* Президент тапсырмасы қалай орындалуда?
бүгінгі қордаланып қалған түйінді мәселелерді түбегейлі шешпейтінін Петропавлдағы жағдайдан анық байқауға болады
Әлеуметтік салада күрмеуі қиын жайттардың бірі – балабақшалардағы орын жетіспеушілігі. Мәселенің әлі өткір күйде қалғанын Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында қадап айтты. Бүгінде сәби дүниеге келісімен мектепке дейінгі мекеме кезегіне қою үрдісінің жаппай сипат алғаны ешкімге таңсық емес. Облыс орталығында 2 жасқа дейінгі 5 мыңнан астам сәбидің тізімде тұруы, пісуі жеткен толғақты проблеманың жуық арада шешімін таппайтынын аңғартқандай.
Балабақша тапшылығын жою үшін енді қайтпек керек деген сауалға жауап іздеуге тырыстық.
* Президент тапсырмасы қалай орындалуда?
бүгінгі қордаланып қалған түйінді мәселелерді түбегейлі шешпейтінін Петропавлдағы жағдайдан анық байқауға болады
Әлеуметтік салада күрмеуі қиын жайттардың бірі – балабақшалардағы орын жетіспеушілігі. Мәселенің әлі өткір күйде қалғанын Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында қадап айтты. Бүгінде сәби дүниеге келісімен мектепке дейінгі мекеме кезегіне қою үрдісінің жаппай сипат алғаны ешкімге таңсық емес. Облыс орталығында 2 жасқа дейінгі 5 мыңнан астам сәбидің тізімде тұруы, пісуі жеткен толғақты проблеманың жуық арада шешімін таппайтынын аңғартқандай.
Балабақша тапшылығын жою үшін енді қайтпек керек деген сауалға жауап іздеуге тырыстық.
Кезек саны азаяр емес
Мақаланы даярлау барысында «Елбасының бастамасымен «Балапан» бағдарламасы қабылданбағанда жас отау иелері әбден тығырыққа тірелгендей екен», деген пікірлерді жиі естідік. Айтулары дұрыс. Қуатты жоба ел көлемінде жүзеге асырылғаннан бері 4 мыңнан астам балабақшалар мен шағын орталықтардың іске қосылуы, Мемлекет басшысының шешімімен 2020 жылға дейін ұзартылуы ана мен балаға, ұлт денсаулығына жасалып жатқан кешенді шаралардың мысқалдай ғана бір мысалын танытса керек.
2010-2014 жылдарға арналған аталмыш бағдарламаның бірінші кезеңі Қызылжар өңірінде де іске қозғау салып, үлкен серпін туғызғанын деректер айғақтайды. Соңғы 3 жылда мектепке дейінгі мекемелердің саны 1,6 есеге көбейіп, 72 балабақша, 509 шағын орталық, 1 «мектеп-балабақша» кешені бой көтерген. Оларды қаржыландыруға 2,5 миллиард теңге жұмсалған. Осы кезең аралығында Петропавл қаласында, Тайынша, Бескөл кенттерінде заманауи талаптарға сай жабдықталған 880 орынды 3 балабақша пайдалануға берілген. Есіл, М.Жұмабаев, Ақжар аудандарында бұрынғы балабақшалар қалпына келтірілген. Биыл «Балапан» бағдарламасын орындауға 1,4 миллиард теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту 3 пен 6 жас аралығы бойынша – 88,6, 1 мен 6 жастағылар бойынша– 64,1 пайызға жетіп отыр. Жыл аяғына дейін көрсеткіштің өсе түсері күмәнсіз.
Аудандар мектепке дейінгі білім берумен 100 пайыз қамтуды 2014 жылдың екінші жартысына дейін орындау мүмкіндігін қарастырып отырса, облыс орталығында оңайлықпен шешілер түрі көрінбейді. Қазір жұмыс істейтін 27 балабақша мен 23 шағын орталыққа 6429 бүлдіршін тартылған. Ал, кезекте тұрушылардың саны – 9526. Олардан 3 пен 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндерді қамту деңгейі – 75,9 пайыз ғана. Жалпы, тізім бойынша көрсеткіш 50 пайызға да жетпейді. Бағдарлама қолға алынғаннан бері 2368 орын берілсе, соңғы жылдары қарқынның саябырсып қалғаны байқалады. Мәселен, биыл 628 орын ашу жоспарланса, келесі жылғы меже – 380 орын ғана. Неге деген сауалымызға қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлмира Кәрімова соңғы жылдары өңірімізде бала туу көрсеткішінің жақсарғанын, 2018 жылға дейін республикалық қаражатқа балабақшалар салынбайтынын, мектептерде шағын орталықтар ашу мүмкіндігінің сарқылғанын, жаңа ғимараттар тұрғызуға жер телімдерінің тапшылығын көлденең тартты. Үш жасқа толмаған бүлдіршіндердің үйде болатынын ескерсек, кезекке тұрушылар арасында 4 жасқа дейінгілердің үлесі тым басым. Балабақша, бала өмірімен қоян-қолтық араласатын тәрбиеші мамандарының жетіспеуі де ойлантпай қоймайды. Ендігі үміт кәсіпкерлердің қолдауы мен бұрынғы балабақшалардың қайтарылуына келіп тіреледі. Алайда, бұл бағыттарда да проблемалар аз болмай шықты.
Жекешеленген ғимараттарды қайтару – машақат
Бір кездері Петропавл қаласында 80-ге жуық балабақша болған екен. Сеніңіз, сенбеңіз – ақиқаты осы! Жекешелендіру тұсында ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен. 30-ға жуығы жеке адамдарға сатылса, бір бөлігіне мекеме, ұйымдар иелік еткен.
Облыстық әкімдіктің бір отырысында аймақ басшысы Самат Ескендіров «Балапан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысындағы кемшіліктерді атап көрсетіп, бұрынғы балабақшаларды мүмкіндігінше коммуналдық меншікке алып, қалпына келтіру жұмыстарын тездетуді, мемлекет-жекеменшік серіктестік әлеуетін кеңінен пайдалануды тиісті орындарға міндеттеген болатын. Осыдан кейін өзгелердің қанжығасында кеткен нысандардың тізімі алынып, қайтару тетіктері қарастырылды. Осы күні мемлекеттік органдар мен ұйымдар қоныстанған балабақша ғимараттары босатылып, күрделі жөндеу жүргізілуде. Атап айтсақ, әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің ғимаратын 80 орынды балабақшаға айналдыру жұмысы аяқталуға жақын. «Сана» педагогикалық колледжіне 64 сәби орналасатын болады. СҚМУ-дің бұрынғы ғимараты 280 орынға лайықталмақ. Келешекте көпқабатты коммуналдық үйлердің бірінші қабатын тәрбие ошақтары ету, бос ғимараттарды сатып алу жайы ойластырылған. Балабақшалар санын барынша көбейтудің басқа жолдары да қарастырылған. Алайда, лауазымды шенеуніктердің баспанасына, түрлі өндіріс орындарына айналған нысандарды коммуналдық меншікке алу–қиынның қиыны. Мәселен, биыл қайтарылу керек деп түйінделген бұрынғы 10 балабақшаның 7-уін ОСЭС санитарлық-гигиеналық талаптарға мүлдем сай келмейтінін айғақтап, жарамсыз деп тапқан. Мұндай тұжырым жағдайды күрделендіре түсері анық.
Ал, мемлекет-жекеменшік серіктестік жүйесіне ірі шаруашылықтарды тарту өріс алғанымен, жеке кәсіпкерлердің ынта-ықыласы әлі төмен. Оның себебін «Ілиясов» ЖК жетекшісі Балдырған Ілиясов былай түсіндіріп берді.
– Жаңа балабақша ашу үшін біраз жүгіруге тура келді. Бір жағынан, түсінікті де. Тиісті орындардың талаптарын орындамай болмайды. Мәселен, ғимараттың жеке, жанында жер телімдері, әр балаға кемі екі шаршы метр пайдалы алаң болуы шарт. Біз қаланың шеткері аумағында орналасқан Жұмысшы ықшам ауданынан тігін ательесінің иесіз қалған ғимаратын сатып алу үшін «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында банктен қомақты несие алып, күрделі жөндеу жүргіздік. Әу баста 73 орынға ыңғайлап едік, жер телімінің аздығынан СЭС рұқсат бермеді. Сосын 32 орынды шағын орталыққа бейімдедік. Кейін әкімдіктің қолдауымен қосымша жер телімдерін алып, жоспарымызды іске асырдық. Құжаттарды рәсімдеуде, несие алуда бюрократтық кедергілер мен қағазбастылық көп кездесті. Соның салдарынан уақыт жағынан біраз ұтылғанымыз рас.
Демек, мемлекет-жекеменшік серіктестік шеңберінде балабақшалар мен шағын орталықтар ұйымдастыру жеңіл шаруа емес деген сөз. Банктер тарапынан кепілдік мүліктерге қойылатын қатаң талаптарды былай қойғанда ғимараттарды балабақшаға сәйкестендіру, коммуникациялық желілер тарту, басқа да міндеттерді орындауға екінің бірі шыдас бермейтіні айтпаса да түсінікті. Жүйкені жұқартатын осындай қолайсыздықтардан кейін қандай қызығушылық күтуге болады? Бар-жоғы 14 жекеменшік балабақшаның құрылғаны сондықтан. Ал, бүгінде екіжақты меморандум аясында ашылуға тиіс балабақшалардан қаржыландырылғаны санаулы ғана. «Тайрам» ЖШС 50 орынды шағын орталық ашуға қанша әрекеттенсе де, машақатын тартып келеді. Қалғандарының сайда саны, құмда ізі жоқ. Елбасы ерекше назар аударған мемлекет-жекеменшік серіктестік жүйесін дамыту ісіне кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы белсене атсалысудың орнына сырттай бақылаушы ретінде ғана қалған сияқты.
Біз қаланың есебіне қайтарылуға тиіс бұрынғы балабақшалардың тізімін қарай отырып ішкі мүмкіндіктердің әлі таусылмағанын, шындап күш салса, талайының ортақ меншікке алынарын жобаладық. Әзірге үміт аз, күдік мол.
БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің 140 орынға шақталған «Ашық аспан» балабақшасы талаптарға сай келмейді деген ұсынысын сот қолдап, жабуға шешім қабылдады. Ал меншік иесі Нина Мацкевичтің қарсы талап-арыз түсіргені мәлім болды.
Бір жағы түзетіліп жатса, екінші ұшынан қиюы қашқан шетін мәселелердің ащы ішектей шұбатылып шыға келгені көсегені көгерте қоймасы анық. Жағдай осылай қалыптаса берсе, алдымен кішкентай бүлдіршіндер мен ата-аналар зардап көретіні даусыз. Бұдан кейін өңірде «Балапан» бағдарламасы орындалмай жатса, таңданбаспыз.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.