Бір ғасырдан бері құрлықтан ғана мұнай-газ өндіретін еліміз енді су астынан өнім алуға бет бұрды. Қазір Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы ең ірі кен орнының қатарындағы «Қашағаннан» «қара алтын» мен ілеспе газ өндіру қарқын алды. Бұл кен орнын игеру жобасының операторы – NCOC компаниясы. Теңіз мұнайы 2016 жылдан бері жасанды аралдарда өндіріледі.
Мәселен, былтыр теңіз табанындағы кен орнынан өндірілген 14,1 млн тоннадан астам мұнай экспортталды. Сондай-ақ шетел нарығына жіберілген газ көлемі 3,5 млрд-тан аса текше метрді құрады. Ал экспортталған күкірт 1 млн 207 мың тоннадан асты.
Әрине, Каспийдің мұнайын игеру оңай болған жоқ. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, отандық мұнайшылардың су түбінен «қара алтын» алатындай тәжірибесі болған жоқ. Сол себептен бұл еліміз үшін тосын әрі тәуекелі мол қадам еді. Соған қарамастан, «Қашаған» – Қазақстанның тарихында теңіз түбінен игерілген тұңғыш кеніш. Мамандардың айтуына қарағанда, кен орнының коллекторы теңіз түбінен 4200 метрдей тереңдікке бойлайды. Мұндағы қысым да өте жоғары, мұнай құрамында парафин де мол. Күкіртті газ да көп, ал күкіртті сутек (H2S) 15 пайызға тең.
Екіншіден, отандық мұнай-газ өнеркәсібіне тың серпін беретін Каспий жобасы шетел инвесторларының назарын аударды. Оның ішінде «Статойл», «Эни-Аджип», «Шелл», «Тотальфинаэльф», «Эксон-Мобил» секілді компаниялар оператор болуға ұмтылыс жасады. Өйткені бұл – ұзақ жылдарға созылатын инвестициялық жоба. Мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы мұндай жобаға құйылған инвестицияның кейін еселеп қайтатынын ескерсек, шетелдік компаниялар мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысады.
Үшіншіден, «Қашаған» – 40 жыл бұрын Аляскада табылған Прудхо-Бей кен орнынан кейінгі ең ауқымды ашылым болуымен әлем назарына ілікті. Себебі мұнда 4,5-тен 5,5 млрд тоннаға дейінгі мөлшерде мұнай, 3 трлн текше метрдей газ қоры бар деп жобалануда. «Қашаған» кен орны жобасының бірінші кезеңін игеруге 55 млрд доллар көлемінде инвестиция салынды.
Төртіншіден, Каспий теңізінің фаунасы мен флорасының бәрінен маңызды болатыны белгілі. Өйткені мұнда әлемде сирек кездесетін итбалық пен бекіре тұқымдас бағалы балықтар бар. Бұдан басқа құстың 280-нен астам түріне зерттеу жүргізілді. Оның ішінде 40-тан аса құс «Қызыл кітапқа» енгізілген.
Енді осындай сан алуан маңызға ие «Қашаған» кен орнынан өндірілген газды өңдеу мәселесі де көтеріліп отыр. Неге? Өйткені қазір мұндағы тәуліктік мұнай өндіру көлемі 380 мың баррель шамасын құрайды. Кен орнын игеру жоспарына сәйкес, 2022 жылы өнім өндіру деңгейі тәулігіне 420 мың баррельге жетуі тиіс. Сол кезде ілеспе газдың көлемі де еселенетіні даусыз.
Демек, елімізде ілеспе газды қайта өңдейтін өндіріс орнының қажеттігі туындайды. Бұған себеп болатын жайттар да бар. Алдымен бұл жыл сайын газға ішкі сұраныстың артуымен де байланысты болып отыр. Газ экспортынан түсетін қомақты түсім де басты себептердің бірі екені жасырын емес. Мәселен, IHS Markit зерттеу компаниясының дерегіне сүйенсек, былтыр Қазақстанда газдың жалпы жиынтық өндірісі 55,5 млрд текше метрді құрады. Оның тек 19,4 млрд текше метрі ғана экспортталды. Мұнай өндіру компаниялары қойнауқаттағы қысымды ұстап тұру үшін 19,1 млрд текше метр газды кері айдаған. Ал 17 млрд текше метр газ отандық тұтынушыларға сатылыпты.
Сарапшылардың болжамына қарағанда, әлемде газ тұтыну көлемі 2040 жылға қарай 1,5 есеге өсіп, 5,5 трлн текше метрден асуы мүмкін. Сол кезеңде оның басқа энергия көздері арасындағы үлесі 23%-дан 26%-ға дейін артады екен. Міне, осы кезде «қара алтынға» баланған мұнайдың үлесі 40-тан 30%-ға дейін төмендейді. Сондықтан «Қашаған» газын өңдейтін зауыттың құрылысына байланысты қабылданған шешім осы саланың дамуына серпін беру үшін шикізатты сатып алуға, жалпы ұқсас жобаларды қаржыландыруға қатысты көптеген мәселені реттеуі тиіс.
Әрине мұндай зауыт салу үшін алдымен орын таңдауда бірнеше нұсқа ұсынылғаны даусыз. Алайда Мақат ауданының аумағы таңдалды. Осыған орай аталған жобаға «GPC Investment» ЖШС инвестиция салғалы отыр. Серіктестік өкілдері былтырдан бері екі рет, алғашында Мақат ауданында, ал жақында Атырау қаласында қоғамдық тыңдау өткізді.
Жаңа өндіріс орнына инвестиция салуға бел буған компания өкілдерінің мәліметіне сүйенсек, «Қашаған» газ өңдеу зауытының жобасы шикі газды жағу мен кері айдаудың орнына оны қайта өңдеудің ұлттық бағдарламасы аясында іске асырылады. Зауыт жылына 1 млрд текше метрге дейін газ өңдейтін болады. Жобаға сәйкес, осынша көлемдегі шикі газды өңдеу кезінде зауыт жылына 815 млн текше метрге дейін тауарлық газ, 119 мың тонна сұйытылған газ, 212 мың тоннаға жуық күкірт, сондай-ақ 35 мың тонна газ конденсатын шығаратын болады.
Сондай-ақ бұл «Қашаған» кен орнында мұнай өндіруді 12 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Газ өңдеу зауытының құрылысын ел Үкіметі бекіткен. Жобаға инвестор ретінде «GPC Investment» ЖШС таңдалды. Бұдан басқа жобаны іске асыру үшін жетекші отандық және шетелдік мамандар тартылады. Жобаны қаржыландыру инвестордың өз есебінен және қаржы институттарының қаражатын тарту есебінен жүзеге асырылатын болады.
– Жобаланған жұмыстар учаскесі Мақат ауданының аумағындағы елді мекендерден алыста орналасады. Зауыт салынатын орын Атырау қаласынан 60 шақырым, ал аудан орталығы – Мақат кентінен солтүстік-шығысқа қарай 63 шақырым қашықта болатыны анықталды. Құрылыс кезеңінде, одан кейін пайдалануға берілген соң зиянды заттардың шығарындылары, қалдықтардың мөлшері барлық санитарлық нормаға сәйкес келетін рұқсат етілген мәндер шегінде болады. Құрылыс құнына әсер ететініне қарамастан, атмосфераға зиянды шығарындыларды азайту мақсатында ең озық технологияларды пайдалану туралы шешім қабылданды. Атмосфераға күкіртті ангидрид сияқты зиянды газдың шығарылуын болдырмауға мүмкіндік беретін SCOT технологиясы қолданылады. Сондай-ақ BASF және Dow Chemical сияқты танымал әлемдік компаниялардың озық технологияларын да пайдалануды көздедік. Жабық түрдегі алау қондырғысы орнатылады. Жабық алау қондырғысының корпусы шудан, желден, жылу радиациясынан, көрінетін оттан қорғауға арналған, – дейді жобаның техникалық жетекшісі Болат Сақтағанов.
Оның айтуына қарағанда, жоба бойынша қоршаған ортаға зиянды заттардың шығарындылары мен қалдықтар мөлшері белгіленіп отыр. Мәселен, зауыт құрылысын жүргізу кезінде зиянды заттар шығарындыларының мөлшері жылына 186,40 тоннаны, қалдықтардың көлемі 130,19 тоннаны құрайды. Ал зауыт іске қосылғаннан кейін зиянды заттар шығарындылары жылына 250,96 тоннадан, қалдықтар 1286,33 тоннадан аспайды екен.
Газ өңдеу зауытына пайдаланылатын су қолданыстағы «Астрахань-Маңғышлақ» су таратқышынан алынады. Биоресурстарды үнемдеу үшін зауытта тазалаудан кейін суды қайта пайдалана отырып, тұрмыстық кәріздің жабық жерасты желісін салу жоспарлануда. Өндірістік-жаңбыр кәріздерінің коллекторлары бойынша барлық өндірістік және жаңбыр ағыны жабық түрдегі сақтау резервуарына түседі. Сақтау резервуарынан сорғыштар өндірістік-жаңбыр ағынын тазарту блогына беріледі. Тазалаудан кейін қажетті сапаға дейін тазартылған өндірістік-жаңбыр ағыны кәсіпорынның өндірістік сумен жабдықтау жүйесінде қайта пайдалануға жіберіледі.
Газ өңдеу зауытының құрылысын жүргізу үшін 2500-ге дейін, кейін пайдалануға берілген соң 600-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Бірақ әзірге жаңа зауыттың құрылысын бастау туралы нақты мерзім айтылмай отыр. Дегенмен, бұл жоба отандық экономиканы өркендетуге өрге сүйрейтін серпінділік стратегиясына айнала ма? Әрине, алдын ала болжам жасауға әлі ертелеу болар. Мұны уақыт еншісіне қалдырғанды жөн көрдік.
Атырау облысы