• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Қазан, 2020

Қызылорда облысындағы жаппай төбелеске қатысты тергеу басталды

864 рет
көрсетілді

Кеше әлеуметтік желілерде Қызылорда облысы Сырдария ауданы Тоқмағамбетов ауылындағы күріш егістігінде болған төбелестің видеосы тараған еді. Осы оқиға жайлы брифинг өткізген облыстық полиция департаменті өкілдерінің айтуынша жанжал «Тоқмағамбетов жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі егістікті күзетуші «AzamatSecurityGroup» күзет агенттігінің қызметкерлері мен ауыл тұрғындарының арасында туындаған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Келіспеушілік кезінде қызметтік травматикалық қарумен аспанға бір мәрте ескерту оғы атылған және күзетшілер басқарған автокөлік адам қаққан. Осыған байланысты Сырдария аудандық полиция бөлімі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 252-бабымен күзет қызметкерлерінің өкілеттіктерін асыра пайдалану дерегі бойынша  қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдары жүргізілуде.

Оқиға орнында тиісті құзырлы органдардың өкілдері облыстық және аудандық прокуратура мен полиция департаменті басшылығы жиналған тұрғындарға заң шеңберінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Күріш алқабында болған жанжалда «А.Тоқмағанбетов» ЖШС-нің заңгерін ұрып, дене жарақатын салған тұрғындар  да тергелуде. Қазір тиісті сараптамалар тағайындалып, қорытындылары күтіліп отыр. Тергеу барысы облыстық прокуратура және полиция департаменті бастығының бақылауында тұр.

Құқық қорғаушылардың хабарлауынша, қазір екі тарап келісімге келіп, ахуал тұрақталған.