Кеше Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев кезекті баспасөз конференциясында алдағы Қазақстан судьяларының VI съезіне қатысты бірқатар мәліметтерді ортаға салды.
Біздің еліміз бен қоғамда аса маңызды рөл атқаратын және жалпы құқықтық мемлекеттің негізін қалайтын сот жүйесіне мемлекет әрқашан назар аударып келеді, деді ол.
*Қазақстан судьяларының VІ съезі қарсаңында
Кеше Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев кезекті баспасөз конференциясында алдағы Қазақстан судьяларының VI съезіне қатысты бірқатар мәліметтерді ортаға салды.
Біздің еліміз бен қоғамда аса маңызды рөл атқаратын және жалпы құқықтық мемлекеттің негізін қалайтын сот жүйесіне мемлекет әрқашан назар аударып келеді, деді ол.
Мемлекет басшысы үстіміздегі жылдың 6 қазанында Қайрат Мәмиді Жоғарғы Сот төрағалығына тағайындау барысында қазақстандық қазылардың кәсіби біліктілігін одан әрі арттырып, жалпы сот жүйесіндегі аса өзекті мәселелерді түбегейлі шешу жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Қазақстанда 1996 жылдан бастап төрт жылда бір рет судьялар съезі өткізілуде. Онда сот жүйесіне қатысты өте маңызды шешімдер қабылданып тұрады. Алдағы 20 қарашада елордада Қазақстан судьяларының VI съезі болады. Осыған орай съездің күн тәртібі және осы уақытқа дейін атқарылған істер туралы сөз алған Судьялар одағының төрағасы Анатолий Смолин кеңінен әңгімелеп берді.
Оның айтуы бойынша, Қазақстан судьяларының съезі төрт жылда бір рет өтеді. Әр съездің өзіндік алар орны бар, мазмұны мен мәні зор. Сол 1996 жылы өткізілген судьялардың алғашқы съезінде Судьялар одағы құрылды. Содан бері аталған одақ өзінің дәрмені мен пәрменін нақты оң істер арқылы көрсетіп келеді. Судьялар одағының жоғары органы – съезд болып табылады. Судьялар одағының V съезінде сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Назарбаев қоғамда сот жүйесі мен судьялардың беделі өсіп келе жатқанын атап көрсетіп, болашақ бағдарлама ретінде соттар қауымдастығының алдына бес басты мақсатты айқындап берген еді.
Әрине, енді қазір сырғып өткен сындарлы жылдардың қорытындыларына назар аударатын болсақ, сот жүйесі саласындағы бірталай күрделі мәселелердің шешіліп, жауапкершілігі белгіленген үлкен міндеттердің абыроймен орындалғанына көз жеткізуге болады. Қоғамдық қатынастардың орынды шешілуі, заңдылық қағидатының басты бағаға ие болуы, қабылданған сот қаулыларының пәрменділігі мен тиімділігі, бұқара халықтың сот қызметіне деген сенімінің артуы және басқа да көрсеткіштер сот жүйесінің беделі мен қоғамдағы орнын анықтайтын шынайы факторларға айналды. Ең басты нәтиже – азаматтар мен қоғамның сот жүйесіне, судьялардың қызметіне деген көзқарастары өзгеріп, олардың сенімінің артқаны деп бағалау қажет.
Еліміздің экономикасының қарышты дамуы, инвестиция, индустрияландыру, инновация салаларындағы реформалық шаралардың жүзеге асырылуы жаңа қоғамдық қатынастардың дамуына және жаңа заңдардың қабылдануына өз ықпалын тигізуде. Міне, осы замана көшінен мемлекеттік биліктің дербес саласы сот билігі де кеш қалмау қажет, яғни елімізде қалыптасқан сот өндірісі мен сот жүйесі үнемі жетілу және нығаю бағытында дамуы қажет.
Соңғы жылдары сот жүйесіндегі мамандандыру саясаты жандандырылып, жаңа міндеттер айқындалып, бұл жұмыс сот-құқықтық реформаны одан әрі жетілдірудің басты бағыттарының бірі ретінде қабылданып отыр. Бұл орайда, сот төрелігін жүзеге асырудағы басты көрсеткіштердің бірі – сот қаулыларының сапалығы мен заңдылығы болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда, республика судьялары өздерінің терең, жан-жақты теориялық дайындықтарын ақталған өмір тәжірибелерімен ұштастырып, өз міндеттерін абыроймен атқаруда.
Мәселен, 2013 жылдың бірінші жартыжылдығында республика соттарында шешім шығару жолымен 154 830 азаматтық іс қаралып, жоғары тұрған сот сатылары 1 689 шешімнің күшін жойып, (1,1 пайыз) 2 195 шешімді өзгерткен (пайыз). Сонымен қатар, үкім шығару жолымен 13 480 адамға қатысты 10 634 қылмыстық іс қаралып, 118 үкім күшін жойып (0,5 пайыз), 971 үкім өзгертілді (3,8 пайыз). Ал қаралған 191 095 әкімшілік істер бойынша небәрі 166 қаулы күшін жойып, 218 қаулы өзгерген (0,1 пайыз). Сонда, қаралған істер бойынша 98,6 пайыз сот қаулылары заңды әрі негізді деп танылғандықтан, заңды күшіне енген.
Келтірілген деректер сот жүйесі қызметінің тиімділігі мен пәрменділігіне шынайы дәлел болады деп есептейміз. Сондықтан екі съезд аралығындағы қол жеткен табыстарымыздың бірі және бірегейі – Қазақстан Республикасындағы сот өндірісі мен сот құрылысына ТМД және басқа шетелдердегі әріптестеріміздің қызығушылық танытуы, біздің жүйені оқып-үйреніп, танысуға ниет білдіруі, яғни, қазақстандық сот жүйесінің халықаралық беделге ие болуы деп бағалау қажет.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотында өткізілген көптеген халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларды, кездесулерді былай қойғанда, Қазақстан Судьялар одағының беделді ұйым – Халықаралық судьялар қауымдастығына (ХСҚ) мүше болып қабылдануы үлкен ізденістер мен тынымсыз еңбектің нәтижесі. Осылайша, елімізде халқымыздың ғасырлар бойы басынан кешірген, өткен өмір жолдарынан бастау алатын, жаңаша, демократиялық қағидаттарды басшылыққа алып құрылған, халықаралық стандарттар талабына сай келетін, дара, қазақстандық сот жүйесінің қалыптасқанын айтуға болады.
Судьялардың V съезінде көтерілген Судьялар әдебінің қағидаттары туралы мәселелер өзінің заңды жалғасын тауып, белгілі бір жүйеге келтірілуі қажет деп есептейміз. Сонымен қатар, соттар қауымдастығы қатарын жаңаша ойлап, мемлекет, сот жүйесінің болашағына патриоттық сезіммен қарайтын, жалынды жігер мен толағай ізденістердің иелері, жаңа толқын – жас судьялардың келуі өте құптарлық жағдай. Дегенмен, судья кадрларын дайындау, іріктеу және таңдау мәселелері бойынша әлі де жан-жақты ойланатын, асықпай толғанатын жағдайлардың баршылық екенін естен шығармау қажет.
Судьялардың VІ съезінде осы айтылған мәселе жөнінде соны пікірлер, орнықты ойлар, ұтымды ұсыныстар күтіледі. Республика сот жүйесінің алдында әлі талай алынбаған асулар, ауқымды міндеттер, айқын мақсаттар бар. Сот жүйесінің дамуы мен судьялар қызметін халық игілігінен, қоғамның мүддесінен бөлек қарауға болмайды. Сол себепті, алдағы Қазақстан судьяларының VІ съезінде сот жүйесінің мемлекетіміздің даму кезеңіндегі атқарып жатқан қызметі мен саяси рөліне тиісті қоғамдық баға беріліп, болашақтағы міндеттеріміз бен мақсаттарымыздың баянды бағдарламасы айқындалады деген сенімдеміз.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».