ПТР анықтамасы жоқ 17 шетелдік депортацияланды. Бұл туралы Көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігер Сәдуақас Байғабылов толығырақ айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz
"Осы жылдың 6 қазанынан бері санитарлық-карантин пункттерінің эпидемиологтері Қазақстанға әуе рейстерімен келген 17 шетелдікті, оның ішінде Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар адамды депортациялады. Депортациялауға жарамдылық мерзімі өтіп кеткен ПТР немесе жедел тест өткені туралы анықтамалар себеп болды. Нұр-Сұлтан қаласынын әуежайынан 8 шетел азаматы (Ресейдің 5, Беларусьтің 2 және Түркияның 1 азаматы), ал Алматы қаласы әуежайынан 9 шетел азаматы (Ресейдің 4, БАӘ-нің 1, Германияның 1, Өзбекстанның 1, Түркияның 2 азаматы) департацияланған болатын", деді Сәдуақас Байғабылов.
С.Байғабыловтың айтуынша, депортацияланғандардың арасында транзиттік әуе жолаушылары да болған. Осыған орай отандық, шетелдік әуе компанияларына және әуежайдың мүдделі қызметтеріне COVID-19-ға арналған ПТР анықтамасыз келген шетелдік азаматтарды департациялау мәселелері бойынша қосымша семинар-кеңестер жиі өткізіліп тұрады.
Еске сала кетейік, жаңа ережелерге сәйкес мынадай шектеу шаралары күшіне енеді: Қазақстанға шетелден әуе рейсі арқылы келген азаматтардың бәрі де термометриядан, анкеталаудан өтіп, ПТР әдісі арқылы COVID-19 бойынша тесттен өткені туралы анықтама (72 сағатқа жарамды) көрсетуі тиіс. Қазақстан азаматы саналмайтындар адамдар қолында анықтама болмаған жағдайда елге кіргізілмейді.