• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Қазан, 2020

Қазақ қызы – халықаралық волонтер

806 рет
көрсетілді

Бүгінгі жастардың талпынысы мен өмірлік мақсаты ата-аналарының жас кезіндегі арманына мүлдем ұқсамайды. Жаһандану дәуірінде туып-өскен ұрпақтың ойы да бөлек, өздері де дара. Олар үшін шекара жоқ. Сондай жастардың бірі – Дина Ақылбекова бүгінде Біріккен ұлттар ұйымының волонтерлер бағдарламасының қатарында Түркияда қызмет етеді.

 

Дина – Қазақстан мен БҰҰ ара­сын­дағы келісімімен шетелге волон­терлік қызмет атқаруға аттанған же­ті отандасымыздың бірі. Білікті жас ма­ман қазірдің өзінде беделді ұйым­­­ның жұмысына етене араласып, халықаралық саясат саласында мол тәжірибе жинап жүр. Алматыда дү­ниеге келіп, ел астанасында бойжеткен 26 жастағы отандасымыз қазір Ыстанбұлда Біріккен ұлттар ұйы­мының Даму бағдарламасының құры­лымында жұмыс істейді.

Қай саланы алсақ та, қазақ жас­тарының бүгінгі бет алысы көңіл­ге қуа­ныш сыйлайды. Біздің ке­йіп­­керіміздің беделді ұйымның волонтері атанып, Түркия асуына қазақ­стандық тараптың да қос­қан үлесі зор. «Волонтер жылы» шең­берінде жасалған келісімге сай Қазақ­стан үкіметі БҰҰ қатарындағы 7 волонтердің біржылдық тәжірибесін толықтай қаржыландырады. Бұл қадам қазақстандық өрендердің жан-жақты дамып, кәсіби жетілуіне септігін тигізетіні сөзсіз.

Дина Швеция университетінде тәлім алып, кейіннен мемлекеттік сая­сат мамандығы бойынша Нидер­ланд пен Ұлыбритания елдерінің жоғары оқу орындарында магистратураны тәмамдады. Осы арада елге қайтып келіп, БҰҰ және өзге халықаралық ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста болды. Оның Қазақстан атынан ха­лықаралық волонтер атанған жеті адам­ның бірі болуы да кездейсоқ емес. Дина дәл осы кезде БҰҰ секілді беделді құры­лымның бір мүшесі болуды өзіне мақсат еткен екен.

– Мен университетте оқып жүріп БҰҰ секілді халықаралық ұйымда жұ­мыс істегім келді. Швецияда оқуым­ды аяқтаған соң елге оралып, жү­регім қалаған істі іздей бастадым. Қазақ­станға 2015 жылы келдім. Екі  жыл ішінде БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдарда қызмет етіп үлгердім. Одан кейін білімімді ұштау үшін Еуропаға қайта аттандым, – дейді Д. Ақылбекова.

«Іздеген жетер мұратқа» демекші, осыған дейін жасаған әрекеті, табан­дылығы мен таңдаған бағыты Дина­ны жолынан адастырмай, бүгінгі нәти­жеге жеткізді. Әлемдегі ең бе­дел­ді ұйым­дар­дың бірінде қызмет ету барлығына бұйыра бермейтін бақ. Бұл оның білі­мі мен кәсіби білік­тілігінің адами қасиет­терімен ұштасып жатқанын білдірсе керек.

БҰҰ құрамындағы ең қайырымды волонтерлер бағдарламасының мү­­шесі болып, шетелде қызмет ету­­ге мүмкіндік алу да өздігінен кел­­мейді. Мұндай жауапты іске ірік­­­теу талаптарының жоғары бо­­ла­­тыны айтпасақ та түсінікті. Қа­зақ­­­стан бойынша жүзден жүйрік шық­­қан санаулы жастың бірі болу – Динаның болашағынан үміт күттірер білікті маман болатынының дәлелі. Қайырымды істі негізіне алған бағдар­ламаның мүшесі атану үшін ізгі ние­тіңді көрсететін бай тәжірибеңнің болуы маңызды. Дина кішкентайынан-ақ өзінің елгезек мінезімен көзге түс­кен. Мектеп қабырғасында түрлі іс-шара­ларға белсене қатысып, ағылшын тілі­нен аударма жасау керек болса, бірінші қол ұшын созатын.

Дина өзін волонтерлік қозғалыс­тың толыққанды мүшесі ретінде сезінген алғашқы шарасын үлкен ықы­ласпен еске алады. «VII Азия Қысқы ойындарында баспасөз ор­талығында бірнеше ай бойы ше­тел­ден келген журналис­терге көмек­тестім. Олардың ойыншы­лардан сұхбат алуына, жергілікті тұр­ғын­дармен кедергісіз сөйлесуіне, елі­міз­де еркін жүріп-тұруына қолға­быс еттім» деп еске алды кейіп­керіміз.

Жалпы, Қазақстанда өткен ал­ғаш­қы халықаралық деңгейдегі ірі шара­лардың бірі осы Азия Қыс­қы ойындары еді. Орталық Азия­дағы волонтерлік қоз­ға­лысқа серпіліс берген де осы шара десек қателеспейміз.

Ал Біріккен ұлттар ұйымының еріктілер бағдарламасымен таныс­тығы тағы бір елордада өткен беделді шара – EXPO-2017 кезінде басталыпты. Дина БҰҰ-ның Да­му бағдарламасында коммуни­кация саласымен байланысты жұмыс­тармен айналысқан. Салада мол тәжі­рибе жинаған кейіпкеріміз елі­міздегі волонтерлік қызметтің бас­тауында болды десек артық айтқа­ны­мыз емес. Дәлірек айтсақ, ол – Қазақ­станның халықаралық қозға­лыстың мүшесіне айналған сәті­нің куәгері әрі қа­тысушысы. Жас­тайы­нан ізденім­паз­дығымен, білімге құш­тарлығымен көзге түскен Дина бүгін­де халықаралық беделді ұйымда Қа­зақ­станды  әлемге таныстырып жүр.

Әңгіме барысында Динамен волон­терліктің қоғамдағы рөлі мен еліміздегі жағдайы жайлы да сөз қозғадық.

– Волонтерлік қоғамда қордалан­ған әлеу­меттік мәселелерді шешуге ай­тар­­лықтай үлес қосатынына сенім­дімін. Қазір әлемде көптеген ұйым­дар өз жобаларына волонтерлерді бел­сенді қатыстырады. Мен осы са­лаға мемлекет көрсеткен ора­сан зор қолдауды атап өткім келеді. «Во­лонтерлік қызмет туралы» заң­ның қабылдануы, «Волонтер жы­лының» жариялануы, сондай-ақ өзім қатысқан БҰҰ халықаралық волон­терлер жобасын қолдау секілді шаралар еліміздегі қозғалыстың адымдап дамуына үлес қосты», дейді Дина Ақылбекова.

Қазір Дина Ыстанбұлда халық­ара­лық ұйымдарда, дамушы елдерде кіші және орта бизнесте, одан бөлек үкіметтік емес ұйымдарда цифрлы инновациялық шешімдерді енгізу бойынша қызмет атқарады. Бұл жоба қазақстандық мамандар үшін таптырмас мүмкіндік екенін алға тартты.

– Мен Қазақстанның алғашқы халық­аралық волонтерлерінің қата­рында болғаныма өте қуаныштымын. Сондай-ақ үлкен жауапкершілікті сезінемін. Бұл – қазақстандық ма­ман­­дар үшін өздерін жаһандық ұйым­­­да сынап көруге, теңдесі жоқ халықаралық кәсіби тәжірибе жи­нау­ға тамаша мүмкіндік дер едім, – дейді волон­тер.

Дина Ақылбекова келісім бо­йынша берілген 12 айда білімі мен біліктілігін жетілдіріп, БҰҰ-ның аймақтық және жаһандық деңгейдегі қызметі туралы көбірек ақпарат алатынына сенімді. Ұйым қатарындағы волонтерлердің дамуына көп жағдай жасайтынын да атап өтті. Ол Coursera, LinkedIn Learning, Rosetta Stone секілді платформаларда тамыз айынан бастап бос уақытында цифрландыру бойынша 5 курс алып үлгеріпті. Одан бөлек отандасымыз түрік тілін меңгеріп жүр.

Болашақта Дина цифрландыру саласында үйренген білімі мен тәжірибесін ел игілігіне қолдануға дайын екенін жеткізді.

– Қазіргі тапсырмам аяқталған соң, БҰҰ-да цифрландыру бойын­ша жұмысымды жалғастырғым келе­ді. Өйткені мен мемлекеттердің тұрақ­ты дамуы үшін цифрлы техноло­гиялардың әлеуетіне сенемін. Жас маман ретінде болашақта қай салада, қай бағытта дамуымды түсіну үшін қазіргі тәжірибенің пайдасы зор деп есептеймін. Мен алған кәсіби білім мен дағдылар Қазақстанда қа­жет болатынына сенімдімін. Қажет болса мен БҰҰ-ның ең жақсы тә­жірибелерін Қазақстанға әкелуге дайынмын, – деп қорытындылады әңгімесін халықара­лық волонтер.

Жақында «Birgemiz»  республика­лық волонтерлер фронт-офисі Динаны қонаққа шақырып, халық­ара­лық волонтер болудың қыр-сы­рын сұрамақ екен. Кейіпкеріміздің тәжі­рибесі өзге отандастарымызға да қызық болары сөзсіз. Әсіресе волонтерлікпен айналысып жүрген азаматтарды Дина Ақылбекованың жетістігі одан сайын ынталандыра түседі деп үміттенеміз.