• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
Парламент 14 Қазан, 2020

Сенат депутаттары агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамыту мәселелерін талқылады

131 рет
көрсетілді

Бүгінде елімізде азық-түлік өндірісінің көлемі 12%-ға артып, 1 629 млрд теңгені құрап отыр. Сонымен қатар отандық өндірістің ішкі тұтынудағы үлесі 80%-дан асты. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша 2016-2019 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы өнімдері мен оның қайта өңделген өнімдерінің экспорты бір жарым есе ұлғайды, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары парламенттік тыңдау қарсаңында Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдерімен кездескен болатын.

Депутаттар кездесу барысында биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 4,9 %-ға артып, 2,4 трлн теңгені құрағаны туралы хабардар болды.

Парламент депутаттары сондай-ақ субсидиялау бағдарламасын дамыту, ауыл кәсіпкерлері үшін салықтық жеңілдіктер бойынша мүмкіндіктерді кеңейту қажеттігін атап өтті. "ҚазАгро" холдингінің ақпараты бойынша, биылғы жылдың 9 айында несиелендіру мен лизингті қоса алғанда, агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру көлемі 325,1 млрд теңгеге жетті.

Кездесу қорытындысы бойынша проблемаларды шешу және агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі ұсыныстар әзірленеді және 2020 жылғы 23 қазанда парламенттік тыңдауда айтылатын болды.