Елордада шектеу шараларын бұзғандарға 138 млн теңге әкімшілік айыппұл салынды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Зекен Ысқақов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
"15 қазандағы мәліметке сәйкес, мобильді топтар 1 973 нысанға тексеріс жүргізіп, нәтижесінде 634 жеке, лауазымды және заңды тұлға 138 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған тұлғаның кінәсі танылған жағдайда оған айыппұлды қысқарған тәртіппен төлеу мүмкіндігі ұсынылады. Салынған 634 айыппұлдың 535-і бойынша 114 млн 891 мың теңге төленді. Кәсіпкерлік субъектісінің шағымымен 4 іс қарау үшін әкімшілік сотқа жіберілді. Жеке, лауазымды және заңды тұлғалардың шектеу және карантин шараларын бұзғаны үшін жаза қолданылады", - деді Зекен Ысқақов.
Оның айтуынша, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабына сәйкес, жеке тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш, шағын кәсіпкерлік немесе коммерциялық емес ұйым субъектілерінің лауазымды тұлғаларына 230 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 310 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1 600 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынады.
"Елордада 8 мобильді топ жұмыс істейді. Олар күнделікті 30-70 нысанға мониторинг жүргізеді. Шектеу және карантин шараларын бұзу анықталған жағдайда полиция қызметкерлері баянат жазады. Содан кейін материал қарау және әкімшілік шара қабылдау үшін Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің аудандық басқармаларына жіберіледі", - деді З.Ысқақов.