• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Қазан, 2020

Түркістан облысында коронавирус инфекциясын анықтайтын зертхана ашылды

234 рет
көрсетілді

Түркістан облысында коронавирус инфекциясының ықтимал белең алу жағдайлары ескеріле отырып, емдеу мекемелерінде жұмыс жоспары бекітілген. Жалпы, медициналық ұйымдарда 6000-ға жуық төсек орны қарастырылған. Облыстағы медициналық мекемелердің пандемияның болуы мүмкін екінші толқынына дайындық барысымен танысу мақсатында БАҚ өкілдеріне арналып пресс-тур ұйымдастырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Айта кетерлігі, аудан-қалалардағы ауруханалардың материалды-техникалық базасы жақсартылып, өкпені жасанды желдету аппараттар саны 65 пайызға артқан. Сонымен қатар, 80 оксиген аппараты алынып, оттегі концентраторларының саны 900 бірлікке жеткен. Бұдан өзге, аурухана аймақтарынан салынған оттегі станциялары екі есеге артқан.

Емдеу мекемесін толығымен оттегімен қамтамасыз ететін станцияның бірі Кентау қалалық орталық ауруханасында орнатылған. Аурухана жаңадан ашылған гемодиализ орталығы, компьютерлік томография, сандық рентген аппараты, жаңа үлгідегі УДЗ мен зертханалық диагностикалық аппараттарымен жабдықталған.

"Індеттің бірінші толқынында орын алған кемшіліктерді болдырмау үшін бүгінде барлық тиісті жағдайлар жасалуда. Атап айтсақ, 2-3 айға жететін ауруға қарсы қолданылатын дәрі-дәрмек қоры жасақталды. Қажетті құрал-жабдықтар жеткілікті деңгейде алынды. Енді облыстық медициналық жедел-жәрдем қызметі жыл соңына дейін қосымша 120 көлікпен қамтылатын болады. Шалғай ауылдарға 12 жылжымалы медициналық кешен алынуда", – деді облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов.

Сонымен қатар Арыс қалалық орталық ауруханасында да Covid-19 инфекциясымен күрес жұмыстары қолға алынған. Медициналық ұйым жеке қорғаныс киімдері мен дәрі-дәрмектің екі айлық қорымен қамтамасыз етілген. Жансақтау бөлімінде 9 өкпені жасанды желдету аппараты, қосымша оттегі оксигенераторлары және басқа да қажетті медициналық құрал-жабдықтар орнатылған. Сондай-ақ, коронавирус инфекциясымен күреске жұмылдырылған 19 мобильді топ халыққа қызмет көрсетуде.

Ал Ордабасы аудандық орталық ауруханасында коронавирус инфекциясын анықтайтын зертхана іске қосылған. ПТР сынамасы бойынша анықтайтын зертхана тәулігіне 500-ге жуық тест қабылдауға мүмкіндігі бар. Алдағы уақытта Арыс қаласы мен Бәйдібек аудандарынан сынама қабылдау жоспарлануда. Түркістан облысы бойынша мұндай 12 зертхана жұмыс істеуде. Сонымен қатар, ауданда ескі аурухана ғимараты толық күрделі жөндеуден өткізіліп, 100 төсек орынды провизорлық, 10 орынды обсервациялық бөлім ашылған. Қазіргі таңда емдеу мекемесі жеке оттегі станциясы, 23 өкпені жасанды желдету аппаратымен жасақталған.

Айта кетейік, аймақта бүгінде жалпы 23 429 медицина қызметкері бар. Оның 5000-нан астамы дәрігерлер, қалғандары орта буын мамандары. Ақ халатты жандардың ерен еңбегінің арқасында өңірде қауіпті індетті жұқтырған 3331 науқас толық жазылып шыққан. Жалпы, пандемия белең алғалы облыста Covid-19 инфекциясы расталған 3395 жағдай тіркелді. Олардың 2355-де ауру симптомсыз өткен.