Ұлы Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген өсиеті – биылғы Волонтер жылының туы іспеттес. Атаулы жылға арналған шараларда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «біреуге қолұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Халқымызда осындай береке-бірлікке шақыратын Асар дәстүрі бар. Бұл – ғасырлар бойы құндылығын жоймаған ата салтымыз» деген еді.
«Egemen Qazaqstan» газетінің 14 қазандағы санында жарық көрген «Сырдағы даярлық саябырлап қалғандай...» атты мақалада Қызылорда облысындағы волонтерлердің пандемия кезінде жұмыла атқарған жұмыстары жоғары бағаланыпты. Расында сол сындарлы кезеңнен іргеміз бүтін, берекеміз бекем күйде шығуға волонтерлер көп еңбек сіңірді. Сыр елінің азаматтары өз көліктерімен науқастанғандарға дәрі-дәрмек, оттегі баллонын тасып, автоволонтерлікті қалыптастырып, игілікті істің ізашары болды. Көлігі бар жігіттер өздері хабарласып, «қандай көмек керек?» деп сұрап, бір қолдың саласындай болып ұйымдасып жұмыс істегенде олардың көзінен шын жанашырлықты байқадық. Дәріханалардан керегін таба алмаған ағайынды демеуден де тыс қалмады. Күллі облыс тұрғындарын басы артық дәрілерді бір орталыққа жинастыруға шақырды. Сөйтіп жиналған дәрінің тізімін әлеуметтік желілерге жариялап, мұқтаждарға жеткізіп берді. Бұл волонтерлер атқарған жұмыстардың теңізге тамған тамшыдайы ғана.
Алайда мақалада кейінгі уақытта волонтерлерді бағыттап отыруды ұмыт қалдырғандай деп мақала авторының жергілікті билікті сынай жазған тұсына төмендегідей мысалдарды келтірер едік.
Тағы да хакім Абайға жүгінсек, «Қарекет қыл, пайдасы көпке тисін» дейді. Мақалада көрсетілген «Жаңарған Жаңақорған жастары» волонтерлер тобының, қазалылық жастардың бастамаларын іліп әкетіп, басқа аудандарда да аясын кеңейту үшін жұмыстар жасалуда.
Волонтер жылы аясында Қызылорда облысында өңірлік фронт-офис пен «Syr Volonterlary» орталығы құрылды. Еріктілер штабы 14 жалғызбасты қарт пен тыл ардагерінің үй шаруашылығына, қала аумағындағы мешіттердің тазалық жұмыстарына қолғабыс тигізді. ҰБТ-ға дайындалған түлектерге математикадан сенбі сайын 5 рет тегін курс, кейін онлайн курстар ұйымдастырылды. Заңгерлік кеңеске мұқтаждарға Әділет департаментінің мамандары және ерікті заңгерлер тегін консультация берді.
«Донор бол» акциясы қан керек болған науқастардың аяғынан тік тұруына, «Далатекс» ЖШС басшысы Д.Абызов ұйымдастырған тұрғындарға 7 мың маска тарату бастамасы пандемияның бас кезіндегі қорғаныш құралының тапшылығын жоюға оң әсер етті.
Кәсіпкерлердің аз қамтамасыз етілген отбасыларға азық-түлік тарату ісіне жұмылуы, бір ғана Мағжан Ералиевтің 300 отбасына қамқорлық көрсетуі, көрші облыстағы мақтааралдық ағайынның басына түскен қиындыққа бейжай қарамауы Сыр бойындағы волонтерліктің өзіндік арнасы қалыптасқанын көрсетсе керек. Мақтааралға аттанған 10 автокөліктен тұратын қайырымдылық керуенін жасақтауға 30 бастамашы топ, 180 волонтер еселі еңбек сіңірді. Айналасы аз уақытта 15 тоннадан астам азық-түлік, киім-кешек, құрал-жабдық жиналып, жөнелтілді.
«Қызылорда волонтерлері» қоғамдық қорының директоры Ольга Чебакова пандемия өршіп тұрған кезде қала тұрғындарына, кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ақпараттық парақшалар таратып, қоғамдық тәртіптің орындалуын қадағалады. Волонтерлерді біріктіріп, тұрақты түнгі рейдтер, қоғамдық бақылау ұйымдастырды.
Әрине Сыр бойындағы волонтерлер қозғалысының атқарған жұмыстарын бір мақалада түгел қамту мүмкін емес. Көзіміз жеткен бір ақиқат – ауызбірлік, жанашырлық, жаныңдағы адамды жат көрмейтін бауырмалдық қасиеттер жойылмаған екен. Солардың ең негізгілерін мысалға келтірсек, жыл басынан бері волонтерлер 8451 мұқтаж отбасына әлеуметтік көмек көрсетуге атсалысты. Аз қамтылған 4870 отбасының балаларына оқу құралдары табысталды. Құрбан айт мерекесінде «Ақмешіт-Сырдария» мешіті үйлестірген Қызылорда қаласындағы 3830, аудандардағы 3431 отбасына қайырымдылық көмек үлестіру шарасына да волонтерлер жәрдемдесті. «Хикмет» қайырымдылық қоры демеушілік жасаған 1000 отбасына азық-түлік тарату ісіне меценаттар, мешіт қызметкерлері, автоволонтерлер жұмылды. Пандемиямен күресте алғы шепте жүрген медицина қызметкерлерін жан-жақты қолдау үшін «Мың алғыс» акциясы ұйымдастырылып, 255 медицина қызметкерінің отбасына азық-түлік жеткізілді. Ауруханаларда адам амандығы үшін үзіліссіз арпалысқан 1700 медқызметкер ыстық тамақпен қамтамасыз етілді, 72 оттегі баллоны тасымалданды. Акцияға 88 волонтер, 25 автоволонтер қатысты.
Бұл мәліметтерді не үшін келтіріп отырмыз?
Жұртшылық жұқпалы індетке қарамастан елдің қамы, халықтың денсаулығы үшін күрескен волонтерлердің игі істерге бір кісідей жұмылғанын білуі керек. Волонтерлер үйлестірген шаруалардың арқасында қаншама игілікті істің атқарылғанына уақыт төрешілік жасайтыны анық. Нағыз азаматтардың, азаматтық қоғам белсенділерінің, Сыр волонтерлерінің еңбегі лайықты бағаланатынын күн алда деп ойлаймыз.
«Syr Volonterlary» орталығы
Қызылорда облысы