• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
15 Қараша, 2013

Теңге – тәуелсіздік тірегі

980 рет
көрсетілді

Бұл осылай болған               

Үстіміздегі жылы ұлттық теңгеміздің айналымға енгеніне тура 20 жыл толып отыр. Бұл оқиға 1993 жылғы 15 қараша күні жүзеге асып еді. Ал Елбасының Жарлығымен 1997 жылдан бері осы күн Ұлттық валюта күні ретінде де тойланып келеді. Біз осыған орай еліміз Ұлттық банкінің сол жылдардағы төрағасы болған Ғалым БАЙНАЗАРОВПЕН жолығып, әңгімелескен едік.

– Ғалым Байназарұлы, біздің тәуелсіздігіміздің бір тұғы­­рындай болып өмірге келген төл ақшамыз – теңгенің қада­мы құтты, іргесі берік болды. Ол еліміздің өркендеу жолы­ның нағыз куәсі іспеттес. Енді қанша қайталап айтсақ та, бәрі­міз жалыға қоймайтын бір ше­жіре оның қатарға қосылған күндерінен сыр шертеді. Ендеше, сол бір толқулы, тағдырлы, ғажа­йып шақты тағы бір рет ойдың орамынан өткізіп көрсек.

– Журналистерге рахмет, жыл сайын төл теңгеміздің туған күні келген сайын мені бір естеріне түсіріп, осы өткен тарихты бір қозғатып өтіп жатады. Теңгенің туған кезі шынында да ерекше бір жүрек толқытқан тебіреністі сәттер болды. Оны әрбір еске алған сайын, сол күндерге қай­та оралғандай ғажайып бір күй кешемін. Әлі есімде,

Бүгін ұлттық валютамыздың енгізілгеніне – 20 жыл

Бұл осылай болған               

Үстіміздегі жылы ұлттық теңгеміздің айналымға енгеніне тура 20 жыл толып отыр. Бұл оқиға 1993 жылғы 15 қараша күні жүзеге асып еді. Ал Елбасының Жарлығымен 1997 жылдан бері осы күн Ұлттық валюта күні ретінде де тойланып келеді. Біз осыған орай еліміз Ұлттық банкінің сол жылдардағы төрағасы болған Ғалым БАЙНАЗАРОВПЕН жолығып, әңгімелескен едік.

– Ғалым Байназарұлы, біздің тәуелсіздігіміздің бір тұғы­­рындай болып өмірге келген төл ақшамыз – теңгенің қада­мы құтты, іргесі берік болды. Ол еліміздің өркендеу жолы­ның нағыз куәсі іспеттес. Енді қанша қайталап айтсақ та, бәрі­міз жалыға қоймайтын бір ше­жіре оның қатарға қосылған күндерінен сыр шертеді. Ендеше, сол бір толқулы, тағдырлы, ғажа­йып шақты тағы бір рет ойдың орамынан өткізіп көрсек.

– Журналистерге рахмет, жыл сайын төл теңгеміздің туған күні келген сайын мені бір естеріне түсіріп, осы өткен тарихты бір қозғатып өтіп жатады. Теңгенің туған кезі шынында да ерекше бір жүрек толқытқан тебіреністі сәттер болды. Оны әрбір еске алған сайын, сол күндерге қай­та оралғандай ғажайып бір күй кешемін. Әлі есімде, 1992 жыл­дың 17 қаңтары күні мен Ұлттық банктің төрағасы болдым. Шыны керек, бұрынғы Одақ тарады деген­мен, әлі Мәскеуге қарап жалтақ­тап, соларсыз бойымызға ас батпай тұрған кез. Кеңестік біртұтас экономикалық жүйе келмеске кеткенімен, ақшаның құлпы да, кілті де соларда. Тап сол кезде Егор Гайдар бастаған бір топ жас экономистер үкімет билігі басына келді де, бағаны бетімен жібере салды. Бұл олардың өзіне тиімді болғанымен, ақша қаражаты әлі Ресейге тәуелді болып отырған бірқатар посткеңестік елдерге қатты соққы еді.

Күн тәртібіне барынша өткір шыға қалған осы мәселе біздің алдымызға бірден үш түрлі міндетті қойды. Соның алғашқысы дербес ақша-қаражат саясатын жасап, тәуелсіз банк жүйесін құруға сайды. Екіншісі осыған орай ұлттық валюта шығаруға телінді. Үшіншісі ақша-қаражат мәселесіне байланысты жаңа инфрақұрылым жасауға негізделді. Ал бұлардың ұйымдастыру жұмыстарының бәрінің ұшы-қиыры жоқ, етек-жеңі кең көп шаруа болды.

– Ал нақты теңгені дайындау туралы тапсырма қашан берілді?

– Менің банк төрағасы лауазымын атқара бастағаныма жарты ай толар-толмаста, 1992 жылғы ақпан айының басында Елбасының қабылдауына шақырылдым. Сол кездесуде Нұрсұлтан Әбішұлы маған болашақ валютамызды даяр­лау жөнінде өте құпия тапсырма берді. Құпия болатыны, жоғарыда айтқанымдай, біздің әлі Мәскеуден қаржы жүйесі жағынан толық енші алып кетпеген кезіміз, ол жақ біздің бұл астыртын әрекеттеріміз турасында ештеңе білмеуге тиісті-тін. Ал өз валютамызды шығармасақ, осы кезге дейін жиған-тергендеріміз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп қалатындай қауіп туды. Себебі, бұрынғы Одақтың әбден құнсызданып біткен сомы республикаға нөпір болып ағылып келіп, мұндағы барлық құнды заттарымызды тасып әкететіндей заман жетті. Мұны тез пайымдаған Президент төл ақшамызды шыға­руға тез кірісуді міндеттеп еді.

Сөз орайында айта кетейін, жалпы, халықаралық тәжірибеде валюта шығарудың, жоғарыда айтқанымдай, екі түрлі тәсілі бар. Олар өткінші және түпкілікті болып аталады. Соның ішінде купон сияқты қосалқы кезеңге ғана қызмет ететін ақшалар бізге дейін Белоруссия мен Украинада болды. Біз маман ретінде олардың қайсысының қандай артықшылығы мен кемшілігі барын айтып бердік. Сосын кеңінен ойласа келе, Елбасы тұрақты валюта керек деп шешті. Алайда, төл ақшаны жасау деген айтуға ғана оңай екен. Оны өмірге әкелетін зауыт екі бастан өзімізде болған емес. Ал шетелде жасатып шығару орасан зор қаржыға түседі. Оның үстіне, біздің осындай талап жасап жатқанымызды тырс еткізіп сыртқа шығармайтын мейлінше сенімді фабрика керек-тін. Басында біз мұның екеуінен де мақұрым едік. Елдегі жалғыз қаржы қоймасы – Ұлттық банкте бір доллар да жоқ болатын. Дегенмен, біз де қол қусырып қарап отырмадық, шетелдік компаниялар да бізге қарап елеңдеп тұрды. Себебі, енді ғана егемендігін алып жатқан елдерге ерте ме, кеш пе, өз ақшаларын шығару талабы болып қалатынын ескеріп, олар біздерге қарай жиі шолғыншы жібере бастады.

Тірлігіміз аса құпия болған­дықтан, біз барлық делегациямен бірден кең отырып кеңесіп кете алмадық. Өйткені, бір шалыс басқан қадам алға қойып отырған мақса­­­тымызды бір-ақ сәтте күл-талқан еткен болар еді. Ақырында Ұлы­бри­таниядан келген «Харрисон және ұлдары» деп аталатын шағын фабрикамен келісім жасастық. Бірден айтып қояйық, таңдауымыз бекер болмапты, аталмыш өндіріс орны теңгеміз жарқ етіп шығып, бірден айналымға еніп кеткенше, біздің құпиямызды керемет сақтай білді. Ал елімізде біздің мұндай жұмыстарымыз жөнінде бөтен ешкім білмеді десек қателеспейміз. Осыған байланысты Президенттің тапсырмасы бойынша білікті маман­­­дардың шағын тобын құрдық. Оған кіргендердің бәрінен құпияны сақтау жөнінде қолхат жаздырып алдық.

– Содан кейінгі шаруа, әл­бет­те, теңгенің өзін даярлаумен ұш­тасқан шығар?

– Әрине. Валюта шығару деген өте қымбатқа түсетін нәрсе екенін әлгінде айтып өттім ғой. Оның шығынының үштен бір бөлігінен астамын оның дизайны алатыны белгілі болды. Енді алдымызға теңгеміздің сол түр-түсін кімдерге жасату керек, деген сұрақ қойылды. Осыған орай бірқатар шет мемлекеттерге барып, олардағы орталық банктер басшыларымен келіссөздер жүргіздік. Сол сапарлар барысында банкнот, облигация секілді қорғаныш элементтері бар құнды қағаздарды шығаратын зауыттар жұмыстарымен таныстық. Ақырында ойласа келіп, банкноттар дизайндарын жасайтын суретшілерді өз еліміздің ішінен іздестіру керек екенін түсіндік. Себебі, шетел мамандарын тартсақ, біріншіден, жұмыстың ұзап кететін түрін байқадық, екіншіден, құпиямыз ашылып қалатын қаупі де болмай қалған жоқ. Бірақ бізде бұған дейін ақшаның суретін салып көрген кескіндемешілер жоқ еді. Сонда да болса, мамандар қарастыра бастадық. Соның нәтижесінде Қазақ дизайн орталығының президенті Тимур Сүлейменовпен кездестік. Сөйтсек, дәл керек адамымыздың үстінен түсіппіз. Ол артынша қасына 5-6 дизайнерін ерте келіп, 2 ай бойы тапжылмай еңбек етті. Соңында 4 дизайнды ұсынды. Біз олардың арасынан портреттік нұсқаны қолай көрдік. Жұмысты осы бағытта жетілдіре отырып, теңгеміздің жеті түрлі номиналына жеті тарихи тұлғамызды белгілеп, Елбасының алдына бардық. Осыған қатысты ескертпелері мен нұсқауларын берген Президент ақшаны шығаруға келісімін берді.

– Дайын дизайн Англияға қашан апарылды?

– Біз оны 1992 жылғы шілде айында толық аяқтадық. Соны алып, артынша Лондонға жеттік. Барғаннан кейін станок арқылы шығарып көргенімізде, теңгеміз жарқырап кетті. Бұған керемет қуандық. Содан кейін сол үлгі дананы елге алып қайтып, Президентімізге апарып көрсеттік. Нұрсұлтан Әбішұлы да ерекше көңіл күйде болып, осы үлгіде шығаруымызға нұсқау берді. Солай келісім алған соң, үш адамнан тұратын шағын топ тағы Ұлыбритания астанасына аттанды. Дизайнерлер тобына Х.Ғабжалелов, А.Дүзелханов және М.Әлин секілді республикаға аттары белгілі суретшілер қабылданды. Бұл топқа кейін менің нұсқауыммен Х.Ғабжалелов басшылық етті. Осы жұмыстардың арқасында теңгенің қатарға қосылатын күні жақындай түсті. Ақша жобасы 1993 жылғы қаңтарда өндіріске жіберілді. Ал сәуір айында барлық банкноттар толық басылып болды. Бірақ Ресеймен арадағы қарым-қатынасты бұзып алмау үшін біраз сақтық шаралары жасалып барып, ол айналымға қараша айында ғана енді. Бұған рубль аймағынан кетпеу туралы шартқа қол қойғанымыз да әсер етті. Ақырында Ресейдің топан ақшасының астында қалып қою қаупі шындап қоюлана түскен шақта дайын ақшаны айналымға енгізе қоюдың орайы келе қалды. Қарашаның 13-і күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тікелей эфир арқылы халық алдына шығып, жаңа ұлттық ақша – теңгенің дайын болғанын жариялап, екі күннен кейін оны айналымға қосу туралы Жарлық шығарды. Міне, қысқаша айтқанда, теңгенің пайда болу тарихы осындай.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Серік ПІРНАЗАР,

«Егемен Қазақстан».

Елдік парасаты, теңге ұлағаты

Қазақстан Республикасы Президентінің Мұрағаты ұлттық валютамыз – теңгенің айналымға енгізілуіне байланысты шежірелі жолдың тарихын паш ететін бірегей құжаттарды сақтайтын бірден-бір мекеме болып табылады. Біз теңгенің 20 жылдығына орай осынау Мұрағаттың директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері В.Н.Шепельді әңгімеге тартқан едік.

– Владимир Николаевич, Президент Мұрағаты еліміздің ұлттық валютасы енгі­­­­зі­луінің 20 жылдығына арналған көрме ұйым­дастырып отыр екен. Осы құжаттық экс­по­зициялық көрме жайында айтып берсеңіз.

– Көрме 1991-2013 жылдар аралығын қамты­­­­­­­ған 79 жәдігер экспонаттан тұра­ды. Экспонаттар негізінен құжат­­тар­дың ксерокөшірмелері, фото­­көшір­­мелері, кітаптық басылымдар мен мерзімді басылымдар көшір­мелері ретінде көрсетілуде. Олар әр бөлімнің тақырыптарына сай жүйеленген. Әр жәдігердің қысқаша маз­мұны баяндалып, сілтеме мәліметтер көрсетіліп, құжаттардың андатпасы екі тілде берілген.

Құжаттық-экспозициялық көр­ме екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде «Сом аймағында қалу немесе өз валютамызды енгізу: жақтау және қарсылық. 1991-1993, 2006, 2013 жж.» деген тақы­рыппен ұлттық валютаны енгізу шара­лары­ның алғашқы қадамдары сипатталады. Ал екін­ші бөлім «Ұлттық валютаны айналымға енгізу. 1993-2000, 2004, 2007, 2013 жж.» деп аталады. Онда ұлттық валютаны айналымға енгізу шараларының барысы мен теңгені нығайту орайында қолданылған шараларды паш ететін құжаттар қойылған.

Шын мәнінде де көрмеге қойылған құжаттар мен экспонаттар танымдық тұрғыдан өте қызғылықты. Олардың ішінде Президенттің 1993 жылғы 5 қарашадағы «Ақша жүйесін тұрақтандыру жөніндегі шұғыл шаралар туралы», 1993 жылғы 12 қарашадағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасын енгізу туралы», 1997 жылғы 13 қарашадағы «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы күні туралы» жарлықтарын атап айтуға болады. Маңызды хат­тамалардың, Ресей және басқа ТМД елдері басшыларымен арадағы келісімдердің де бірсыпырасы осы қатарда. Өз басым теңге енгізілуінің куәгері болсам да, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің 1993 жылы шыққан ақша белгілеріне – теңгелер мен тиындарға қызыға қарадым. Бүгінгі таңда Президент Жарлығымен 1993 жылдың 3 қарашасында құрылған Ұлттық валютаны енгізу жөніндегі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік комиссиясы отырысының құпиялылығы алынған хаттамалары өте бірегей. Ол комиссияның құрамына сол кездегі ҚР Премьер-Министрі С.А.Терещенко (төраға), Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Д.Х.Сембаев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғ.Б.Байназаров, қаржы министрі Е.Ж.Дербісов, экономика министрі Б.І.Ізтілеуов кірген болатын. Айтқандай, осы комиссия жанындағы Д.Сембаев жетекшілік еткен жұмыс тобы ұлттық валютаны енгізу кезеңінде қаржылық есептерді өңдеу мәселелерін жедел әрі оңтайлы шешіп отырды.

– Владимир Николаевич, Қазақстанды қаржы жүйесінің құлдырауына байланыс­ты дағ­­дарыс ахуалынан алып шығудағы елдің Тұңғыш Президентінің дара еңбегі көпшілікке мәлім. Осы жайында мұрағат құжаттарынан не білуге болады?

– Шын мәнісінде, ел құрдымның шетінде тұрды. Осы жағдайда тек Елбасының күш-жігері мен көрегендігі, оның ғажап түйсігі ғана мемлекеттің тіректерін құлатпай, аман сақтап қалуға, елдің өмір-тіршілігін жалғастыруға мүмкіндік берді. Нұрсұлтан Әбішұлы өз жауап­­­кершілігін тереңнен сезінген парасатты саясаткер ретінде сом аймағынан біртіндеп, кезең-кезеңмен шығу қажет деп есептеді. Мұнымен де қоймай, ұлттық валютаны енгізгенге дейін сом аймағын сақтау жөніндегі өзара міндеттемелер туралы Ресеймен бірқатар екіжақты және ТМД елдерімен көпжақты келісімдерге қол қою орайында бастама көтерген де нақ біздің Елбасымыз болатын.

Біздің Президент жаңа үлгідегі сом аймағын қалыптастыру жөнінде де нақты ұсыныстар айтқан еді. Бірақ, өкінішке қарай, уағдаластықтар ең алдымен Ресей тарапының ұстанымына байланысты көздеген нәтижеге жетпей қалды. Кейіннен, Нұрсұлтан Әбішұлының естеліктерін оқи отырып, біз кемеңгер басшының уақытты босқа жібермегенін, сом аймағындағы ахуал дамуының ықти­мал нұсқаларын болжай алған­дығын білдік. Сөйтіп, ол 1992 жыл­дың басында-ақ ғалымдар мен қаржы­герлердің пайым-пікірлерін зерттеп қарастырған, ұлттық валютаны ен­гізу жөніндегі өз ұсыныстарын әзір­леген құпия комиссия құрған екен.

«Ғасырлар тоғысында» деген кітабында Нұрсұлтан Әбішұлы былай деп жазды: «Қатысушылардың бар­лы­ғынан құпияны таратпау туралы қолхаттар алынды. Ақшаның дизайнын жасау Тимур Сүлейменов бас­­­таған суретшілер тобына тапсырылды... Бірінші тосын жағ­дай – менің суретім бейнеленген ақша жобасын әкел­ді. Әрине, мен бұл нұсқаны қабылдамай тастадым. Ақ­шаның бет жағында біздің ұлы бабаларымыздың бей­­­не­­лерін, ал сыртында – мәдениет пен табиғат ескерт­­кіш­­­­­­­­­терін орналастыру ұйғарылды... Ақшаның атауы­на бай­ланысты да үлкен талас туды... Ақыры теңгеге тоқ­та­дық».

– Төл теңгеміздің шығуы нақты қалай жүзеге асты?

– Жаңа ақша белгілерін Англияда дайындау жоспарланып, 1992 жылы теңгенің бір бөлігі басып шығарылды. Бұл туралы ешкім білген жоқ. Дәл осы жағдайды мен де растай аламын. Себебі, сол кезде мен Президент Хатшылығының меңгерушісі болған едім. Президент атына келіп түсетін барлық аса құпия құжаттар менің қолымнан өтетін. Сондай-ақ, министрліктер мен ведомстволар басшыларын қабылдау кестесі үшін де жауап бердім. Осынау құпия операция туралы өз басым ештеңе білген де, байқаған да емеспін. Топ мүшелерінің ешқайсысы бұл туралы жұмған ауыздарын ашпады.

Біздің барлығымыз ұлттық валютаны енгізуге жүйелі дайындық болғандығы туралы кейіннен білдік. Құпия ақырына дейін сақталды. 1993 жылдың 3 қарашасында премьер-министрлер С.Терещенко мен В.Черномырдин бірлескен хатта­маға қол қойып, онда Ресей Қазақ­станның төл валютасын енгізуі қа­лыптасқан тығырық жағдайдан шы­ғудың барынша ұтымды жолы болып табылатындығын мойындады.

Осындай жағдайда Қазақстан Президенті асқан шешімталдықпен мынадай қадамдар жасады: 5 қара­шада «Ақша жүйесін тұрақ­тандыру жөніндегі шұғыл шаралар туралы» Жарлыққа, 12 қарашада – «Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлыққа қол қойып, нақ сол күннің кешінде теледидар арқылы халыққа осынау шешімнің мәнісін егжей-тегжейлі түсіндіріп, барлық азаматтарды сабыр-тыныштыққа шақырды. Дәл осы күндерде Қазақстанға ИЛ-76 ұшағымен валютаның қалған бөлігі әкелініп, ол жедел әрі құпия жағдайда сегіз күн ішінде республика өңірлеріне жеткізілді.

Сонымен, Мемлекет басшы­сы­ның Жар­лы­ғына сәйкес теңге 1993 жылдың 15 қара­ша­сында 8:00 сағаттан (жергілікті уақыт) бас­тап енгізілді. Ескі сом банкноттары теңгеге шаққанда 1 тең­геге 500 сом бағаммен айырбас­талды. Осы­лай­ша Қазақстан Республикасында ұлт­тық валютаны енгізу жөніндегі шие­леністі жағдайдағы қиын операция сәтімен аяқталып, берекелі тірлікті, баянды болашақты бастап берді.

Әңгімелескен

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

«Егемен Қазақстан».

Алматы.

Таразда төл ақшамызға ескерткіш орнатылды

Біле білсек, елімізге құпия түрде жеткізілген оның алғашқы аялдаған жері бұрынғы Жамбыл қаласы

Шағын болса да тотыдай құл­­­­пыр­ған Тараз қаласының ел та­рихын­да алар орны ерекше. Міне, сол шежірелі шаһар осыған дейін құ­пия сақталып келген тағы бір жа­ңа­лығымен жұртты таңғалдырып отыр.

Жақында Тараз қаласының төрі­нен ұлттық ақшамыздың құр­­­метіне қойылған ескерткіш ашылды. Оның өзіндік тарихы мен жөн-жобасы да бар екен. Өйткені, сонау Ұлыбританияда басылған теңгенің алғашқы партиясы Ұлттық банктің Жамбыл облыстық филиалы ғимаратының жерасты қоймасына алғаш рет әкелініпті. Содан кейін ғана барып еліміздің түкпір-түкпі­ріне жөнелтілген.

Теңгені Лондоннан бірнеше авиарейспен тасымалдауға тура келіпті. Оның үстіне теңге тасымал­дау операциясы өте құ­пия жағдайда өткен. Тең­ге­нің алғашқы аялдамасы үшін Жам­был қаласының (қа­зіргі Тараз қаласы) таңдалу себе­бі, Ұлттық банктің сол тұстағы жа­ңа жобамен салынған Жамбыл фи­­лиалы ғимаратының жерасты қой­масы өте кең және тосын қауіп-қа­­терден жақсы қорғалыпты. Кейін мил­лиондаған теңге бар болғаны 5 күн­нің ішінде, яғни 15-20 қараша күндері бүкіл Қазақстанға тарап кете барған.

Ұлттық ақшамыздың 20 жыл­дығы қарсаңында жамбылдық банк қызметкерлері айтулы мерейтойды қалай атап өту керектігін ақылдасады. Сол ақылдың үстінде алғашқы «қадамы» Тараз төрінен басталған төл теңгемізге ескерткіш орнатып, мәңгілік есте қалдырсақ қалай болады деген шешімге тоқтасады. Көп ұзамай Ұлттық банктің Жамбыл облыстық филиалы ғимараты жанындағы аллеядан жұрттың назарын өзіне аударып, тіпті, талайлардың таңдайын қақтырған темір-ақшамыздың ескерткіші пайда болды.

Аллеяға Қордайдың қызыл гра­нитінен тұғыртас қойылып, оған диа­метрі 1,2 метр болатын алып ақша-тиынның үлгісі орна­тылған. Оның бір жағына елімізде төл ақ­ша­мыз­ды енгізу туралы Қазақстан Пре­зи­дентінің Жарлығынан үзінді жа­зылса, екінші бетіне Қазақстан картасы бе­дерленіп, оған елордамыз – Ас­тана, қаржы орталығы – Алматы және банк қызметкерлері төл теңгеміздің «кіші отаны» сана­­­ған Тараз қалаларының белгілері са­лынған.

Елімізде тұңғыш рет теңгеге ор­­­на­тылған ескерткіштің биіктігі – 4 метр, ал салмағы – 9 тонна. Оған 3 мил­лион теңге қаражат жұмсалды.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Тараз.

Соңғы жаңалықтар