Қауіпті індетке қарсы күресетін дәрігерлерге үстемеақы төлеу – әзір күн тәртібінен түспейтін мәселе. Мемлекет басшысы өткен аптада дәл осы мәселеге ерекше тоқталып, Үкімет пен әкімдерге ескерту жасаған еді. Алайда Президенттің өзі айтқандай, жергілікті жерде үстемеақы мен сақтандыру төлемдерін төлеуде бюрократиялық кедергі әлі жойылған жоқ. Соның бір дәлелі Атыраудағы №1 емханада кездесіп отыр.
Аталған емхана 65 мың тұрғынға қызмет көрсетеді. Мұнда 300-ге жуық медицина қызметкері жұмыс істейді. Алайда бұл емханада коронавирус инфекциясын жұқтырған медициналық қызметкерлерге төленетін өтемақыға қол жеткізе алмағандар бар. Мәселен, емханада тіркеуші болып жұмыс істейтін көпбалалы ана Мария Қонарова алғашқылардың қатарында коронавирус инфекциясын жұқтырған.
– Коронавирусқа қарсы тапсырған тест оң нәтиже көрсетіп, оған қоса пневмония диагнозы қойылды. Ауруханада емделіп шықтым, – дейді М.Қонарова. – Әріптестерімнің арасында емделген соң жұмысқа қайта шыққандары бар. Біз өтемақы алуға екі рет құжат тапсырдық. Бірақ екеуінде де өтемақы төленген жоқ. Оның себебін де түсіндірмей, бас тартылды. Неге?
Емхананың рентгенологы Азамат Әділбекұлы пандемияның бірінші толқынында дене қызуы 390С-қа көтерілсе де жұмыс орнын тастап кетпеген. Оны алмастыратын екінші рентгенолог ауырып, жұмысқа шықпай қалған.
– Компьютерлік томография нәтижесімен пневмония болсақ та, қызметімізді атқара беруге тура келді. КТ-ға өз әріптестерімді де түсірдім. Олардың көбінде пневмония болғанын дәлелдей аламын, – дейді Азамат Әділбекұлы.
Медбике Балжан Төлегенованың да қауіпті індетпен ауырғанын дәлелдейтін компьютерлік томографиядан алған анықтамасы бар. Бірақ неге екені белгісіз, оған да әлі күнге өтемақы төленбей отыр. Блок-бекетте жұмыс істеп, кәсібіне адалдығынан таймаған медбике Президент тапсырмасының орындалмағанына налиды.
Адал еңбегі еленбеген медицина қызметкерлерімен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Асхан Байдуәлиев кездесу өткізді. Алайда ол өтемақының комиссия шешімімен ғана төленетінін түсіндірумен ғана шектелді.
– Президенттің тапсырмасына сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қызмет барысында коронавирус жұқтырған медициналық қызметкерлерге эпидемиялық тексеру нәтижесінде өтемақы төлеу туралы бірлескен бұйрығы бар. Соған сай келетін дәрігерлерге өтемақы төленеді. Қазір Атырау облысында коронавирус инфекциясы мен вирустық пневмония жұқтырдық деп жәрдемақы алу үшін 955 медицина қызметкері құжат тапсырды. Олардың құжаттарын коронавирус індетімен күресте қызмет еткен медицина қызметкерлеріне үстемеақы мен өтемақыны төлеу жөніндегі комиссиясы тұрақты түрде қарауда, – дейді Асхан Байдуәлиев. – Осы кезге дейін комиссия 9 отырыс өткізді. Құжаттардың 474-і мақұлданып, 481-і кері қайтарылды. Бірақ жақында аталған бұйрыққа бірқатар өзгеріс енгізілуіне байланысты дәрігерлердің құжаттарын комиссияға қайта беріп, қазір қаралып жатыр.
Бұл емхананың бұдан өзге де түйткілі бар екен. Басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушының айтуынша, №1 Атырау қалалық емхананың есепшотынан 70 млн теңге ұрланып кетіпті. Ұрының есепшоттан ірі көлемдегі қаржыны электронды түрде қолды еткені анықталып отыр. Қазір құқық қорғау органдары тиісті тергеу-анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Атырау облысы