Бар табысы саудамен астасқан, тарихы мен жылнамасы да, өсуі мен өркендеуі де саудамен осыншалықты байланысқан қалалар дүниеде сирек- ақ болар. Ішкі жалпы өнімі Польшаның өзге аймақтары мен қалаларынан екі есеге артық, экономикасы сан қырлы Познань қаласындағы жыл бойына үзілместен түрлі бағыттарда, сан түрлі сала бойынша өткізілетін Халықаралық көрмеге (көрме-жәрмеңке десе болады, өйткені, мұнда қойылған өнімдер сатылып кетіп жатады) барудың жолы түсті.
Бар табысы саудамен астасқан, тарихы мен жылнамасы да, өсуі мен өркендеуі де саудамен осыншалықты байланысқан қалалар дүниеде сирек- ақ болар. Ішкі жалпы өнімі Польшаның өзге аймақтары мен қалаларынан екі есеге артық, экономикасы сан қырлы Познань қаласындағы жыл бойына үзілместен түрлі бағыттарда, сан түрлі сала бойынша өткізілетін Халықаралық көрмеге (көрме-жәрмеңке десе болады, өйткені, мұнда қойылған өнімдер сатылып кетіп жатады) барудың жолы түсті.
Познань – табысы тасыған қала
Познань – кәрі құрлықтағы ежелгі қалалардың бірі. Ал мұндағы сауданың кең тынысының ашылуы князь Владислав Одоничтің 1231 жылы қалаға келген көпестерді салықтан босатуынан басталыпты. Артықшылықты орнымен пайдаланған қаланың өз ішіндегі және сырттан келген саудагер-көпестер Познаньда жәрмеңке өткізуді жолға қойып, ол Әулие Ян жәрмеңкесі деп аталған екен. 1394 жылы қала тағы бір жақсылыққа ие болады. Ол – қала арқылы өткен барлық көпестерге өз тауарларын жәрмеңкеде сатуға міндеттеу туралы жарлық шығуы. Егер Познаньның географиялық тұрған орнына көз салсаңыз, онда Шығыс Еуропадан, Азиядан Орталық және Батыс Еуропаға өткен сауда жолдарының осы қаланы баспай өтпейтінін көресіз. Ол уақыттарда Краков, Щецин арқылы венгр-балтық сауда жолы жүрсе, ол кездегі Вильнадан (Вильнюс) келетін жол тарапымен солтүстік орыс жерлерінен Лейпциг, Нюрнбергке жеткізілетін тауарлар да Познань қаласын айналып өтпейтін. Тоғыз жолдың торабына айналған Познаньнан теңізге шығу да қиынға түспейтін. Гданьскідегі айлаққа тоқтаусыз жеткізіліп жатқан тауарлар Познаньның экономикалық әл-ауқатының жақсаруына да, қаланың өсіп-өркендеуіне де өзінің орасан ықпалын тигізген.
Қаланың осылайша нығаюына тағы бір шара үлкен әсерін жасайды. Мемлекеттің рұқсат етуімен Познаньда мәуіті-шұға қатарын салумен бірге оған өз ақшасын шығаруға да рұқсат беріледі. Осы кезде Еуропаның тұс-тұсынан қалтасын қаражатпен қампайтқысы келген көпестер ағылып, олардың дені қаланы тұрғылықты қоныс етеді. Познань мещандарының керемет қуатты тұратындығы Еуропаға аңыз болып тарап, қалаға деген ынта-ықыласты тіптен арттырып жібереді. Қалада қайта өрлеу дәуірінің көптеген құрылыстары салынып, Ескі базар алаңы шаһардың ең бір көрікті де орталық көшесіне айналады. Бұл шарықтау 200 жыл бойына үзбестен жүргізіліп, шведтер шабуылынан соң Познань ықпалы кемиді.
Ал Познаньның ендігі бір қайта көтерілуі және қазіргі уақытқа дейін жалғасып келе жатқан қуаттану, іргелілену кезеңі 1895 жылы қалалықтардың өз күштерімен өнеркәсіптік көрме-жәрмеңке өткізуімен байланысты. Мұнда немістермен бірлесе арнайы көрме орналасатын павильондар салудың нәтижесінде оны бір күнде сол кездің өлшемімен ғаламат көп 20 мың адам тамашалайды. Ал 1921 жылы Польшаны экономикалық тұрғыдан біріктіру ұранымен ашылған I Познань көрме-жәрмеңкесінен бүгінге ұласқан, әрісін қозғамағанда, 21-ші жылдан 90 жылдық тарихы бар көрмеден көргенімізді баяндайық.
«Жасыл экономика»
Еуроодақ стандарттарын бетке ұстаған жәрмеңкеге қойылған әрбір өнімнің «жасыл экономикаға» негізделуі біздің еліміз үшін де маңызды болуынан қызығушылығымыз өсе түскен. Ә дегеннен жолыққан кәсіпкер қазақстандық екенімізді білгенде: «Біздің өніміміздің сіздің ел үшін маңызы барлығына еш күмәніңіз болмасын, бізге қайтып айналып соғуды ұмытпаңыз. Біз Қазақстанның осы тұрғыдағы істерге ықыласты болатынына сенімдіміз. Сіздерде де ластанған өзен-көлдер болуы тиіс, ал біздер оны тазалаудың тиімді жолдарын таптық», деп онан сайын қыздыра түскен.
Орасан үлкен, ішіне қойылған алып машиналардың өзі ойыншық көліктердей көрінетін павильонды асықпай аралап жүрміз. Еуроодақтың мүшесі, кәсіпкерлікпен бастаған шаруасының экономикалық тұрғыдан тиімділігін бірінші кезекке қоятын поляктардың Одақ ішіндегі әріптестерімен, олардың арасында, әсіресе, немістермен, австриялықтармен (қапталдаса, шекараласа жатқандығынан болар) бірлесе қимылдауы көзге ұрады.
2004 жылы құрылып, шағын фирмадан үлкен кәсіпорынға айналған немістің «Sennebogen» компаниясы машиналарының мүмкіндіктері кәдімгідей таңдандырады. Алғашында тек құрылысқа қажетті машиналар жасаған кәсіпорын 2008 жылдан бастап, поляк экономикасындағы нарыққа өзгерістер енуімен жүк тасымалдаумен де айналысатын көліктер шығара бастаған. Соның нәтижесінде, бүгінде компания өнімдері алып машиналар, көтергіш крандар, металл мен ағашты уақтау, контейнерлер тасымалдау, өзге де жүктерді қажетті жерге апаратын тұтастай тізбекті құраған көліктер жасап, олар еуростандартқа толық жауап береді екен. Компания әрдайым Еурокомиссияға ол жайында есеп беріп отырады.
Машиналардың мүмкіндігін әңгімелеген компания қызметкері 2013 жылы футболдан әлем чемпионаты өтерде осы компания машиналарының қандай жұмыс жасағанын жырдай қылып айтып берді. Сөйтсе, жол салуда, қажетті бір аймақты жүздеген жылдар өскен ағаштардан тазартуда ұйымдастырушылар бұлардың көмегіне жүгінген. Ағашты тамырымен жұлып алып, шор-шор болған түйін-түйін тамырларды уақтап жол ашып беріпті. Өнеркәсіптің ендігі бір машинасы – алып көтергіш кран айлақтар үшін таптырмас олжа. Гданьск айлағына кранды алып келуге 20-дан астам машина жұмылдырылыпты. Соған қарамастан, ол өте икемді, кабинадағы жүргізушіге барлығы алақандағыдай көрінеді, кемеден жүкті алғанда ұршықша үйірілетін кранның мүмкіндігі өте мол көрінеді. Компания крандарының бір ерекшелігі – онда кабинаның алынып-салынатыны, яғни қозғалғыштығы көп рөл атқаратынында екен.
Құрылыстан бастап, барлық жүк түрлерін тасымалдау, металл, ағаш ұнтақтау, биомасса өңдеу сынды көптеген жұмыстар атқаратын жоғары технологиялы, экологиялық таза машиналардың әрқайсысы тапсырыс берушінің сұранысына сәйкес шығарылады екен. «Көліктерді Кувейт сынды ыстық жаққа да бейімдеп, Сібірдегі тәрізді суыққа да төзімді етіп шығарамыз. Польшада біздің машиналарымызды компаниялардың жалға алып жұмыс істеуі жолға қойылған. Олар үшін арнайы сервис қызметін де ойластырғанбыз. Бас офисіміз Германияда, алайда, Қазақстан үшін поляк жері жақынырақ, егер сіздің елдің азаматтары қызығушылық танытса, ол екі жаққа да пайдалы болар еді, – дейді компания өкілі. – Көліктерімізге берілетін арнайы кепілдіктеріміз бар, ал қосымша ақымен оның мерзімін ұзартуға да болады. Және тапсырысымыз кешігеді, болмаса әлдебір қиындықтар кездеседі деп еш қорықпауыңызға болады, швейцар сағатының дәлдігіндей қай уақытқа, қай жерге қажет десе жеткізіп береміз. Бағасы да тұтынушының көлікті қандай мүмкіндіктерімен жасатуына байланысты, компания келіссөз жүргізіп, қажет болса Қазақстанда өз өкілдігін де ашуы мүмкін».
«Atlas Poland» фирмасының халықаралық нарықта көрініп, табысты жұмыс атқарғанына 11 жыл болыпты. Келесі жылдың басында біздің елімізде өз өкілдігін ашуды жоспарлап отырған олардың барлық машиналары 40 градус қақаған аяздан 40 градус шыжыған ыстыққа төзімді және экологиялық жағынан барлық стандарттарға жауап беретінін айтқан олардың да барлық ұнтақтағыш, биомасса өңдеуші, көтергіш, тасымалдағыш машиналары елімізге келіп жатса, талай тіршілікті жеңілдетіп, жұмысты дөңгелетіп әкететіні анық.
Өзен-көл қашан тазарар?
Кірген бетте қайтып айналып соғыңыз деген «PROTE» қоршаған ортаға қатысты технология компаниясының өкілі екен. Атының өзі ақпарат беріп тұрған компания айналаңдағы әлемді тазарту бағытында көптеген жұмыстар атқаратын болып шықты. 1995 жылдан бері Польша нарығында топырақ пен су тазалығын сақтауды қолға алған фирманың бұл реттегі жұмыстары ғылыми ізденістермен ұштасып жатыр. Мәселен, олар қолданатын StaQuest препараты коррозияны тоқтатып, құбырлардың ішіне таттанудан қорғайтын полифосфатты қорғаныштық орта жасайды, сөйтіп, құбырда коррозия жойылып, тұнбалардың құбырды бітеуіне жол бермесе, сонымен бірге, кальций карбонатының тұнуымен бірге жүретін қолайсыздықты жойып, құбырлардағы тас түзілуін де тоқтатады екен. Қарап отырсақ, қалалардағы кәріз жүйелері мен өзге де қажеттіліктерде таптырмайтын дүние. Тотыққан суды тазартуға, судағы қорғасын мен мыс көлемін азайтуға қол жеткізіліп, суды пайдалануда оны хлормен тазартудың қажеттілігі жойылатын көрінеді. Сондай-ақ, фирманың мұнайдан бүлінген жерлерді тазартудағы технологиясы да ерекше. Олар топырақтың қаншалықты дәрежеде зақымдалғанынан бастап, қалпына келтіру жобаларын, улы, зиянды қалдықтарды рекультивация жасау, бүлінген топырақты қалпына келтіру, мониторинг жасау, мұнай төгілгенде оны соратын құрылғылар мен сорбенттерді пайдалану, экологиялық жедел көмек сынды тұтастай тізбекті технологияны жүзеге асырады. Ал суды тазарту технологиясында тұщы су моллюскасын пайдалану арқылы су құрамында улы заттардың болуын, тазалығын анықтауы да қызықты көрінді. Күндіз-түні тәулік бойы үзбестен биомониторинг жасайтын бұл жүйе су құрамында қауіпті ауытқу болса, дереу электронды поштаға немесе қалтафонға хабар жібереді екен. Интернет арқылы да қадағалау мүмкіндігі бар озық технологияның берері мол.
Ендігі бір су тазалаумен айналысушы «DEO» фирмасының да жұмысы аса назар аударарлық. Польша өзен-көлдерін тазалаумен айналысып, ащы судың өзін тұщытып, лас суды тазартып, ауыз суға дейін айналдыратын олардың қондырғыларында сүзгі (фильтр) ауыстырылмайтын көрінеді. Бұл – қосымша шығын шығарылмайды деген сөз. Қарап тұрып, тұнығы лайланған, адамдардың жаны ашымастығының салдарынан бүлініп жатқан Көкше көлдері көз алдыма келді. Егер дәл осы қондырғылар елімізге келсе, қандай тамаша.
Познань халықаралық жәрмеңкесі өте үлкен аймақты алып жатыр, ондағы павильондардың барлығын бірдей осында болған 4-5 күн ішінде аралауға уақыт жетпегенімен, еліміздің қажетіне жарарлық, пайдасы мол, ең бастысы, адам өмірі мен қоршаған ортаға зияны тимейтін озық ойдың жемісі – жаңа технологияларды көрудің, ой түюдің сәті түсті.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА – ПОЗНАНЬ – АСТАНА.