Көптің көңілін екіұдай пікірдің елесі кезіп жүр. Оған себеп, әлем жұртшылығын әбігерге салған дерттің екінші толқыны елімізде орын ала ма, алмай ма деген сауал. Қайғы мен уайымды қатар алып келген індеттің қайталанбағаны абзал ғой, әрине. Дей тұрғанмен кезбе дерт кейбір елдерде екінші мәрте қылаң беріп жатқаны байқалады. Алысқа ауыз салмай-ақ елордамыздағы ахуалға тоқталып көрсек.
Қателіктер қатерлі дертті асқындырады
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде Covid-19 жұқтырған 108 901 адам тіркелген. Соңғы тәулікте 70 азаматтан ПТР арқылы індет анықталды. Сондай-ақ 162 адам коронавирустан емделіп шықты. Жалпы жазылғандар саны – 104 203. Өткен тәулікте коронавирус белгілері бар пневмонияның 4 жағдайы және 2 өлім жағдайы тіркелді. Оған қоса 10 адам емделіп шықты. 1 тамыздан бастап ауырғандар 34 913 болса, оның ішінде 370 өлім жағдайы тіркелді, ал жазылып шыққандардың саны 27 709-ға жетті.
Жағдайдың тұрақтанғанына қарамастан карантин шараларынан біз күткен нәтиже болмай отыр. Науқастар саны қайтадан өсуде. Азаматтар санитарлық дәрігердің айтқан талаптарын орындамаса, тағы да қатаң карантин режіміне оралуымыз әбден мүмкін.
Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратұлы ауру қайталанған жағдайда елорданың медициналық дайындығы жоғары екенін айта келіп, алғашқыдағы қателіктер қайталанбауы үшін жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын алға тартты.
«Ең бірінші мақсат – алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсету ұйымдарының жұмыс сапасын арттыру. Бұл бағытта жұмыс іске асырылып жатыр. Егер адамның дене температурасы көтерілсе, қызу, жөтел байқалса, бірінші емханадағы медициналық көмекке немесе жедел жәрдем қызметіне жүгінеді. Осылайша осы екеуінің арасындағы өзара әрекеттесуді қамтамасыз ету үшін арнайы алгоритм бекітілді. Науқас осы екі кезеңде медициналық көмекке жүгінген кезде оның денсаулық жағдайына баға беру басты назарға алынады. Керек болса, оны ауруханаға жатқызу немесе алғашқы медициналық санитарлық көмек ұйымдарында медициналық көмек көрсету, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп, үй жағдайында емдеп шығу маңызды. Осындай шараларды қолданудың себебі неде? Бастапқыда науқасқа тиісті медициналық көмек көрсетілмей, аурудың асқынуына жол берсек, біздің тарапымыздан ұсынылған төсектік орындар, медициналық ұйымдарды қамтамасыз еткен медициналық жабдықтардың мәні болмайды. Біз олай медицина жүйесінің сапасын арттыра алмаймыз. Бүгінде қалада коронавирус инфекциясына арналған биоматериалдарды зерттеуге арналған 13 зертхана бар. Зертханалардың жалпы қуаттылығы тәулігіне 7 мың сынаққа дейін жетеді. Қазіргі уақытта 423 мың зерттеу жүргізілді, оған қоса 162 мыңға жуық сынақ бар. Жалпы қуаттылығы тәулігіне 1 440 сынақтан тұратын 9 изотермиялық зертханалық кешен сатып алу жоспарлануда», дейді басқарма басшысы.
Жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр
Коронавирус инфекциясы қайталанған жағдайда Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі күзгі-қысқы кезеңге дайындық жұмыстарын толықтай жүргізген.
«Індеттің күзгі-қысқы кезеңінде алдын алу және емдеу бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді. Симптомсыз және COVID-19 жеңіл түрде өтетін және олармен байланыста болған адамдардың денсаулығын қашықтан басқару жұмыстары емханаларда жалғасады. Сондай-ақ біз мобильді бригадалардың санын 207-ге дейін жеткіздік. Жедел респираторлық аурулармен ауыратын науқастарды қабылдауға арналған фильтр бөлмелер, алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде науқастарға медициналық көмек көрсету алгоритмі әзірленді және ол ЖРВИ, КВИ науқастарды кезең-кезеңімен бағыттауды қамтиды. Жасалған алгоритм салалық ресурстарды ұтымды пайдалану және бірінші толқын кезінде туындаған келеңсіз жағдайларды болдырмауға мүмкіндік берері сөзсіз», деді Т.Мұратұлы.
Ауырлық дәрежесі бойынша азаматтардың ағынын жіктеу мақсатында Қалалық жедел жәрдем стансасы базасында ахуалдық орталық ұйымдастырылған. 103 пультіне түскен қоңырауларды бөлу механизмі 103-тің Chatbot жүйесі (Telegram) арқылы қоңырауларды қабылдау жұмысы жалғасып келеді. Барлығы 2,5 мыңнан аса қоңырау түскен, пандемияның шарықтау уақытында тәулігіне 200 қоңырау болған.
Қажет болған жағдайда қызмет көрсететін жедел жәрдем бригадаларының санын БМСК ұйымдарында 70 бригадаға дейін, станса деңгейінде 100 бригадаға дейін (барлығы 170 бригада) арттыру ойластырылған. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы коронавирустың мүмкін деген екінші толқынының күзгі-қысқы кезеңіне дайындық жұмыстарын толықтай жүргізіп жатыр. Осылайша коронавирус инфекциясымен күресудің 3 кезеңді жоспары құрылды. Бірінші кезеңде медициналық ұйымдар базасында 1 645 төсектік орын орналастыру жоспарлануда. Сонымен қатар көпсалалы медициналық ұйымдар шұғыл және жоспарлы түрде емдеуге жатқызылатын науқастарды қабылдауды жалғастырады. Екінші кезең бірқатар республикалық клиникада қосымша 1 919 кереует орналастыруды қарастырады. Үшінші кезеңде 2 500 төсектік орнымен инфекциялық ауруханалардың жүктемесін қарастыру (70%): 2 090 төсектік орынға арналған қосымша нысан тартылады. Мұның барлығы 5 600-ге дейін жұқпалы төсектік орын орналастыруға мүмкіндік береді, оның 441-і реанимациялық болып қолданылады. Бүгінгі таңда ауруханалар өкпені жасанды желдету аппараты құрылғыларымен (434 желдету құрылғысы) толықтай қамтылған, сондай-ақ 19 компьютерлік томограф, 27 рентген аппараты, 583 оттегі концентраторы және шамамен 1 584 оттегі нүктесі бар.
Қазір елордада сақтық шараларына барынша көңіл бөлініп, жер-жерде тиісті талаптардың орындалуы қатаң қадағалануда. Осы ретте балалардың амандығы үшін мектептердегі жағдай да жіті назарда тұр. Жақында Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері Жанна Пралиева елорда мектептеріне жүргізілген мониторингтің нәтижесін жария етті.
Оның айтуынша, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті білім беру нысандарында карантин шараларының сақталуына мониторинг жүргізді. Қалада барлығы 91 жалпы білім беретін мектеп, оның ішінде 78 мемлекеттік, 12 жекеменшік және 1 мамандандырылған мектеп бар. Оның бәріне түгел мониторинг жүргізілді. Мониторинг барысында 31 мектепте (34,0%) ереже бұзушылықтар анықталды. Мектеп директорының өзі және оқытушылар құрамы, сондай-ақ оқушылардың ата-аналары маска тағу талаптарын сақтамаған. Мектептердің бірінде директор әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар бас санитар коронавирусқа қатысты талаптар сақталмаса, онда қатаң карантиндік шаралардың қайта қабылдануы мүмкін екенін еске салды.
«Есепті кезеңде фармацевтикалық компаниялар қызметінің мониторингі нәтижелері бойынша 102 субъект тіркелмеген дәрілік препаратты сату және дәрі-дәрмектерге белгіленген шекті рұқсат етілген бағадан асып кету фактілері бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұған дейін дәрігерлер мен мамандар бірнеше рет тұрғындарды маска тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау, адамдар көп жиналатын жерлерге баруды шектеу туралы қарапайым талаптарды орындауға үндеу жасады. Бірақ бәріміз көріп отырғанымыздай, бұл талаптар еленбейді және сақталмайды. Егер осылай жалғаса берсе, жалпы қала бойынша КВИ ауруының өсуіне әкелуі мүмкін. Біз белгілі бір қызмет түрлерін тоқтата отырып, қатаң шектеу және карантин шараларын қайта енгізуге мәжбүр боламыз. Осыған байланысты тағы да қала тұрғындары мен қонақтарын шыдамдылыққа, санитарлық ережелерді сақтауға шақырамын. Себебі вирустың таралуы жалғасуда», деді елорданың бас санитары.
Сақтыққа селқос қарағандарға айыппұл салынуда
Елордада карантин режімін бұзғандарды анықтау үшін полиция және тауарлар мен көрсетілген қызметтердің қауіпсіздігін бақылау басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен мобильді топтар рейд өткізеді. Соның нәтижелері бойынша бас санитарлық дәрігердің қаулысын сақтамаған фактілер тіркелді.
Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласының Сарыарқа ауданында «Дәулет» сауда үйінде мониторингтік тексеру кезінде термометр мен дезинфекциялық кілемше болмаған, ал жалға алушылар маска тағу режімін сақтамаған. «Забава» дүкенінде де термометр болмаған. Осы сауда нысандарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Байқоңыр ауданының бірнеше компьютерлік клубтарында, жөндеу пункттерінде, дүкендерінде, моншалары мен кафелерінде осындай бұзушылықтар анықталды. Олардың иелеріне түсініктемелер беріліп, айыппұл салынды.
«Байқоңыр ауданы басқармасында күнделікті рейдтер жүргіземіз. Кейбір субъектілер екі-үш рет жауапқа тартылды. Нәтижесінде олардың жұмысы тоқтатылды. Күн сайын біз 10-нан аса құқықбұзушылықты анықтаймыз, құжаттар жинаймыз, түсіндірме аламыз және СЭС-ке жібереміз. Екі-үш күн ішінде олар тәртіп бұзушыларды шақырады, хаттамаларды толтырады және айыппұл салады. Мұндай рейдтер таңғы 4-5-ке дейін жалғасады. Жүргізілген жұмыстар арқылы бүгінде құқықбұзушылықтар саны азайды», деді Байқоңыр аудандық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Құрбан Таңғышбаев.
Полицейлер карантин тәртібін бұзушыларды анықтап, оларды жауапкершілікке тарта отырып, кәсіпкерлік субъектілері бойынша күнделікті түнгі және күндізгі рейдтер жүргізеді. Сонымен қатар демалыс күндері полицейлер азаматтармен коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жалғастыруда.
Бір тәулік ішінде Нұр-Сұлтан қаласының полиция қызметкерлері тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының өкілдерімен бірлесіп, 141 кәсіпкерлік объектісін тексеріп, 70 карантин бұзушылықты анықтады. Барлық тәртіп бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ елордада коронавирус инфекциясының таралуын болдырмас үшін халықпен жұмыс жүргізілуде. Барлық азамат маска тағу, санитайзерлерді пайдалану және әлеуметтік қашықтықты сақтауы қажет.
Иә, бас шаһарда карантин шараларының сақталуын қадағалау күшейтіліп жатыр. Талаптарға сәйкес келмеген шағын және орта кәсіпкерлік субьектілері жабылуы мүмкін. «Мейрамханалар, кафелер, сауда орталықтары және басқа кәсіпкерлік субъектілері мен ШОБ санитарлық нормаларды сақтамаған жағдайда, біз карантинді қайта енгізуге мәжбүр боламыз», деп хабарлады әкімдік.
Мобильді топтар сауда және ойын-сауық орындарына күнделікті рейдті күшейтті. Елорда тұрғындары мен қонақтары маска тағу тәртібін қатаң сақтауы керек. 5 шілдеден бастап карантин тәртібін бұзған елорда тұрғындары мен кәсіпкерлерге жалпы сомасы 128 665 848 теңгеге 587 айыппұл салынды. Оның ішінде жеке тұлғаларға – 12 809 358 теңге мөлшерінде 267 айыппұл, кәсіпкерлік субъектілеріне – 115 856 490 теңге мөлшерінде 320 айыппұл. Карантинді өрескел бұзушылар – негізінен тыйым салынғанына қарамастан өз қызметін жүзеге асырған тамақтану орындары, азық-түлік дүкендері, түнгі клубтар иелері. Ең өрескел бұзушылар – «Алуа» кафесі (Мұстафина к-сі, 38), Dorffman сыра клубы, «Текила» лаундж-бары (Жеке батыр к-сі, 49), сондай-ақ сұлулық салондары мен азық-түлік дүкендері.
Сонымен қатар 102 фармацевтикалық компанияның қызметіне жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша тіркеуден өтпеген дәрі-дәрмектерді сатқаны және дәрі-дәрмек бағасының шектеулерін бұзғаны үшін 29 фармацевтикалық компания жауапкершілікке тартылып, сотта айыппұл салынды. Айыппұлдың жалпы сомасы 13 864 998 теңгені құрады.
Сондай-ақ қалада шағын және орта бизнес субьектілеріне күнделікті рейд жалғасуда. Өткен демалыс күндері полицейлер, СЭС және әкімдік өкілдері базарлар мен басқа да нысандарды аралады. Белгілі болғандай, кейбір ШОБ өкілдері карантин режімі күшейгеніне қарамастан тәртіп бұзуын тыяр емес. Мысалы, базарлардың бірінің иелері демалыс күндері жұмыс уақытын сақтамағаны үшін үлкен айыппұл төледі. Тағы бір орында тексерушілер кіреберісте санитайзерлер орнатылмағанын анықтады.
«Сауда үйлері демалыс күндері жұмыс істемеуі керек, тек дәріханалар, қоғамдық тамақтану орындары болса ғана жұмыс істеуге құқылы», деп түсіндірді Байқоңыр ауданы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Салтанат Ықыласова.
Мамандардың айтуынша, қазіргі кездегі негізгі бұзушылықтар – жұмыс режімін сақтамау, қоғамдық тамақтану орындарында келушілер санының көп болуы, сатып алушылар мен сатушылар үшін масканың болмауы, әлеуметтік қашықтық сақтамау, нысанның кіреберісінде антисептиктердің болмауы, кей жерлерде келушілер мен қызметкерлердің термометриясы жүргізілмейді. Сондай-ақ жиі кездесетін бұзушылықтар қатарына бұқаралық отбасылық іс-шараларды, кездесулерді, жиындарды өткізу жатады.
9 қазандағы жағдай бойынша барлығы 1 240 рапорт келіп түсті. Оның 627-сі қаралып, 133 766 808 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Оның ішінде 509-ы бойынша 110 196 325 теңге өндірілді. Төрт материал соттың қарауына жіберілді.
Егер құқық бұзушылық анықталған жағдайда, жеке тұлғаларға 30 АЕК (83 340 теңге), заңды тұлғаларға – 230-дан 1600 АЕК-ке дейін (4 млн 445 мың теңгеге дейін) айыппұл салынады. Кінәсін мойындаған жағдайда, айыппұл 7 күн ішінде 50% жеңілдікпен төленеді. 7 күн ішінде төленбеген немесе кінәсін мойындамаған жағдайда, әкімшілік айыппұл туралы қаулы толығымен шығарылып, 30 күн ішінде төленеді.