Елордада карантин шараларын қадағалау күшейтілуде. Бұл туралы әкімдікте өткен кеңес барысында айтылды. Талаптарға сәйкес келмеген шағын және орта кәсіпкерлік субьектілері жабылуы мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz
"Мейрамханалар, кафелер, сауда орталықтары және басқа кәсіпкерлік субъектілері мен ШОБ санитарлық нормаларды сақтамаған жағдайда, біз карантинді қайта енгізуге мәжбүр боламыз", деп хабарлады әкімдік.
Мобильді топтар сауда және ойын-сауық орындарына күнделікті рейдті күшейтті. Елорда тұрғындары мен қонақтары маска тағу тәртібін қатаң сақтауы керек.
Айта кетейік, 5 шілдеден бастап карантин тәртібін бұзған елорда тұрғындары мен кәсіпкерлерге жалпы сомасы 128 665 848 теңгеге 587 айыппұл салынды. Оның ішінде жеке тұлғаларға – 12 809 358 теңге мөлшерінде 267 айыппұл, кәсіпкерлік субъектілеріне – 115 856 490 теңге мөлшерінде 320 айыппұл.
Карантинді өрескел бұзушылар негізінен тыйым салынғанына қарамастан өз қызметін жүзеге асырған тамақтану орындары, азық-түлік дүкендері, түнгі клубтар иелері.
Ең өрескел бұзушылар – "Алуа" кафесі (Мұстафина к-сі, 38), Dorffman сыра клубы, "Текила" лаундж-бары (Жеке батыр к-сі, 49), сондай-ақ сұлулық салондары мен азық-түлік дүкендері.
Сонымен қатар 102 фармацевтикалық компанияның қызметіне жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша тіркеуден өтпеген дәрі-дәрмектерді сатқаны және дәрі-дәрмек бағасының шектеулерін бұзғаны үшін 29 фармацевтикалық компания жауапкершілікке тартылып, сотта айыппұл салынды. Айыппұлдың жалпы сомасы 13 864 998 теңгені құрады.
Қазіргі уақытта КВИ ауруларын тіркеу жалғасуда, тәулігіне 3-тен 20-ға дейін жаңа жағдай тіркелуде. Науқастар қатарында ересектермен қатар, балалар да бар.