А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық және Л.Н.Толстой атындағы Қостанай облыстық кітапханалары арасында тұңғыш рет әдеби телекөпір өткізілді. Телекөпірге кітапханашылар, ақын-жазушылар, филология, журналистика факультеттерінің студенттері, ұстаздары қатысты.
А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық және Л.Н.Толстой атындағы Қостанай облыстық кітапханалары арасында тұңғыш рет әдеби телекөпір өткізілді. Телекөпірге кітапханашылар, ақын-жазушылар, филология, журналистика факультеттерінің студенттері, ұстаздары қатысты.
Өзінің қайталанбас көркімен, тамаша табиғатымен талайды тамсандырған шырайлы шығыс Қостанай өңіріне талантты ақын-жазушыларын таныстырып, қостанайлық қаламгерлердің лебізін тыңдады. Кездесу барысында екі жақ – өскемендік «Шабыт», қостанайлық «Таза бұлақ» ақындар мектебінің мүшелері әдебиет пен мәдениет мәселелерін сөз етті. Пікір алмасуға Шығыс Қазақстан облысы жағынан «Егемен Қазақстан» газетінің өңірдегі меншікті тілшісі, бірнеше кітаптың авторы Оңдасын Елубай, ақын Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бақытжан Райысова, республикалық, облыстық жыр мүшәйраларының бірнеше дүркін жүлдегері жас ақын Қызықбек Дүргенбай, ШҚМУ студенті, қазан айында Алматыда өткен өнер фестивалінің 2-орын иегері, жас ақын Жандос Аманжолұлы қатысты.
Оңдасын Елубай Өскеменде Қазақстан Жазушылар одағының филиалы бар екенін, облыс әкімі Б.Сапарбаевтың бастамасымен 200 томдық «Алтай» кітапханасы жобасы бойынша қазірдің өзінде жиырмаға тарта қаламгерлердің шығармалары жарық көргенін, «Отыкен» журналының 2 мың данамен республикаға тарап жатқанын тілге тиек етіп, өңіріндегі ақын-жазушылар, олардың әдеби ортасы, кітап шығару т.б.атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталды. Сонау 80-жылдары өзіне ағалық қамқорлықпен ақжол тілеген қостанайлық ақын Ғафу Қайырбековті ерекше сезіммен еске алған ақын Бақытжан Райысова өзінің жерлесі Оралхан Бөкейге арнаған өлеңін оқыды. Жас ақындар Қызырбек пен Жандос өздерін таныстыра келе жырдан шашу шашты.
Телекөпірде қонақтар жағынан сөз алған Л.Толстой атындағы кітапхана директоры Г.Қазина әдеби бейнекөпірдің мақсаты – екі өңірдегі шығармашылық істерге серпін беруді, қарым-қатынасты күшейтіп, тәжірибе алмасуды көздейтінін айтты. Қостанай мемлекеттік университетінің деканы К.Есіркепова оқу орындарындағы жастарға қолдау көрсету қажеттігін айтты. Қостанайлық ақын-жазушылар Серікбай Оспанов, айтыскер-ақын Әлфия Орманшина, ақын Салтанат Өтелбаева т.б. өздері жайлы айта келіп, Қостанайдағы әдеби орта туралы сөз қозғады. Диалог түрінде өткен кездесу ешкімді бейжай қалдырмады.
Жансая ӘШКЕНОВА,
А.С.Пушкин атындағы облыстық
кітапхананың бас кітапханашысы.
ӨСКЕМЕН.