Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков отставкаға кетіп, оның орнына премьер-министр Садыр Жапаров мемлекет басшысының лауазымын уақытша атқармақ. Алайда көрші елдегі жағдай мұнымен тұрақталды деп айтуға әлі ерте сияқты.
С.Жээнбеков 15 қазан күні Қырғызстан азаматтарына елдегі қалыптасқан қоғамдық-саяси жағдайға байланысты үндеу жасады. Онда президент саяси ахуалдың тұрақтанбағанына байланысты осындай шешімге келгенін мәлімдеді.
«Еліміздің астанасы Бішкек қаласында қоғамдық-саяси жағдай күрделі болып отыр. Кеше Жоғарғы кеңес үкімет құрамын бекітті, мен Қырғыз Республикасы президентінің тиісті тағайындаулар туралы жарлығына қол қойдым. Бірақ бұл шиеленіскен жағдайды қалпына келтірмеді. Өкінішке қарай, агрессия азаймаған. Менің тез арада отставкаға кетуімді талап етіп жатыр. Қазіргі жағдай екіжақты қақтығысқа жақын. Бір жағынан – наразылық білдірушілер, екінші жағынан – құқық қорғаушылар. Әскери қызметкерлер мен құқық қорғау органдары Мемлекеттік резиденцияны қорғау үшін қару қолдануға міндетті. Мұндай жағдайда қан төгілетіні сөзсіз. Мен екі тарапты да арандатушылыққа берілмеуге шақырамын», деді С.Жээнбеков.
Сондай-ақ ол Қырғызстандағы бейбітшілік, ел бүтіндігі, халықтың бірлігі мен қоғамдағы тыныштықты бәрінен жоғары қоятынын жеткізді. Сондықтан осындай қадамға барып отырғанын айтты.
«Мен үшін әрбір отандасымның өмірінен асқан ештеңе жоқ. Мен билікке таласпаймын. Қырғызстан тарихында өз азаматтарына оқ жаудырып, қан төккізген президент ретінде қалғым келмейді. Сондықтан мен отставкаға кету жөнінде шешім қабылдадым. Жапаров пен басқа саясаткерлерден өз жақтастарын ел астанасынан алып кетіп, Бішкек тұрғындарына бейбіт өмірді қайтарып беруді сұраймын. Ешқандай билік еліміздің бүтіндігі мен қоғамдағы татулықтан артық емес» делінген үндеуде.
Естеріңізде болса, 4 қазанда Қырғызстанда парламенттік сайлау өткен-ді. Дауыс берудің қорытындысына сәйкес, парламентке 4 партия өтіп, «Биримдик» партиясы – 46, «Мекеним Кыргызстан» партиясы – 45, «Кыргызстан» партиясы – 16, «Бүтүн Кыргызстан» партиясы 13 депутаттық мандат иеленген-ді. Бірақ оппозициялық партиялар сайлау нәтижесімен келіспейтінін білдіріп, митингке шықты. Осылайша «Алатау» алаңына жиналғандар әуелі дауыс беру қорытындысын жоққа шығарып, қайтадан сайлау өткізуді талап еткен. 5 қазан күні наразылар президент резиденциясын басып алды.
Шерушілердің бір тобы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің ғимаратына шабуыл жасап, тергеу изоляторында жатқан бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевты шығарды. Сондай-ақ таң атқанға дейін түрмеде жатқан бұрынғы премьер-министр Сапар Исаковты, бұрынғы депутат Садыр Жапаровты босатып алды.
Елдегі бей-берекетсіздік мұнымен біткен жоқ. Алаңға атойлап шыққан айыр қалпақты ағайын мемлекеттік мүлікті талан-таражға салуға да кірісіпті. Мұндай бейбастық жалғаса берер ме еді, кейінірек еріктілер тонаушыларға қарсы топ құрып, маңызды нысандарды қорғауға алды.
Сондай-ақ осы күні Жоғарғы кеңестің депутаттары екіге бөлініп, жиындарын өткізді. Олардың бір тобы Жоғарғы кеңестің спикері Дастанбек Жұмабековтің, үкімет басшысы Кубатбек Бороновтың өз ықтиярымен қызметінен босату туралы өтінішін қабыл алып, Жоғарғы кеңестің төрағасы етіп бұрынғы депутат Мықтыбек Абдылдаевты, үкімет басшысы етіп Садыр Жапаровты тағайындады. Кейінірек Жоғарғы кеңестің төрағасы болып Қанат Исаев сайланды.
Дегенмен кейінірек С.Жапаровтың премьер-министр лауазымына сайлануы заңсыз екенін алға тартқандар көп болды. Өйткені парламент отырысында қажетті кворум жиналмаған. 14 қазанда депутаттардың кезекті отырысы өтті. Онда Жапаровтың үкімет басшысы лауазымына кандидатурасы мақұлданды. Бекіту туралы қаулы президентке жіберіліп, оған С.Жээнбеков қол қойды.
Ал 15 қазанда С.Жапаров президент лауазымын уақытша атқару міндетін өз мойнына алғанын хабарлады. Ол бұл сөзін үкімет үйі жанындағы митингіге қатысушылармен кездесуде айтты.
«Президент Сооронбай Жээнбеков отставкаға кету туралы өтініш жасады. Жоғарғы кеңес спикері Қанат Исаев та президент міндетін атқарудан бас тартып, ол да өтініш жазды. Президенттің және премьер-министрдің құзыреті маған өтеді», деді С.Жапаров.
Осы орайда Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді көрші елдегі жағдайға қатысты мәлімдеме жасап, ондағы жағдайдың тұрақталып келе жатқанына ризашылық білдірді.
«Көрші мемлекеттегі оқиғаларды тек қана ішкі мәселесі ретінде қарастыра отырып, жаңадан құрылған үкіметті қазіргі күрделі саяси жағдайда өз әрекеттерін тұрақтылық, құқық үстемдігі, қоғамды біріктіру, экономикалық даму үшін жағдай жасауға бағыттауға шақырамыз. Елдің барлық саяси күштерінің Қырғыз Республикасы Конституциясының нормалары мен қағидаттарын қатаң сақтай отырып, дағдарыс жағдайынан абыроймен шығуға мүмкіндік беретін салмақты және іскер шешімдерді іздеуге бар күш-жігерін жұмсайтынына үміт артамыз» делінген хабарламада.
Алдын ала есептеу бойынша, Қырғызстандағы саяси тұрақсыздық салдарынан 10 қазандағы шығын көлемі 8 млрд сомды құрады немесе бүкіл ел бойынша 104 млн долларға жуық кірістен қағылды. Мұндай деректерді Қырғызстан бизнес-қауымдастығы ұлттық альянсы ұсынып отыр.
Сарапшылардың пікірінше, шамамен 210 млн долларды құрайтын жиырмадан астам келісімшарт пен бизнес-жобалардан қағылған. Саяси тұрақсыздық салдарынан миллиардтаған сом жоғалтып, жұмыссыздық, салықтар мен төлемдер жоспары көбейіп, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы нашарлауы мүмкін.