Елімізде өзгеше аталатын қоғамдық топ бар. Бұл – үкіметтік емес ұйымдар. Басқаша бейнелеп айтсақ, «үшінші секторға» топтасқандарды атауына қарап, билікке қарсылық позициясын ұстанады деуге болмайды. Өйткені бұл сектордың мүшелері бұқараны толғантқан түйінді тарқатуға атсалысуды көздейді. Бірақ бәрі бірдей үлес қосып жүр ме? Жалпы үкіметтік емес ұйымдар елең еткізерліктей нендей іс атқарады? Олардың үні естіле ме?
Әрине әркім бұқараға әр қалай қызмет көрсетеді. Біреулер мемлекеттік қызметте, енді бірі тұрғындардың қауіпсіздігін қорғар құқық қорғау саласының жұмысын жандандыруға бет бұрған. Ал үкіметтік емес ұйымдар ше? Мәселен, Арман Хайруллин жетекшілік ететін «Атамекен Эко» қоғамдық қоры қоршаған ортаның тазалығына үлес қосуды мақсат тұтыпты. «Волонтер жылы» жариялануына орай Атырау облысындағы қоршаған ортаны қорғау жөніндегі ресми амбассадоры болып танылды. Өйткені оның қоғамдық жұмысы табиғатқа жанашырлық танытумен тығыз байланысты болып отыр. Соның дәлеліндей, 2017 жылы Атырау қаласында 10 000 көшетті тегін тарату акциясын ұйымдастырды. Қаладағы мектептер ауласына көшет егу акциясына да ұйытқы болды.
Сондай-ақ сол жылы Атырауда топинамбур деп аталатын өсімдікті егуді қолға алды. Бастапқыда Сарайшық ауылындағы 1 гектар жерге «ЮЖНИИЖИР» ЖШС Атырау филиалының ғылыми қызметкері Тимур Мусинмен бірге топинамбурдың бес түрін екті. Мақсат – Ресейден әкелінген топинамбурдың қай түрі Атыраудай жартылай шөлейтті аймаққа төзімділігін тексеру.
Қоғам белсендісі Арман Хайруллиннің айтуынша, топинамбурдың бірнеше ерекшелігі бар. Біріншіден, бұл өсімдік қоршаған ортаға орман ағаштарынан екі есе көп оттегі бөледі. Мәселен, бір гектар аумақтағы орман жылына үш-төрт тонна көмірқышқыл газын жұтады. Ал топинамбур алты тонна көмірқышқыл газын сіңіріп алады.
Екіншіден, топинамбурда фотосинтез қарқыны өзге өсімдіктерден он есе жоғары екені даусыз. Үшіншіден, топинамбур өсірілген аумақта топырақтың құнарлылығы 70-90 пайызға артатыны ғылыми тұрғыда дәлелденіп отыр. Демек, бұл өсімдікті өсіру арқылы ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерлерді құнарландырып алуға болады.
– Топинамбур – қалдықсыз өнім беретін бірегей өсімдік. Оны бірнеше мақсатта қолдануға әбден болады, – дейді қоршаған ортаға жанашырлық танытып жүрген Арман Хайруллин. – Топинамбурдан инуллин, одан фруктоза, глюкоза, медицинадағы әртүрлі биологиялық белсенді заттарды, сонымен бірге, кондитерге қажетті қоспаның барлық түрін алады. Оны спирт өндірісіне де қолданады. Ең бастысы, топинамбурдың құрамындағы калий, магний қан қысымымен және жүрегі ауыратындарға қолданылып жүрген препараттарды толық алмастырады. Себебі бұл өсімдіктегі табиғи магний мен калий қосылыстарын ишемиялық ауруларды, стенокардияны емдеу барысында қауіпсіз әрі әсерлі препарат ретінде қолдану мүмкіндігі бар.
Қоғам белсендісі топинамбурдың адам денсаулығы үшін пайдасы өте көп деп есептейді. Соңғы зерттеулерге сүйенсек, бұл өсімдік ағзадағы холестерин деңгейін төмендетеді екен. Ас қорыту жүйесін реттеп, иммунитетті күшейтеді. Қан қысымын қалыпқа келтіреді. Әсіресе шажырқай безінің ауруына шалдыққандарға бастапқы кезеңде қолдану ұсынылады. Оны диетаға енгізсе, бүйрек ауруына шипа болары анық. Топинамбурдан жасалған тағамдар мен дәрі-дәрмектердің ағзадағы ауыр металдарды шығаруға да тигізер септігі мол. Тіпті қант диабеті мен онкологиялық ауруларды емдеуге де таптырмас препарат деуге әбден болады.
Арман Хайруллин бастаған волонтерлер екі жыл бұрын демеушілердің көмегімен сан алуан пайдасы бар топинамбурдың 13 000 көшетін саябаққа екті. Сондай-ақ ол Әділет Жақашовпен бірге, краудфандинг жариялап, 2 500 000 теңге жинады. Бұл қаржыға газанализатор аппаратын сатып алды. Сөйтіп Атырау қаласында атмосфералық ауа сапасын талдау үшін баламалы мониторинг жүргізіп келеді.
– Табиғатты қорғау – әр адамның міндеті. Өйткені өзіміз тұрып жатқан өңірдің ауасы таза болғанына не жетсін! Сол себептен, баршаны қоршаған ортаны қорғауға үндеп жүремін, –дейді «Атамекен Эко» қоғамдық қорының директоры Арман Хайруллин.
Жақында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің қатысуымен «үшінші сектордың» белсенділері бас қосқан жиында бірнеше ұсынысын ортаға салды.
– Біріншіден, Атырауда ауаның сапасын бақылайтын арнайы мониторинг жүйесін құру керек. Өйткені зауыттардың 90 пайызының мұржаларында фильтр жүйесі жоқ. Екіншіден, соңғы кезде Жайық өзенінің деңгейі үш есеге төмендеді. Осыған орай өзен түбін тереңдету, жағалауды ластаушыларды анықтау, су астын браконьерлік аулаудан тазарту мәселесі туындайды. Үшіншіден, қоршаған ортаның тазалығы үшін көгалдандыру жұмысын жеделдету керек. Міне осындай түйінді мәселелерді шешу үшін 10 жылға 300 млрд теңге қажет. Сондықтан аталған кезеңге арнайы бағдарлама жасауды ұсынамыз, –дейді ол.
Тағы бір қоғам белсендісі – Ерлан Күмісқалиев. Тумысынан ауыр дертке ұшыраған балаларды емдеу үшін «Атырау. Маленькая страна» қоғамдық бірлестігін құрды. Оның айтуынша, жүйке жүйесі зақымданған балалар ем алып, балабақша, мектепке барып жүр. Арнайы емдеу курсынан 400-ге жуық бала өткен.
– Ерекше балаларға арналған әлеуметтік ауыл құрылысын жүргізуді ұйғарып, 2017 жылы 5 гектар жер алдық. Мұнда дәрігердің міндетін жылқылар атқарады, – дейді Е.Күмісқалиев.
Рас, мұндай іс Атырауда ғана емес, тіпті елімізде де бұрын болмағанын ескерсек, Ерлан Күмісқалиевтің бұл қадамын көпшілік қолдағанын айтқанымыз жөн. Өйткені бұл өңірде де бауыр еті балалары жазылмастай дертке ұшыраған отбасылар көп. Жалпы, дәл осындай жоба алдымен Ұлыбританияда, содан кейін Ресейде ашылған екен. Ал үшіншісі – Атырауда. Жоба ерекше балалардың саулығын жақсартып, олардың интеллектуалдық тұрғыда дамуына кең ауқымды мүмкіндік жасауға бағытталып отыр.
Қазір Атырау облысында іргелі істерге ұйытқы болатын «үшінші сектордың» үлесін құраған 667 үкіметтік емес ұйым тіркеліпті. Алайда белсенді жұмыс істеп жүргені көп емес. Ресми дерекке жүгінсек, 120 үкіметтік емес ұйым ғана өңірдің қоғамдық-саяси өміріне араласады. Десек те екі жылда жергілікті бюджеттен әлеуметтік жобаларды іске асыруға грант ретінде 206 млн 562 мың теңге бөлініпті. Ал биыл мұндай мақсатқа бағытталған қаржы 734 млн 452 мың теңгені құрап отыр.
– Қауіпті індеттің бірінші толқыны өршіген тұста үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі арта түсті. Олар бірнеше бағытта халыққа көмек көрсетуге атсалысты. Әсіресе «Біз де адамбыз!», «Самға, жүрегім», «Атырау-Рауан» қорларының жетекшілері Г.Қосмұрзиева, Э.Аралова, Ә.Өтеғалиев, «Қызыл Жарты Ай» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ә.Құлжанова секілді белсенділер ортақ іске ұйытқы болып, білек сыбана кірісті. Волонтерлер штабымен бірлескен үкіметтік емес ұйымдар 11 млн теңге қаржы жинап, 2800 отбасына азық-түлік, медициналық бетперделер мен қорғаныш қолғаптары мен киімдерін, өзге де құралдарды сатып алып, тегін таратып берді, – дейді облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова.
Қалай дегенде де «үшінші сектор» аталатын ұйымдар бүгінгі қоғамның бір бөлшегі екені даусыз. Тек олардың ісі семинар-тренингтер мен конкурстарды өткізумен шектелмей, ел үміт артатындай белсенділігі арта түскенін қалар едік. Өйткені үкіметтік емес ұйымдар қолға алар болса, түйіні тарқатылмаған елдік мәселелер әлі де көп. Демек «үшінші сектор» мүшелері «ашылмаған аралдарды» бағындыруға дайын ба?
Атырау облысы