Композитор өз шығармаларына тақырыпты қалай іздейді, қайталанбайтын әуендер мен бейнелерді, сюжеттерді қайдан табады? Жуырда ғана елордалық журналистердің бірімен осы тақырыпта әңгімелесіп едім. Оған және классикалық музыкаға шынайы берілген жандарға 60 жыл бұрын дүниеге келген «Шаттық отаны» туралы әңгімелеп бергелі отырмын. Алдымен айтып қояйын, бұл шығарманың авторы КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, аса көрнекті композитор, келер жылы 90 жылдығы тойланатын менің әкем – Сыдық Мұхамеджанов.
Композитор өз шығармаларына тақырыпты қалай іздейді, қайталанбайтын әуендер мен бейнелерді, сюжеттерді қайдан табады? Жуырда ғана елордалық журналистердің бірімен осы тақырыпта әңгімелесіп едім. Оған және классикалық музыкаға шынайы берілген жандарға 60 жыл бұрын дүниеге келген «Шаттық отаны» туралы әңгімелеп бергелі отырмын. Алдымен айтып қояйын, бұл шығарманың авторы КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, аса көрнекті композитор, келер жылы 90 жылдығы тойланатын менің әкем – Сыдық Мұхамеджанов.
...Қимас әрі аяулы жанды – ананы жоғалтудан асқан қандай қасірет-қайғы бар? Осы бір жайдың әкеме қатты соққы болып тигенін, шыбын жанын қоярға жер таппай қысты күні аяғы ауыр анамды жетектеп алып көшеде, бұрылыстарда ерсілі-қарсылы жүргенін, қанаты қайырылған құсқа тән шарасыздықпен «Апа-а! Апа-а!» деп ботадай боздағанын анам айтып отырушы еді. Ал анам осы қайғыны жұбайым көтере алмай ма деп қорыққанымен, өзінің және болашақ өмірге келер сәбидің әкеме сүйеніш болатынына, оны шарасыздықтан, күйзелістен алып шығатынына сенген сияқты. Алланың кеңдігін көрмейсіз бе, құтқарушысын жіберген. Яғни, өмірге тұңғыш баласы – мен келдім!
Ал, ақылды жар атанып, әкемнің шығармашылық музасына айнала білген анам (әкем «Менің Қалдушкам» деп еркелететін) бірде жұбайының қолына Жамбыл Жабаевтың өлеңдер жинағын ұстатады. Оның ішінде «Шаттық отаны» поэмасы да болған. Сонау бір қиын да қатал 1941 жылы өзінің атақты «Ленинградтық өрендерім» атты өлеңін жазған ұлы ақын «Шаттық отаны» поэмасына Отанымыздың сұлулығы мен күшін, халқының ерлігін, алдағы күндерде атамекеніміздің гүлденетінін, келер ұрпақтың бақытты өмір сүретінін арқау еткен.
Жамбыл жырларынан шабыт алған менің әкем қайғының құндағынан және рухани әлсіздіктен бір мезет босап шыққандай болады. Сөйтіп, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның екінші курс студенті, профессор Евгений Брусиловскийдің шәкірті алғашқы ірі шығармасын жазуға отырады.
Осы арада «Шаттық отаны» шығармасын жазуға әкеме өзімнің де «көмектескенімді» айта кеткім келіп отыр. Едені жер, үстіне киіз бен көрпеше төселген жалға алған кішкене ғана үйде тұрамыз. Енді ғана еңбектеп жүрген кезім болса керек, әкемді (анам мектепте жұмыста) айналшықтай беремін, мазасын аламын. Ол өзінің симфониялық күйін бітіруі және сонымен бір мезетте өзінің тұңғышы мені де көзінен таса етпеуі керек. Кезекті 4-6 тактіні жазар кезде әкем былғары кебісті барынша әрі қарай лақтырып жіберіп, «әкеліп берші» дейді. Мен қуанып томпаңдай жөнелемін. Кебіске тез жетіп (ал әкеме менің жәй барғаным керек), әлгіндегі болмай алып келемін. Әкем мені мақтайды да, әлі бітпеген нота қағаздарына қайта қарап, кебісті бар пәрменімен одан әрі лақтырып жібереді. Бірақ кебіс ол жақта көп жатпайды. Өйткені, мен де күйдің ырғағымен жұмыс істеймін ғой. Міне, осылай, «әкем екеуміз» оның керемет туындысы – «Шаттық отаны» күйін уақытылы бітіргенбіз!
Премьерасы Консерваторияның залында 1953 жылы керемет табыспен өткен. Сол сәттерді анам былайша еске алатын: «Бәрі «браво!!!», «бис!!!» деп айқайлап, дуылдата қол соқты. Шамғон Қажығалиев бас дирижерлік жасайтын Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінің музыканттары жарты сағат бойы түрегеп тұрды...».
Сол жылы Жастар мен студенттердің Бухаресте өткен бүкіләлемдік фестивалінде КСРО-дан шыққан халық аспаптарымен өнер көрсететін жалғыз ұжым, яғни, Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрі Құрманғазының «Сарыарқа» күйін, М.Глинканың «Вальс-фантазия» шығармасын және Сыдық Мұхамеджановтың «Шаттық отаны» күйін орындап, фестивальдің бас жүлдесі мен алтын медалін қанжығаларына байлайды.
Әкем фестивальден келген бетте оны Жамбыл атындағы республикалық сыйлыққа ұсынады. Сөйтіп, екінші курстың студенті орысша айтқанда, «таң атқанда атақты болып оянады».
«Шаттық отанының» концерттік тағдыры өте бақытты. Бұл күй ел ішінде және шетелдерде өте көп орындалды. Музыкатанушылар кезінде оны «республиканың музыкалық эмблемасы», сондай-ақ, «Қазақстанның ресми емес әнұраны» деп атады. Күнделікті таңертең радиодан ҚазКСР әнұранынан кейін тыңдармандарды «Шаттық отанының» салтанатты әрі жарқын әуені қуантып отыратын.
Көзкөргендер мен анам премьера барысынан мына бір жайтты да ұдайы еске алатын. Кештің қаһарманына ақшашты, келбетті, иығына шәлі жамылған әйел – алматылық консерваторияның студенттерін «музыкалық шығармаларды талдау» пәні бойынша оқытып жатқан ленинградтық профессор Варвара Дернова жақындап: «Бұл – ұстаз өзінің шәкірті үшін мақтанатын оқиға. Жарайсың, Сыдық, құттықтаймын! Бұл – нағыз музыка. Оның өмірі ұзақ болады», – дейді.
Айтқаны келді. «Шаттық отаны» өмір сүруде. Қазақстандықтардың көптеген буыны оны радиодан, теледидардан, концерттік алаңдардан тыңдап өсті.
Сыдық Мұхамеджанов еліміздің музыка мәдениетінің тарихында тұңғыш рет опера сахнасына «Жұмбақ қыз» (Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасы бойынша) арқылы көрнекті тарихи тұлға, бұл күндері 300 жылдығы тойланып жатқан Абылай ханның образын алып шықты. Ол осы азаматтық әрі шығармашылық қадамы үшін сол уақытта «идеологиялық жағынан жетілмеген композитор және ұлтшыл» атанған. Бұл 1971 жыл еді. Әкемнің екі рет инфаркт алуы Абылай ханның образы үшін берілген «қаламақы» сынды болды. Ал қазір Абылай хан атында елімізде көптеген көшелер мен даңғылдар, ірі оқу орны, ескерткіштер бар. Адамдар Шора Үмбеталиевтің орындауындағы Абылай ханның арияларын да ұмытқан жоқ. Сондықтан Сыдық Мұхамеджановтың рухын сыйлай отырып, біз оның музыкасын «заманауиландыруды, келбетін өзгертуді» емес, сол музыканың (мәтіннің де) рухына сай болуды ойлауымыз керек.
«Шаттық отаны» өмірге қалай келді? Күйдің алғашқы әуендері саман үйдің ішіндегі әкемнің домбырасынан төгілді. Бұл Ақборықтай анасын жоғалтқан әкемнің жан күйзелісін емдеу үшін өзінің жан жары мен тұңғыш сәбиіне деген махаббатынан, туған жердің ұлылығына тағзым етуден туған үміт пен шаттықтың, жарық сәуленің гимні еді. Әкемнің 80 жылдығында баяндама жасаған атақты музыкатанушы Гүлнәр Ғизатова «Шығармашылық адамдарының жан әлемінде қызықты жайттар орын алады. Олардың өмірдегі сезіністері партитураларына өтеді. Міне, Сыдық Мұхамеджановтың атақты құрдасы, қиын күндер мен оқиғаларды басынан аз өткермеген грузин композиторы Гия Канчели «Атамекен мұңы» симфониясын тудырды... Ал, Сыдық ағаның қаламынан (қайтпас қайсар мінезі үшін ұстазы «шақпақтас» атаған) «Шаттық отаны» өмірге келді», – деген еді.
Ләйла МҰХАМЕДЖАНОВА,
музыкатанушы, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі.
Суретте: (солдан оңға қарай) Қазақстан Композиторлар одағының басқарма мүшелері – Қ.Қожамьяров, С.Мұхамеджанов (төрағасы), Е.Брусиловский, Б.Ерзакович.