Елімізде донорлық жүректі трансплантациялау бойынша екінші ота сәтті жасалды. Бұл жөнінде «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында» өткен баспасөз мәслихатында орталықтың басқарма төрағасы Юрий Пя мәлімдеді.

«Барлық қызметтің жүйелі жұмысы осы отаның сәтті өтуіне септігін тигізді. Донорлық жүрек 1200 шақырым қашықтықтан, яғни, Алматы қаласынан 7 қараша күні жеткізілді. Негізінде, донордың жүрегі төрт сағаттың ішінде трансплантациялануы керек. Біз бұл жолы Organ Care System бірегей медициналық қондырғысының қызметін пайдаландық. Бұл қондырғы жүректі 12 сағатқа дейін сақтай алады. Енді елдің кез келген түкпірінен донорлық жүректі жеткізуге мүмкіндік бар», деді Ю.Пя.
Оның айтуынша, донорлық жүректі сақтауға арналған қондырғының бағасы – 400 мың доллар. Оны тек арнайы дайындалған мамандар ғана пайдаланып, жұмыс істей алады. Organ Care System қондырғысы бүгінде АҚШ, Австралия мен Германияның әлемдік деңгейдегі үш ірі клиникасында ғана пайдаланылады екен.
«Ота сәтті өтті, қазір емделушінің жағдайы тұрақты. Әрі қарай барлығы жоспарға сай болады деп есептейміз», деп атап өтті дәрігер.
«Егемен-ақпарат».