жоғары нәтижеге қол жеткізген 500-ден аса қатысушы – волонтерлер, көп балалы аналар, қарапайым педагогтер, дәрігерлер, кәсіпорын қызметкерлері және басқалар.
Бұл ретте, праймериз партия қатарына 42 мыңнан астам жаңа мүшелерді тартуға мүмкіндік берді. Олардың 1000-нан астамы партияішілік сайлауға қатысып, әрбір 4-шісі дауыс беру қорытындысы бойынша ең жоғары рейтингке ие болды.
"Осылайша, праймериздің бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша "Nur Otan"-ның барлық деңгейдегі мәслихаттарға арналған партиялық тізімдері 60%-тен астам жаңарады деп айтуға негіз бар", - деп жазды Бауыржан Байбек.
Ол өз жазбасында Жақтастар лигасының рөліне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Жақтастар лигасының қолдауымен түрлі тәртіп бұзушылықтар мен айла-амалдардың дер кезінде жолы кесіліп, ашықтық пен айқындық қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, Жақтастар лигасының 30-дан астам мүшесі праймеризге қатысу үшін партия қатарына кірді. Дауыс беру қорытындысы бойынша 6 адам өз қаласы мен ауданында алғашқы 10-дыққа кіріп, келесі кезеңге өткен.
"Кездесу барысында қызықты да креативті ұсыныстар тілге тиек етілді, оның ішінде партия жұмысын одан әрі жетілдіру, Жақтастар лигасын институционалдандыру мүмкіндігі секілді тың ұсыныстар бар. Сонымен бірге халықтың өзекті мәселелерін шешуге байланысты жұмылып істейтін жұмыстарды жалғастыру жөнінде де келісімге келдік. Жақтастар лигасында атап өткендей, праймеризде «ұтылғандар жоқ, бәрі де игілікке жетті. Ең алдымен бұл іс-шара еліміз үшін игілікті болды!" - деп түйіндеді ол.