• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Қазан, 2020

Жаңарған, жарқыраған Петропавл жинақы дамуды қалап отыр

443 рет
көрсетілді

Қазақта «үйі кірсе шыққысыз екен» деген сөз бар. Қай күнде отырған ұясын жұмақтай қылып, әрі сәнді, әрі сайлы қылатын еңбекқор да іскер қожайыны, жол мен жөнді жақсы білетін ісмер бәйбішесі бар үйлер осындай атақ алатын. Осы сөзді қалаға қатысты да айтуға болады. Қазіргі Қызылжар да сондай атауға лайықты шаһарға айналған. Облыс, қала басшыларының іс­кер­­лік әрекеттері қаланы жаңа сапа­дағы деңгейге көтерген.

Тұрғын үй құрылысы бәрінен маңызды

Қызылжар қаласының қонақтар ең көп кіретін қақпасы – Оңтүстік-шығыс ауданында. Еліміздің жүрегі Нұр-Сұлтаннан, Алматы­дай байрақты бас қаладан, жалпы бар­лық байтақ Қазақстаннан автокөлікпен келе­тін­дердің бәрі алдымен осы қақпаны аша­ды. Осындағы ең үлкен көше қаланы қақ жарып, солтүстік-батыс қақпаға бір-ақ жет­кізеді. Ол Кеңес Одағы жылдарында рево­лю­ционер Кировтың атымен аталатын және жартысы Жамбыл атымен жал­ға­сатын. Тәуелсіздік жылдарында көше тұтасымен жыр алыбының атына берілді.

2019 жылдың қара күзінде осы қақпаға Қожаберген жыраудың алып ескерткіші орнады. Бұрын Петропавлда қазақы көрініс жоқ екен дегендерге бабамыздың асқақтаған бейнесі жауап беріп, «бармыз міне, жоғары шық!» дегендей болып шығысқа қарап жол сілтеп тұр.

Жыраудың ескерткішін айналған жолмен қаланың бас көшесі – Жамбыл даңғылына шыққандар бұрын мыжырай­ған ескі үйлерге тап болатын. 4-5-қабатты «хрущевкалар» қандай сүреңсіз болса, одан бергі бір қабатты ескі тамдар да қаланың сұрқын қашырып тұратын. Олар­ды сыйлы қонақтар келерде сырлатып, дуалдарын бюджет есебінен немесе жер­­­гілікті кәсіпкерлердің қалтасынан жөн­детіп қойғанымен ескі үйлер көп болса бір жылдан соң «көн қатса қалыбына бара­ды» дегендей таз қалпына қайта түсетін.

Әрине, қаланың тарихи көрінісін, ежел­гі қалпын сақтау керек. Ол мұнда да ұмы­тыл­ған жоқ. Тарихи құндылығы бар үйлер мен ғимараттар жөнделіп, әрленіп жатыр. Кей­бірі тіпті бұрынғы қалпынан да асып, жайнап кеткен. Бірақ ағаш бөре­не­лерден немесе саманнан қаланған аласа үйлерді сақтау оңай емес. Өйткені 90-100 жыл бойы тұрған бұл үйлердің құры­лыс материалдары әбден шіріген. Іргетасы берік болмағандықтан жартылай жерге кіріп кеткендері де бар. Мұндай үйлерді қалай сақтайсың? Сондықтан оларды сүріп, орнына осы заманғы көпқа­бат­ты жай­наған үйлер тұрғызу қала басшылығы­ның алға қойған мақсаты болып отыр.

Қала әкімі Болат Жұмабековтің айтуы­на қарағанда, реновация бағдарламасын өзгертуге облыс әкімі Құмар Ақсақалов­тың өзі басшылық жасаған. «Қаланың ішін­дегі ескі, құлағалы тұрған үйлерді бұзу арқылы біз инфрақұрылымы жақсы жер учас­келерін босатамыз. Соның нәти­же­сінде қала құрылысына бюджеттік қара­жат қана емес, жекеменшік капитал да құ­йы­лады. Өйткені жекеменшік иелері инфра­құ­рылымы жоқ жерге құрылыс салуға ықтиятты емес, олар нақ осындай жер­лерді қалайды. Жол, су, жарық, жылу тарту сияқты қосалқы шығындарды ешқан­­дай инвестор қаламайды. Қазірдің өзінде он шақты компания осындай, ескі үйлер­ден босаған жерлерге құрылыс тұр­ғызуға ниет білдіріп отыр. Сөйтіп біз қа­ла­ның аумағын далитып жібермей, ішкі жер есебінен биікке өсіруді мақсат етіп отырмыз. Ал Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкісінде қаражат жинап жүрген тұрғындар жекеменшік компания­лар салған үйлерді жедел сатып алуда», дейді Болат Серікұлы.

Реновация бағдарламасымен 2020 жыл­­дың соңына дейін 350 отбасы құла­ғалы тұр­ған ескі үйлерден көпқабатты жай­­лы пә­тер­лерге көшіріледі. Құрылыс бү­­гін­гі қарқынынан таймай, тоқтамай жүр­гі­зіл­се, тіпті 500 отбасы да жаңа үйлер­ге к­ө­­шіп қалуы мүмкін. Осы бағдарла­­маға сәй­кес тұтас тұрғын үй орамдары жаңартыл­мақ.

Егер 2017-2019 жылдары 724 ескі үй бұзылған болса, тек 2020 жылы ғана осын­дай 283 қонысты сүру жоспарланған. Бар­лық сүрілген үй иелерінің 90 пайызы жаңа, жайлы үйлерге көшірілді. Әрине, ескі үйлерін ардақтап, шектен тыс жоғары бағаны талап етіп, соттасып отырып алатындар да жоқ емес. Қала билігі осылайша кейде құрылыс қарқынын төмендетіп алады. Өйткені сот процестері ұзаққа созылып кетіп, құрылыс алаңы босамай жатады. Соның өзінде 2017-2019 жылдары жаңадан 39 көпқабатты тұрғын үй тұрғызылған. Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға сәйкес осы кезеңде 2726 адам қоныс то­йын тойлады. Оның ішінде 974 отбасы ипотека, 686-сы жалға алу, 142-сі «7-20-25» бағдарламасы бойынша үйлер алды.

2016-2019 жылдары пайдалануға берілген 39 көпқабатты үйдің аумағы 529,8 мың шаршы метр болса, соның ішінде 2016 жылы – 99 шаршы метр, 2017 жылы – 135,6 шаршы метр, 2018 жылы – 141,6 шаршы метр, 2019 жылы 153,6 мың шаршы метр салынды. Көріп отырғанымыздай, тұрғын үй салу қарқыны жыл сайын өсіп келеді. Аталған кезеңде берілген барлық пәтер саны – 4197.

Бірақ бір қызығы, тұрғын үй алу кезегіне тұрған әлеуметтік әлсіз топтар өкілдері де азаяр емес. Мәселен, 2016 жылы олар 4345 болса, 2017 жылы – 4922, 2018 жылы – 5530, 2019 жылы – 5515 болған. Ал көпбалалы аналар 2016 жылы 181 болса, 2017 жылы – 220, 2018 жылы – 273, 2019 жылы 196-ға жеткен. Осының өзі қаладағы халық санының өсіп жатқанын көрсетіп тұр.

Бүгінгі таңда тұрғын үй алу бойынша әкімдіктің есебінде 5771 әлеуметтік әлсіз топ өкілдері, 272 көпбалалы ана, 1733 жетім бала, 64 соғыс қимылдарына қатысқандар тұр.

Қазір қалада 118 құлағалы тұрған және 19 апатты үй бар. Ал жалпы айтқанда бұрыннан келе жатқан бір қабатты 14,5 мың жекеменшік үйдің 12 мыңға жуығы.

Сонымен бірге Петропавлда бұрыннан бар көпқабатты үйлердегі пәтерлердің бағасы жоғары. Мұның себебі жаңа үйлердің жетіспейтіндігінен болып отыр. Қалай десек те Петропавлдағы тұрғын үй құрылысы бұрынғы кезбен салыстырғанда көш ілгері. Оның басты көрінісі – Жамбыл көшесінің бойындағы ескі үйлердің тегіс сүріліп, орынына кең, жарық, биік үйлердің салынғаны. Бұл шағын аудан қазір «Жас өркен» деген жаңа, әдемі атау алған. Осы шағын ауданда 900 орындық қазақ мектебінің ғимараты ашылды. Оған қаланың ортасындағы оқушыларының саны белгіленген нормадан екі-үш есе асып, қысылып-қымтырылып отырған Қожаберген жырау атындағы мектеп көшіп кірді. С.Мұқанов атындағы қазақ театрының да салынып жатқан жаңа ғимараты жылдың соңына дейін ашылмақ. Бұрын қала тұрғындары бұл аумақты «ДСР» (дорожно-строительный район) деген қалың жұртқа белгісіз атаумен атайтын. Ол қаланың бір артта қал­ған, дамымаған ауданы саналатын. Бұл жақ­қа салдырлаған ескі, қыста суық, жазда ыстық троллейбустар ғана жүріп, қала­лық­тарға қолайлы болмайтын. Жері құр­ғақ бол­ғанымен тұрғындар бұл жақта тұруға ықыласты емес еді. Енді бұл аудан қала­ның сәнді, саялы ауданы болыпты. Халық осы жақтан үй алуға құштар болып, елеңдеп отырады.

Реновация бағдарламасы бойынша жаңғыртылуға тиісті шағын аудандардың бірі – «Копай». Көзі қарақты оқырман жазушы Сәбит Мұқанов «Өмір мекте­бін­де» си­паттайтын не нөмірі жоқ, не көшесі жоқ, «быт­қыл-бытқыл үйлері жы­пыр­лаған» аудан осы болатын. Дәл сол күйінде ол осы кез­­ге дейін келді. Мұн­дағы көшелерге ав­то­­­бус­­тар да кіре алмай­ды. Жол да жоқ, әй­теуір құ­­ж­ынаған тұрғындар ғана болатын.

Кеңес Одағы жылдарында да, Тәуелсіз­дік кезінде де қаланың орталығын­да орна­ласқан осы ауданды сүруге ешкімнің батылы бармаған. Өйткені мұндағы үйлерге ежелден бірнеше отбасыдан тіркеліп алған. Кеңес жылдарында тіркелген адамдар санына қарай жаңа үй берілетін болғандықтан шамадан тыс, тым көп адамға сапалы қоныс беруді сол кездегі билік қаламаған. Тәуелсіздік кезінде де әкімдер қаланың бұл «бытқылына» тісі батып, қол сұға қоймады. Енді облыс әкім­­дігі осы ауданның жыпырлаған ескі үй­лерін сүріп, орнына 21 көпқабатты үйлер­ден тұратын кешен тұрғызуды жос­парлап отыр.

Жалпы, 2020 жылдың бюджетінде Петропавл қаласы бойынша тұрғын үйлер салуға 18,5 млрд теңге қарастырыл­ған. 2021-2025 жылдарға Петропавл қаласы­ның әкімдігі 174,4 мың шаршы метр тұр­ғын үйді пайдалануға беруді жоспарлау­да. Бұл жыл сайын 2500-3000 пәтер бері­леді деген сөз. Сөйтіп, 5 жылда 22 мың адам қоныс тойын тойлайтын болады. Осындай мұрат-мақсаты жоғары жоспар­ды Пет­ропавл қаласының билігі Тәуел­сіз­дік жыл­дарында алдына ешқашан қоймаған еді.

Қалалық мәслихаттың кезекті сессия­сында ескі айналмалардың бәрін жаң­ғыртуды мақсат еткен «Жаңа қала» атты бағдарлама қабылданды. Ол жоғары­да аталған мақсаттарды іске асыруды көз­деген. Соның ішінде қала ішіндегі бар­лық ескі үйлерді сүріп, айналмаларды тегіс жаңғырту, олардың тұрғындарын тегіс жаңа үйлерге қоныстандыру міндеті бар. Сөйтіп, ескі Қызылжар толықтай жар­қы­ра­ған жаңа қалаға айналмақ. Оған қол жет­кізудің жолында біртұтас тұрғын үй сая­сатын іске асыру, тұрғын үй қорын рено­ва­циялау сияқты міндеттер қолға алынған.

 

Басқа құрылыстар да бастан асады

Көпқабатты үйлерді күрделі жөндеу­ден өткізу де – құрылыс жұмыстары­ның бір саласы. Ол «2020 жылға дейінгі аймақтарды дамыту» бағдарламасы негізінде іске асырылуда. 2016-2019 жылдары 165 үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал биыл кезекте 46 үй тұр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс комитетіне 2021-2023 жылдарға 2,6 млрд теңгенің бюджеттік сұранымы жіберілген. Ол 38 үйдің төбесін жөндеуге, 8 үйдің 20 лифтін жаңартуға жетеді.

Балалардың ойын алаңы да қала билі­гінің бір бүйірінде жүреді. Қазір ша­һарда 586 аула болса, соның 341-де бала­лар­дың ойын алаңдары тұрғызылған. Бұл – барлық алаңның 58 пайызы деген сөз. 2019 жылға дейін соның 283-і тұр­ғы­зылған еді, ал биыл тағы да 57 алаң іске қосылды. Жас тұрғындарға өз ау­ла­лары­ның көз тартарлық әдемі бол­ғаны керек. Сонда еліне, жеріне деген сүйіс­пеншілік оянары хақ. «Алдымыздағы үш жылда 245 ауланың ішінде балалар алаң­дары тұрғы­зылса, біз бұл мәселені түпкі­лікті шешер едік», дейді қала басшысы Б.Жұмабеков.

Соңғы жылдары Петропавлдың спорт­тық жетістіктері республика көлемі ғана емес, дүниежүзілік аренада көрініп жүр. Соның ішінде Олимпиада чемпионы Александр Винокуров Қызылжарда вело­сипедшілер мектебінің дамуына да үлесін қосып келеді. Қазір оның атында велосипедшілердің спорт сарайы да бар. Сонымен қатар 2016-2019 жылдары 35 шағын футбол алаңы, 31 тренажерлық кешен, көшеде гимнастикамен айналысуға арналған «Street workout» алаңдарының төртеуі салынған. Бұлар кемінде 5 мыңдай адамды қамтиды. Соның нәтижесінде 2019 жылы футболдан балалардың 22 командасы құрылған.

2020 жылы балалардың спорттық инфрақұрылымдарын дамыту жалғасын тапты. «Қарасай» стадионының маңында даладағы тренажерлер, баскетбол және волейбол алаңдары тұрғызылды. «Динамо» ста­дионы да жаңғыртылуда. Мұнда да Street Workout, роллердром, баскетбол, волей­бол және теннис алаңдары салынуда.

Ал алдағы үш жылда қаланың 30 аула­сында спорттық тренажерлер орнату көзделген. 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламада оның санын екі есеге жуық көбейту жоспарланып отыр. Сөйтіп балалар мен жасөспірімдердің ғана емес, барлық тұрғынның дене шынықтыруы мен сауығуына жақсы жағдай жасалады.

Қала тұрғындарының демалыс орын­дарының санын көбейту де күн тәртібінен түспейді. Бұл қала сәнін де арттырып, адамдардың эстетикалық талғамдарын оятуға ықпал етеді. Қазір Қызылжар көше­лерімен жаяу келе жатқан адам көптеген әдемі скверге отыра кетуге мүмкіндігі бар. Оны декоративті ою-өрнектермен әрлендіріп қойғаны көздің жауын алады. 2016-2019 жылдар аралығында бір ғана Жәлел Қизатов көшесінің бойында осындай алты сквер орнатылған. Жамбыл көшесінің бойынан да осындайдың бірнешеуі ұйымдастырылған. Ал М.Жұ­мабаев пен К.Сүтішев көшелерінің қиы­лысындағы «Ана мен бала» сквері көр­кемдік шешімінің жоғарылығымен тәнті етеді. 20-шы шағын ауданда жаңадан ашылған мешіттің маңындағы субұрқағы бар «Қызылжар» кешені де тұрғындардың көзін тартады. Жалпы, осы жылдың соңына дейін қала аумағында тағы да 5 сквер іске қосылмақ. Оның рахатын маңында қоныстанған 15 мыңнан аса адамнан басқа жүргіншілер мен жолаушылар да көруде. Олардың қатарына «Береке» шағын ауданындағы, Е.Брусиловский мен «Казахстанская правда» көшелерінің қиылысындағы, Қазақ театры мен вокзал алаңындағы скверлер жатады.

Қаланың сәнін келтіретін құрылыстар ғана емес, жолдардың да тиісті талапқа сай болуы ғой. 2019 жылға дейінгі төрт жылда Қызылжардың 56 көшесінің бойындағы 71,8 шақырымдық ішкі жолдары жөн­делген. Биыл бұл жұмыстар біршама сая­бырлап, Семашко, Алтынсарин көше­лерінің бойындағы 1,9 шақырым жолмен шектелген. Өйткені қаланың орталық көшелеріндегі жолдардың негізгі бөлігі қалыпқа келтірілген. Ал келесі жылы Кре­по­стной көшесінің бойындағы ұзындығы 0,9 шақырым жолды жөндеу көзделген.

Аулалардың асфальтталуы да қала билігінің назарынан қағыс қалмайды. Жыл соңына дейін қаланың барлық 586 ауласының 459-да тас жолдар жөнделіп бітеді. Бұл 78 пайыз деген сөз. Биыл соның ішінде 98 ауланың жолы жөнделген. Қала басшысы 2022 жылдың соңында Қызылжардың барлық ауласын асфальттап боламыз деп отыр.

Қала көшелерінің түнгі мезгілде жарық болуы адамдардың жүріп-тұруына ыңғайлы әрі қауіпсіздік үшін керек. Жарқырап тұрған жерлерде түрлі қылмыс жасауға суық қолдылар мен бұзақылар да именіп жүреді. 2016-2019 жылдарда Қызылжардың 15 көшесіне бұрынғы лампылар ауыстырылып, энергия үнемдейтін 3505 диодты шамдар ілінген еді. Бұл қала бюджетіне 11 млн теңгені үнемдеуге мүмкіндік тудырған. Ал биылдың өзінде ғана қаланың 16 көшесінің шамдары энергия үнемдегіш әрі жарығы мол шамдарға ауыстырылды. Бұл шамдардың бір артық­шы­лығы сол, түн түнегі түнерген сайын жарығы өздігінен молая береді. Ал қараң­ғылық тым қоюланбаған ымырт пен таңғы мезгілде жарықты азайтады. Биыл осындай 2846 шам бұрынғының орнына орнатылды. Оның 896-сы қала бюджетінің есебінен алынса, қалғаны Еуропалық қайта құру және даму банкінің бөлген қаражаты есебінен алынған. Сөйтіп, қазір қаланың 100 мыңнан артық тұрғыны түнгі жарқыраған жарыққа қол жеткізіп отыр.

Қала ішіндегі жолаушылар тасымалы осы күнге дейін Қызылжардың күрделі мәселелерінің бірі болатын. Ресейдің 23 орындық ескі автобустары қала тұрғындарын тасымалдауға қолайсыз. Есік­­тегі тік баспалдақтарынан кіріп-шығу­дың өзі бір күш. Талай адам сүрініп жығы­лып, жарақаттанып жатқанын да ести­тін­­біз. Қала басшылары да осы тарапта тұр­­ғын­­дардан үнемі арыз-шағым естіп жатады.

Қазір облыс әкімінің тапсырмасымен қала маршруттарының жүйесі тексерілген. Күніне тұрғындарды тасымалдауға 220-230 автобус маршрутқа шығады екен. Енді Қазақстанның даму банкінен 7 па­йыздық өсіммен ғана алынған лизинг арқылы Қызылжарға 100 автобус алынады. Бұл – 23 орындық салдыраған көлік емес, ұзындығы 9 метрге дейін жететін 50-60 кісілік үлкен автобустар. Қала көше­леріне осынша автобус самсап енгенде Қы­зыл­жар одан әрі жайнай түсері сөзсіз.

Сонымен қатар қала билігі қазір Алматы­ның «Көлік және коммуникация ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-мен келісімшартқа отырып, бағыттарды оңтайландыру жұмыстарын жүргізуде. Ал «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес «ALEMPAY» ЖШС көмегімен электронды билет сату жүйесі де енгізілмек. Бұл тасымал­даушылар жұмысының мөлдірлігін қам­­тамасыз етіп, олардың табысын жасы­рып, салықтан жалтаруына жол бер­мейді. Сонымен қатар тиісті тасымал жеңіл­діктерін (қарт адамдар, оқушылар мен студенттер) іске асыруға да қолайлы. Жыл соңына дейін осы жүйе Петропавлда ен­гізіледі. Бүгінгі таңда «ALEMPAY» ЖШС осы валидаторларды қою жөнінде үш тасымалдаушымен келісімшартқа отырып үлгерді. Ал қолма-қол ақшасыз есептесу «Кcell» ұялы байланыс операторы арқылы іске асырылады.

Қызылжарда былтырдан бері «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы ашыл­ғанын республика тұрғындары жақсы біледі. Осында 4 аймақ қазір қол­дану­шыларға берілген. Соның ішінде Парковая көшесіндегі аумағы 15 га болатын аймақ электр трансформаторларын шығаратын Петропавлдың зауытына; «Береке» шағын ауданындағы 7,3 га аймақ германиялық ауыл шаруашылығы техникаларын шыға­ратын «CLAAS» компаниясына; 160 га тең 3-ші аймақ «ТЭЦ-2»; 15 га тең 4-ші аймақ көпбейінді аурухана құрылысын бастаған түрік компаниясына берілген. «Qyzyljar» ЕЭА-ның жалпы көлемі – 197,3 га.

Сонымен бірге жергілікті билік аймақ­қа инвестицияны молырақ тарту мақ­сатымен кейбір отандық және шетелдік компанияларға жеңілдікпен жер бөлген. Соның ішінде вагон шығаратын «COOL INFINITY» ЖШС, фанер шығаратын «Северный фанерный завод» ЖШС, тауық өсіретін «Петропавловский бройлерный комбинат» ЖШС бар. Бұлар жаңа жұмыс орындарын ашып, салықты арттырып, аймақтың экономикалық дамуына үлес қосады деген үміт бар.

Жекеменшік үй салушыларға да жер телімдері берілген. Барлығы 756 тұрғынға осындай участоктар бөлінген, соның 493-і – «Солнечный – 2» шағын ауданында.

Қызылжардың бір ерекшелігі – мұнда темірден салынған гараж көп. Ондайлар қаланың ортасындағы үйлердің ауласында да, тіпті магистральды көшелердің бойында да жетерлік. Қазір соның арасынан 1356 рұқсатсыз салынған гаражды бұзу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 181 гараж бұзылған. Одан босаған жер аумақтарын да тиімді пайдалану көзделген.

Еліміздің «Солтүстік қақпасы» атан­ған, қазақы атауы ежелден Қызылжар болып келген Петропавл қаласының құ­ры­лыс, көлік, жол және басқа да инф­ра­құрылымдар саласындағы бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай.

 

ПЕТРОПАВЛ