Бала жауапкершілігі – ата-ана мойнында. Алайда баланы өмірге әкелгенмен әртүрлі себептермен ажырасқан ата-аналардың ортақ бала үшін жасалар жағдайдан жалтаруы жан ауыртады. Ересек адам ретінде өз жауапкершілігін сезініп, кейін өз баласының алдында кібіртіктемеуі үшін заңмен бекітілген алиментті өз еркімен, өз қалауымен төлейтін азаматтар аз емес. Керісінше, ажырасқан отбасын әуре-сарсаңға салып іздетіп, жұмыс орнын жасырып дегендей әбігерге салатын әкелер де көп кездеседі.
Алимент өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттардың орындалмауына борышкердің тұрақты кірісінің және өндіріліп алынуы мүмкін мүлкінің жоқ болуы, сондай-ақ жұмыс орындарының жетіспеушілігі әсер етеді. Әсіресе ауылдық жерлердегі борышкерлердің жаңа мекен-жайларын қалдырмай басқа өңірлерге уақытша тіркеусіз жұмыс істеп немесе кәсіп іздеп кетуі көп кездеседі. Сонымен қатар азғындық өмір салтын жүргізетін, тұрақты жұмысқа орналасқысы келмейтін, алкогольді асыра пайдаланатын борышкерлер де қарызды өндіру ісіне кедергі келтіреді.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің мәліметіне сәйкес Маңғыстау облысы бойынша аумақтық бөлім филиалдарының және жеке сот орындаушыларының өндірісінде орындауда алимент өндіру туралы 9 270 атқарушылық құжаты бар. Оның ішінде 5 576 атқарушылық құжаты мерзімді орындауда, яғни борышкердің жалақысынан өндірілуде. Сонымен қатар 3 012 атқарушылық құжаты бойынша борышкерлермен ерікті алимент төлемдері төленуде.
Алимент өндіру бойынша қиындық тудыратын 491 құжат бар. Оның ішінде 97 атқарушылық құжат бойынша борышкердің тұрғылықты мекен-жайы белгісіз болғандықтан сот орындаушысымен борышкерге іздеу салынып, атқарушылық іс жүргізулер борышкердің орналасқан жері белгілі болған немесе оның мүлкі анықталған кезге дейін тоқтатылып тұр.
Борышкерлерді заңға сай тәртіптік жазаға ұсыну – өз міндетінен жалтарғандарға ой салудың, бала-шағасы алдындағы парызын ұғындырудың бір жолы болмақ. Бұл тұрғыда Маңғыстау облысында 327 атқарушылық құжаты бойынша борышкерлер 3 айдан аса жинақталған қарыздар ішінара өндірілуде және 69 атқарушылық құжаттары бойынша 35 борышкерді әкімшілік, 57 борышкерді қылмыстық жауапкершілікке, 18 борышкердің жүргізуші куәліктеріне уақытша тоқтату туралы ұсыныс жолданған болса, 50 борышкердің ел аумағынан шығуына шектеу қойылған.
Өз отбасы алдында борышкерлердің әлеуметтік жағдайы әртүрлі болатыны белгілі. Сондықтан алимент өндіруде оларға мүмкіндікке қарай қолдау да көрсетіледі. Мысалы, өңірде жұмыссыз 491 борышкерге жұмысқа орналасу туралы хабарламамен жұмыспен қамту орталығына жіберіліп, 16 борышкер жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ 385 атқарушылық құжат өндіріп алушылардың алимент өндіріп алудан бас тартуына байланысты қысқартылған.
Азаматтың өзі саналы түрде уақытымен төлеп, бала тағдырына қамқор болмаған соң мәжбүрлі іске асыру бұл істе қиындық туындатады. Алайда әрбір азамат, әрбір бала мемлекет қолдауына ие, бала тағдыры жауапсыз қалмайды, сондықтан алимент төлеудің қиындықтарын жеңу, өтінім берушінің құқын қорғау – біз үшін басты міндет.
Айзат ТІЛЕНБАЕВ,
Маңғыстау облысы әділет департаменті басшысының орынбасары
Маңғыстау облысы