Жуырда Қызылорда облыстық полиция департаментінде лауазымды қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен ұсталғандығы туралы сыбыс тараған еді. Департаменттің баспасөз қызметі әуелгіде бұл хабарды растаған да, терістеген де жоқ. Көп кешікпей жұртты алаңдатқан жайдың шын хабар екендігі анықталды.
Бесінші қазан күні ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті қызметкерлері Қызылордаға арнайы келіп, ұйымдастырылған операция барысында облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы мен осы құрылымның тағы бір қызметкерін ұстаған. Жоғары шенді қызметкерлер алаяқтық жасады деген күдікке ілініп отыр. Бүгінде екеуі де уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынып, оларға ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдіктілерге қатысты соңғы шешімді кінәсінің дәрежелерін анықтай отырып сот шығарады.
Ел арасында облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары мен бірқатар лауазымды басшылар да қызметтерінен босатылғаны туралы әңгіме тараған. Бұл мәселе де анықталды, облыстық Полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтан оларға қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
– Департаменттің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметтік тәртіп пен заңдылықты нығайту, жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша кешенді шараларды жалғастыра береді. Болған жағдайға байланысты қызметтік тергеу жүргізілуде. Заңбұзушылыққа қасақана барғандар қатаң жазаға тартылады. Оларға біздің қатарымызда орын жоқ, – деді облыстық Полиция департаментінің бастығы.
Қызылорда