Америкалық атақты әнші Тина Тернер АҚШ азаматтығынан бас тартты. Бұл туралы Washington Post газетінің интернет-нұсқасында тараған дерекке сүйенген «Правда.Ру» порталы хабарлады.
Онлайн-газетте АҚШ-тың Берндегі елшілігінің дерегіне сілтеме жасалады. Онда аты аңызға айналған әншінің өз еркімен азаматтықтан бас тартатыны айтылған. Газет мәліметіне қарағанда, 74 жастағы әнші өзін Америкамен тек отбасы ғана жалғап тұрғанын алға тартады. Келешекте де ол бұл елде тұруға ниетті емес. Бұған қоса, соңғы 20 жылдан бері Швейцарияда неміс продюсері Эрвин Бахпен бірге тұрып келе жатыр. Олар өткен жылы жазда үйленіпті. Осыдан шамалы ғана уақыт бұрын әнші Швейцарияның азаматтығын алып үлгеріпті.
Халықаралық Grammy сыйлығын сегіз мәрте жеңіп алған әнші өзінің сахналық мансабын 2009 жылы аяқтапты.
Мұрат Айтқожа.