Астана мен Оттава арасындағы түрлі бағыттардағы ынтымақтастықты тереңдетуге серпін қосады деген сенім бар
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Астанаға ресми сапармен келген канадалық әріптесі Джон Бэрдпен кездесу өткізді. Бұл Канада сыртқы саясат ведомствосы басшысының Қазақстанға екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 1992 жылдан бергі алғашқы ресми сапары болып табылады.
Астана мен Оттава арасындағы түрлі бағыттардағы ынтымақтастықты тереңдетуге серпін қосады деген сенім бар
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Астанаға ресми сапармен келген канадалық әріптесі Джон Бэрдпен кездесу өткізді. Бұл Канада сыртқы саясат ведомствосы басшысының Қазақстанға екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 1992 жылдан бергі алғашқы ресми сапары болып табылады.
Кездесу барысында екіжақты саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың кең ауқымы талқыланды. Бұл бағыттағы ынтымақтастық Қазақстан-Канада қарым-қатынасының «локомотиві» болып табылады. Е.Ыдырысов Канада ТМД, Шығыс және Орталық Еуропа елдері арасында Қазақстанның басты сауда әріптесі екенін атап өтті. Бұл орайда Қазақстан да Канада үшін Солтүстік, Орталық және Оңтүстік Америка мемлекеттері арасында жетекші әріптес болып саналады. 2012 жылы екіжақты сауда-саттық көлемі 3,3 млрд. АҚШ долларын құраса, үстіміздегі жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында өзара сауда көлемі 2 млрд. долларға жуықтаған.
Екі елдің инвестициялық әріптестігі келіссөздің маңызды тақырыбына айналды. Тараптар аталған саладағы ынтымақтастықты әрі қарай тереңдете берудің екі жаққа да тиімді екенін атап көрсетті. Қазақстан Ұлттық банкінің деректеріне қарағанда, Канаданың 1993 жылдан бері қарайғы Қазақстанға салған тікелей инвестициясының көлемі 6 млрд. доллардан асып түскен. Бұл 9-шы орын дегенді білдіреді. 2012 жылдың қорытындысы бойынша, Канада Нидерландымен, Қытаймен, Швейцариямен, АҚШ-пен, Бельгиямен және Франциямен бірге Қазақстанның экономикасына мол қаржы салған жетекші инвесторлар қатарына енген. Канаданың былтырғы инвестициясы 743 млн. долларды құрап отыр. Канада инвестициясының негізгі ағыны Қазақстанның мұнай-газ секторы мен уран өндірісіне бағытталыпты.
Сұхбаттастар, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіп кешені салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін де талқылады. Өйткені, бұлар екіжақты қарым-қатынастың маңызды бағыттары болып табылады. Канаданың ауыл шаруашылығы техникалары мен құрал-жабдықтары Қазақстанда сұранысқа ие. Ал Канада үшін Қазақстан – ауыл шаруашылығы мен астық құрал-жабдықтары рыногындағы аса ірі экспортшының бірі.
Кездесуде жоғарыда аталған мәселелермен қатар, ядролық қаруды таратпау саласындағы ынтымақтастық, білім беру, сондай-ақ, Қазақстан азаматтары үшін визалық режімді жеңілдету мәселелері талқыланды.
Джон Бэрд екеуара кездесуден кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында қысқаша пікірімен бөлісті. Ол Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруды таратпау саласындағы көшбасшылығын жоғары бағалайтынын мәлімдеді. Оның атап өтуінше, Қазақстан мен Канаданың инвестициялық ынтымақтастығы өте үлкен әлеуетке ие және Канада біздің елімізді бүкіл Орталық Азиядағы инвестициялық қызметі үшін тұғырнама ретінде қарастырады.
Сапар аясында Джон Бэрд Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевпен екі ел үкіметтері арасындағы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл құжат екіжақты тиімді ынтамақтастықты тереңдетуге қажетті құқықтық негіз қалауды қамтамасыз етеді және Канаданың жаңа технологиялары мен жетекші тәжірибесін елімізде енгізуге жол ашатын болады деп күтілуде.
«Егемен-ақпарат».