• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
15 Қараша, 2013

Сазды әуенді сырлы кеш

445 рет
көрсетілді

Астананың Бейбітшілік және келісім сарайында Санкт-Петербург қаласының Астанадағы күндеріне келген Ресей мемлекеттік орыс оркестрінің орындауында концерт болды.

Оны Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Санкт-Петербург қаласының губернаторы Георгий Полтавченко құттықтау сөздермен ашты. Концертке келген астаналықтар мен қонақтарға сәлем жолдаған Иманғали Нұрғалиұлы концерттің алдында Астана мен Санкт-Петербург қалаларының арасында екі жылға арналған ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанын жеткізді. Бұл келісім қала құрылысы, коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік, туризм, тағы басқа бірқатар саланы қамтиды.

Кеден одағының құрылуымен арта түскен сауда-экономикалық көрсеткіштер үстіміздегі жылдың 8 айында 15,2 млрд. долларға жетіп отыр. Бүгінгі күні Қазақстанда ресейлік капиталдың қатысуымен құрылған 4 мыңнан артық кәсіпорын жұмыс істейді, дей келіп, И.Тасмағамбетов ынтымақтастықтың үлкен бөлігі мәдени-гуманитарлық саланы қамтитынын айтты. Осы орайда, біз Ресейдің мәдени астанасы – Санкт-Петербургпен арадағы әріптестіктің ұлғая түскеніне қуанамыз. Бүгін сіздердің алдарыңызда өнер көрсеткелі отырған оркестрдің де біздің елдің тұрғындарына қайталанбас қуаныш сыйларына сенімдімін. Өнер тілімен берілетін жан ләззатын ешқандай сөзбен жеткізе алмайсың. Сондықтан да бүгінгі кеш өнерсүйер қауымның есінде ұзақ уақыт сақталары сөзсіз, деді ол.

Жауап сөзінде Г.Полтавчен­ко Санкт-Петербург пен Қа­зақстанның ежелден әріптес еке­нін айтты. Біздің қаламыз қазақ халқының ұлы ақыны Жамбыл Жабаевты ұмытпай, әрқашан еске алып отырады. Ленинград қоршауының қатерлі жылдарында оның «Ленинградтық өренім, Мақтанышым сен едің...» деген жалынды өлең жолдары біздің қала тұрғындарының жандарына жалын, жүректеріне қуат берді. Көптеген адамдар өмірден үмітін үзбей, Жамбылдың қуатты жырларынан күш алып қана тірі қалды. Қазір қаламызда Жамбылға ескерткіш ашылған, оның атында көше де бар. Сол жылдары біздің қаламыздың тұрғындарымен қатар, мыңдаған қазақстандықтар да ортақ жауға қарсы ерлікпен шайқасты. Бүгінгі санктпетербургтіктер Қазақстанның біздің шаһарымызға сіңірген сол еңбектерін ұмыт­пай­ды, дей келіп, губернатор Астана қаласының тұрғындарына сыйлық ретінде белгілі оркестрдің концертін әкелгенін айтты.

Халық аспаптарының сүйемелдеуімен өнер көрсететін ұжым өздерінің көркемдік жетекшісі, Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері Владимир Поповтың басқаруында сіздерге тамаша кеш сыйлайтынына сенімдімін, деп бітірді губернатор өзінің сөзін.

Осыдан әрі концерттік оркестр өз өнерлерін ортаға салып, А.Шейкманның «Корабейники», А.Альябов пен А.Вьетанның «Соловей», С.Рахманиновтың «Не пой, красавица, при мне», және т.б. композиторлардың және «Вдоль по Питерской», «Ан, Настасья!» секілді орыстың халық әндерін орындады. Оркестрдің солистері халықаралық конкурстардың лауреаттары Мария Литке (сопрано) мен Евгений Кунгуров (баритон) екен.

Ұзын-саны 34 виртуоз-музыканттардан тұратын оркестр, сөйтіп, астаналықтарға ұмытылмас кеш сыйлады.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан».

Суреттерді түсірген

Ерлан ОМАРОВ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар