Соңғы 3 жылда Ақтоғай ауданына «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша 29 жас маман дәрігер келді. Жуырда аудан орталығы Ақтоғайда бірнеше жыл бос тұрған ғимарат күрделі жөндеуден өткізіліп, дәрігерлерге арналған жатақхана ретінде пайдалануға берілді. Жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жүргізілді.
Қайта жаңартылған, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген 1, 2, 3 бөлмелі пәтерлері бар жарқыраған жатақхана үйін жолсапарда жүргенде біз де барып көрген едік.
– Біздің инфекциялық ауруханамыз оңтайландыру кезінде жабылып қалған еді. Енді міне, аудан әкімдігі бос қалған аурухананы қалпына келтіріп, өзімізге қайтарып берді. Осы жатақхана үйі аудандық ауруханаға келген жас маман дәрігерлерге берілгеніне қуаныштымыз, – дейді аурухананың бас дәрігері Гүлбақыт Құрманғалиева.
Ал жаңа қонысқа орналасқан 8 жас маман дәрігер отбасыларымен баспаналы болғанына қуанышты.
– Отбасымызбен 2018 жылы «Оңтүстіктен – солтүстік облыстарға» деген ішкі көші-қон бағытымен «Еңбек» бағдарламасы аясында осы өңірге көшіп келдік, – дейді фельдшер Лəззат Төлегенова. – Осында алтыншы баламыз дүниеге келді. Бізге Ақтоғай ауылы ұнады. Ауасы жақсы, кең дала, табиғаты ерекше. Ертіс өзенінің жағасында тұрамыз. Енді міне, 3 бөлмелі пәтер де алдық.
Ләззаттан басқа оңтүстік өңірлерден көшіп келген жалпы тәжірибелік маман дәрігер Гүлхан Хасантаева, қабылдау бөлімінің фельдшері Мохирбек Торакулов пен жолдасы, акушер дәрігер Гүлсара Мұзаппарқызы жатақханадан пәтер алды. Тіс дәрігері Тұяқ Едіге, жас маман хирургтер Дамир Галимзянов, Ален Усанов, Аслан Амантайұлы, мейірбике, жолдасы Арайлым Сағадатқызы, Қайролла Олжастар – ауданға «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша келген жас мамандар.
Жалпы, соңғы 3 жылда ауданға 29 жас маман дәрігер келіпті. Жатақханадан пәтер алған жас мамандарға үйлерінің кілтін облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов тапсырды.
– Мен екі апта бұрын келдім. Тағылымдамадан өтіп, ауылға енді үйреніп жатырмын. Әріптестерім айтқандай, мұнда бәрі де таза, кең пейілді ауыл адамдары, ауа жақсы, өзен бар, – дейді қаладан келген Ален Усанов. – Ауылда жаңа өмір бастаймын. Ең бастысы, пәтер алдым. Облыс әкімі келіп, бізді құттықтады. Өте қуаныштымыз.
Павлодар облысы,
Ақтоғай ауданы