• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
14 Қараша, 2013

Андрей Стрелецтің «экологиялық егіншілігі»

466 рет
көрсетілді

Ол – еліміздегі ең үздік жоба. Оның өнімдері ЭКСПО-2017 көрмесіне ұсынылмақшы

«2006 жылы Ресейдің Волгоград облысында тұратын әпкеме қонаққа барған едім. Олардың отбасылық шаруашылықтары бар. Соның ырысын көріп отырған туыстарымның тұрмысы да жақсы екен. Олардың жекеменшік алқабында бидайдың шығымдылығы 80 центнерден айналатынын естіген кезде таңданып қалдым. Жездем оның құпиясы топырақтың құнарлылығында, яғни оған қолданатын тыңайтқыштарға байланысты екендігін тарқата айтып берді. Биогумус пайдаланылатын бау-бақшаларының да жеміс-жидектері таңдай қақтырады. Сол жолғы сапардан қатты толғанып қайттым. Ұзақ ойланып, биогумустың қалай дайындалатынын интернеттен іздеп, газет-журналдардан оқып, бес жылғы толғаныстың тобықтай түйінін шығардым. Сондағы алға қойған мақсатым – экологиялық таза органикалық тыңайтқыш өндіріп, оны сату кәсібімен айналысу болды», – дейді Есіл ауданындағы Покровка ауылының тұрғыны, жас кәсіпкер Андрей СТРЕЛЕЦ.

Ол – еліміздегі ең үздік жоба. Оның өнімдері

ЭКСПО-2017 көрмесіне ұсынылмақшы

«2006 жылы Ресейдің Волгоград облысында тұратын әпкеме қонаққа барған едім. Олардың отбасылық шаруашылықтары бар. Соның ырысын көріп отырған туыстарымның тұрмысы да жақсы екен. Олардың жекеменшік алқабында бидайдың шығымдылығы 80 центнерден айналатынын естіген кезде таңданып қалдым. Жездем оның құпиясы топырақтың құнарлылығында, яғни оған қолданатын тыңайтқыштарға байланысты екендігін тарқата айтып берді. Биогумус пайдаланылатын бау-бақшаларының да жеміс-жидектері таңдай қақтырады. Сол жолғы сапардан қатты толғанып қайттым. Ұзақ ойланып, биогумустың қалай дайындалатынын интернеттен іздеп, газет-журналдардан оқып, бес жылғы толғаныстың тобықтай түйінін шығардым. Сондағы алға қойған мақсатым – экологиялық таза органикалық тыңайтқыш өндіріп, оны сату кәсібімен айналысу болды», – дейді Есіл ауданындағы Покровка ауылының тұрғыны, жас кәсіпкер Андрей СТРЕЛЕЦ.

Оның кәсіпкерлігін сырттан бақылаған адам жауын құртын малдың қиына жіберіп, «ірітіп-шірітіп», содан да ақша жасайды екен-ау деп түсінуі ықтимал, бірақ, не десеңіз де, мұнысы бизнес болып табылады. Андрей Викторовичтің кәсіпкерлігіндегі негізгі өндіргіш күштер – құрттар, олар «Владимирский Старатель» тұқымы аталады.

– Атының өзі айтып тұрғандай, құрттарды Ресейдің Владимир өңірінен әкелдім. Алматыда бір кәсіпкер жауын құртының «калифорниялық» деп аталатын түрін сата­ды екен. Бірақ, ол құртқа қарағанда владимирлік жәндік суыққа төзімді. Сондай-ақ, мұның тұқым таратуы жоғары, яғни орта есеппен жылына бір аналықтың 10 дернәсілі өміршеңдік танытады. Ендеше, шаруашылықта өнім­ділік те ойдағыдай болады. Ең қызығы – калифорниялық тұқымның дағдыланған орны болады. Бұл дегеніміз – бастапқыда құрттың дамыған ортасын, яғни түрлі қоспалары бар қидың құрамын өзгертуге болмайды. Ал біздің құрттар орын талғамайды. Сондықтан бізге құрттың «Владимирский Старатель» түрі тиімді деп ұйғардық, – дейді Андрей Стрелец.

Құрттарды өсіріп, одан биогумус алу үшін қажетті 1 миллион жәндікті 8 миллион теңгеге сатып алу керек болатын. Ол үшін кәсіпкер аудандық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне өтініш білдіріп, құжаттары мақұлданған соң «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша 15 миллион теңге несие алады. Кәсіпкер үшін ресейлік жобаның патенті мен лицензиясы, сондай-ақ технологиясы арзанға түскен жоқ. Сондай-ақ, өндіріске қажетті 2 сеператор мен 10 тонна тыңайтқыш та сол қаржының есебінен алынған. Содан бері биыл екінші жыл жас кәсіпкер ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін органикалық тыңайтқыш өндірумен айналысуда.

Осы ретте: «Бұл тыңайтқыш қалай жасалады?» деген сауал кімнің болсын көкейінде тұрары сөзсіз. 5 гектар жері бар кәсіпкердің жылжымайтын мүлік ретіндегі қоймалары бар. Оның басындағы жұмыс үдерісін бақылаған біздің көргеніміз 4-5 қатар етіп үйілген шикізат және оның ішіне жіберілген құрттар. Сол құрттар құрамына малдың қиы, ағаш ұнтағы, жапырақтар қосылған шикізаттан өздеріне азық тауып, нәтижесінде биогумус дайындап шығарады. Құрттар бір үйіндіге 45 күн шамасында тұрақтап, осы мерзімде қалдықты өндіріске жарамды етеді екен. Ал жәндіктерге қажетті ылғалды, жылуды, қышқылдықты жасау ісіне тиянақты адам үшін ауыртпалық тудырмайды. Биогумустың бір килограмы – 300 теңге. Ал құртты асырауға кеткен шығын – мал қиы мен адамның мұқият еңбегі. Бір жарым жыл бұрын сатылып алынған бір миллион құрт саны бүгінде 32 миллионға жеткен. Енді өзі де құрт сатумен табысын толықтыра алады. Оған қызығушылық танытатындардың қатары күн санап өсуде.

Біздің өңірде бұл өндірісті бірінші болып қолға алған адам Андрей Викторович деп сеніммен айта аламыз. Шаруашылықтың есеп-қисабын өзі жүргізетін ол биыл 15 тонна биогумус сатқанын, одан қалтасына 12 миллион теңге пайда түскенін айтады. Ал алған несиесінің 15 миллион теңге екенін, оның 4,5 жылға берілгендігін есептесек, бұл, әрине, көңіл көншітерлік нәтиже. Ал осыдан алты жыл бұрын ол 5 гектар алқапқа картоп егіп, оны сатумен айналысуды бастаған екен.

– Бірінші жылы картоптың гектары 8-12 тоннадан айналған-тын. Сондай-ақ, өсімдіктің аурулары көп болып, өнімнің сапасы да төмен болды. Ал қазіргі жағдайымыз басқаша. Өткен жылы 5 тонна картоп егіп, әр гектардан 36 тоннадан өнім алсақ, биылғы өнімділік 50 тоннаға жетті. Бұл – биогумус­ты пайдаланудың нәтижесі. Сондай-ақ, өнімнің сақталу мерзімі 50 пайызға жақсарды. Сондықтан биыл өнімнің жартысын қыста қоймада сақтап, жаз айының басында, баға көтерілген кезде нарыққа шығармақпыз. Сапа 2-3 есеге жоғарылағандықтан, өнім бұзылады деген қорқыныш жоқ, – дейді іскер жігіт.

Ол бүгінде өз кәсіпкерлігін франчайзерлік тәсілге салуды да көздеп отыр. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті, шетелдіктердің де қызығушылығы бар.

– Кувейт мемлекетінің және Алматы облы­­сының екі кәсіпкерімен келісімшарт жаса­мақ­пын. Үндістер де жиі байланысып жүр. Бұл – үлкен нарыққа апарар жол. Интернет арқы­лы күніне 100-ден аса хат аламын. 8 қазан кү­ні Мәскеуде «Әлемде жемшөп өндірісін да­мытудың болашағы» атты халықаралық фо­румға қатысып қайттым. Бұл да іскерлік байланыстың алғашқы баспалдағы болса керек. Ал ең бас­тысы және мен үшін ең маңызды оқиға сол – биылғы жылдың 18 қазанында Назарбаев Университетіндегі қазылар алқасы 400 жобаның ішін­де менің «Экологиялық егіншілік» атты жобам­­ды ең үздік деп бағалауы болды. Ондағылар ендігі кезекте менің өнімдерімді ЭКСПО-ға ұсын­бақ, – деген сөзімен кәсіпкер өзінің биз­­­­нес­­­­­­тің үлкен жолына түсуге дайын екендігін аңғартты.

Кәсіпкер туған-туыстар мен ауылдас­тар үшін де игі жұмыс атқаруда. Оның қарамағында 8 адам тұрақты жұмыс істейді. Ал биылғы көкөніс науқаны кезінде ауылдың 20 адамы қосымша жұмылдырылып, олар да өз табыстарын алған. Тұрақты жұмысшылардың еңбекақысы 50-70 мың аралығында. Кәсіпкер келер жылы сәті түссе, осы саланы одан әрі дамытуды мақсат ететінін айтып, қолға алған ісіне деген жақсы талпыныстарының бар екенін жеткізді. Онымен ол өңір экономикасына, ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға, өндірілетін азық-түліктің табиғи құнарын жақсартуға, жерлестеріне тұрақты жұмыс орнын қалыптастыруға өз септігін тигізуді жоспарлайды.

– Менің мақсатым – 5 жылдың ішінде өзіме тиесілі алқаптағы топырақтың құрамын 100 пайыз құнарлы ету. Назарбаев Университетінде болғанымда онда көптеген зиялы адамдармен таныстым. Оның ішінде шетелдіктер де болды. Дамыған елдер азық-түлік сапасына барынша мән береді. Олар аурудың 50 пайызы дұрыс тамақтанбаудың кесірі деген пікір айтады. Ал бүгінгі біздің бау-бақша өнімдерімізде химикаттардың көп екендігін мойындаймыз. Химиялық тыңайтқыштардың 70 пайызы топырақтың құрамында қалса, 30 пайызы өсімдікке сіңеді. Бұл адам денсаулығына үлкен зиян. Америкада биогумус жасаумен айналысатын 700 кәсіпорын бар. Ондағы Үкіметтің шешімімен химиялық тыңайтқыш өндірушілер демеуқаржы алмайды, есесіне органикалық тыңайтқыш өндіретіндер жақсы қолдау көреді. Оларда бұл заң 1979 жылдан бері бар. Біз оны қазір ғана қолға алып жатырмыз. Ал егістікке қи түрінде тасталған тыңайтқыштың құрамы дайын биогумустан 20 есе төмен, – дейді.

Елбасының бастамасымен бүгінде «жасыл экономикаға» көшу туралы сөз болып, еліміз БСҰ-ға кіруді мақсат етіп жатқан шақта отандық өніміміздің табиғилығы мен сапасы жылдан-жылға жақсартылуы қажет. Ендеше, елінің де, өзінің де ертеңіне терең үңілген кәсіпкердің де биогумус түрлерін өндіретін үлкен кәсіпорынның қабырғасын қаламақ ойы да орынды.

– Сұйық биогумус жасауды да қолға алсақ деймін. Біріншіден, құрғақ биогумуста 55 пайыз ылғал болады. Оны құрғатқан кезде өнімнің 45 пайызы жоғалады. Сондай-ақ, үлкен алқаптарға егілген дәнді дақылдарға сұйық тыңайтқыш қолданған ыңғайлы. Бұл әлемдік тәжірибеде дәлелденген. Ал құрғақ биогумус­ты шағын алқаптарға, көкөніс егілетін жерлерге сепкен тиімді, – дейді ол.

Бүгіннің өзінде Андрей Стрелецтің кәсібіне инвестициялық қолдау білдіргісі келетін компаниялар баршылық. Тіпті, шетелдік инвес­торлар да аз емес. Алайда, соңғы ұсыныс жасаған отандық ұйымның ниеті кәсіпкердің көңілінен шыққандай. Онда «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ керек қаржыны ешқандай өсімсіз алуды ұсынып отыр. Ал «КазАгроИнновация» АҚ жас кәсіпкердің өндірген өніміне өзіндік сауда белгісі мен тауар орамаларының үлгісін жасап беру тапсырысын орындауда. Кәсіпкер өз сөзінде мемлекеттің қолдауымен өз арманының шындыққа айналып жатқанына ризашылығын білдірді. Бүгінгі таңда экологиялық таза органикалық тыңайтқыш жасаумен айналысатындар өңір тұрмақ, респуб­лика аумағында саусақпен санарлық.

– Мен Назарбаев Университетінде болғанымда 18 адаммен келісімшарт жасадым. Оларға мен өндірістің технологиясын түсіндірдім, кәсіптің қалай жүргізілетінін өз тәжірибемнен айттым. Олар енді алдағы жылы менен құрт сатып алмақшы, – деп кәсібінің бүге-шігесіне дейін жасырмай жүрген оған: «Бизнес құпиясын сақтау жетістікке, табысқа жетудің негізі деп санамайсыз ба?» деген сауалды қоюға тура келді.

– Жоқ, мен одан қорықпаймын. Біздің өңір алқапқа бай. Оны қамту үшін менің 10 жылдық еңбек ресурсым қажет. Басқа облыстар тағы бар. Сондықтан бұл істі қолға алуға ниеті бар адам­­дар болса, құба-құп, – дейді жаны жайсаң жан.

Өзі 2000 жылы Покровка ауылындағы ауыл шаруашылығы техникумында агроном-экономист мамандығы бойынша алған білімін тереңдетуді көздейді. Біз оның бойынан өз бетінше ізденуді, жігерлілік, іскерлікті, жан-жақтылықты байқаған соң, бұл асудың да оған қиындық тудырмайтынына сендік.

– Менің мақсатым – өндірісті кеңейту, құрттың санын 10 миллиардқа жеткізу. Сол кезде өңіріміздегі ауыл шаруашылығы алқаптарын құнарландыруға үлес қосумен қатар, құс фабрикаларына арналған қосымша қорек жасауға мүмкіндік туады. Құстар құрттарды жақсы көретінін білеміз. Оған менің есеп-қисабым дәл келсе, 5 жылда қол жеткізе алатын нәтиже көрінеді, – деген кәсіпкердің жоспары әлі де талай тереңдікке бойлайтынын байқадық.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ.

Солтүстік Қазақстан облысы.

Соңғы жаңалықтар