Жаңа вагондарды сатып алу және пайдалануға беру жөніндегі барлық шешімдер – әуелі қауіпсіздік, сенімділік және сапа талаптарына сүйене отырып қабылданады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, «Stadler» компаниясы өз мәлімдемесінде 2025 жылдың желтоқсанында жүргізілген сынақтар барысында бірқатар сәйкессіздіктер анықталғанын мәлімдеген. Ұлттық тасымалдаушы аталған ақпаратты растап отыр.
Елімізде пойыз жолаушыларына қандай талаптар қойылмақ?
«Ұлттық тасымалдаушының ұстанымы өзгермейді: қауіпсіздік, сенімділік және сапа талаптарына толық сәйкес келетіні расталмайынша, бірде-бір жолаушылар вагоны қабылданып, пайдалануға берілмейді. Жеткізу мерзімі, коммерциялық міндеттемелер немесе өзге де факторлар бұл қағидатқа әсер етпейді. Басты орында әрдайым жолаушылардың қауіпсіздігі тұрады.
Қазіргі уақытта Ұлттық тасымалдаушы анықталған ескертулерді жою және барлық қажетті рәсімдерді аяқтау мақсатында вагон өндірушісімен жұмысты жалғастырып жатыр. Жаңа вагондардың жолаушылар паркін мүмкіндігінше тезірек толықтырғанына мүдделіміз. Алайда бұл барлық талаптар толық орындалып, белгіленген сынақтар сәтті аяқталғаннан кейін ғана мүмкін болады», делінген хабарламада.
Қажетті техникалық жетілдірулер аяқталып, вагондардың белгіленген стандарттарға сәйкестігі толық расталған соң, жолаушыларға қауіпсіздігі жоғары, жайлы әрі сенімді заманауи вагондар қолжетімді болады.
Айта кетейік, Ақтөбе – Маңғыстау бағытындағы пойыздың вагондары жаңарды.