• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
15 Қараша, 2013

Жомарттық жоралғысы

370 рет
көрсетілді

«Туған ел – алтын бесігім!» және «Туған жерге – тағзым!» акцияларының бес жылдығы кенді Алтайда кең көлемде аталып өтті.

Өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың бас­тамасымен дүниеге келген «Туған ел – алтын бесігім!» және «Туған жерге – тағзым!» акциялары бір мақсаттан туған екі шараны көздейді.

.«Туған ел – алтын бесігім!» және «Туған жерге – тағзым!» акцияларының бес жылдығы кенді Алтайда кең көлемде аталып өтті.

Өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың бас­тамасымен дүниеге келген «Туған ел – алтын бесігім!» және «Туған жерге – тағзым!» акциялары бір мақсаттан туған екі шараны көздейді. Біріншісі – кіндік қаны тамған өлкеде білім алып, өздерінің іскерлігі мен талап-жігерлері арқасында кәсіпкерлікті меңгерген, кейіннен бақуатты адамдар қатарына қосылған соң тапқан табысының бір бөлігін туған жерлеріне арнағысы келетін азаматтарды іздестіру, солар арқылы игілікті істерге жол ашу. Екіншісі – өнер мен мәдениет, әдебиет пен ғылым саласында аты шығып, ел мерейін асырған зиялы қауым өкілдерін жастар тәрбиесіне жұмылдыру. Міне, осындай өнегелі акция нәтижесінде бес жыл ішінде өңірде 300-ден астам мәдениет ғимараттары жөнделіп, 4 миллиард теңгенің өнімдері жәрмеңкелерде саудаланған. Ал өңірден шыққан танымал тұлғалар 20 миллиард теңге өз қаржыларына балабақша, спорт кешендерін, қонақүй, басқа да әлеуметтік ғимараттарды салып беріпті.

Өткен сенбіде Жарма ауданының орталығы Қалбатауда қос акцияның 5 жылдығы кең көлем­де аталып өтті. Ең алдымен облыс әкімі Б.Сапарбаев бастаған топ шалғайда жатқан Жарық ауылына келді. Бұл жерде өңір басшысын атақты балуан Дәулет Тұрлықанов, Жарма ау­данының әкімі Әнуарбек Мұқтарханов, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қарсы ал­ды. Дәулет Болатұлы ауылдың 220 адамын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Осы жолы жерлестеріне екі комбаин, екі тракторды сыйға тартты.

– Елбасының Қазақстан халқына Жол­дауында отандық өндірісті дамыту міндеті қойылғаны белгілі. Бердібек Мәшбекұлының бастамасына үн қосып Жарық ауылында құны 35 миллион теңге болатын тойхананы салып бердім. Ол бүгін ашылмақ. Ауыл тұрғындары биыл 4 мың гектарға арпа, бидай егіп, гектарынан 15 центнерден алтын дән жинап алды. Аманшылық болса, орақта ерекше көзге түскен үздіктер бүгін марапатталмақ. Аудан орталығы Қалбатауда 280 миллион теңгеге өз қаржыма спорт және денсаулық кешені құрылысын бастадым. Ол келер жылы пайдалануға берілмек. Кіндік қаным тамған өлкеден өзімнің ізбасарларым шығып жатса, елдің абыройы емес пе, – дейді Әлем, Еуропа чемпионы, қос Олимпиада ойындарының жүлдегері Дәулет Тұрлықанов жұртшылықпен кездесуде. Бұдан кейін өңір басшысы Бердібек Мәшбекұлы «Туған ел – алтын бесігім!» акциясының мәні мен мағынасы жайлы айта келіп, Дәулет Тұрлықановтың өз жетістіктерін жерлестері игілігіне арнап отыр­ғанын тілге тиек етті. Қос азамат Саят пен Жұма­ділге жаңа трактордың кілтін табыс етіп, биік белестерді бағындыра беруіне сәттілік тіледі.

Түске дейін Жарық ауылында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша іске қосылған дәріхананың, «Бекзат» сауда үйінің салтанатты ашылуы болып өтті. Шағын ауылда дәріхананың ашылуы көпшілікті қуантып тастады. Бекзат Мұқаев деген азамат 3,5 миллион теңге несие алып дәріхананы іске қосқан. Өңір басшысы дәрілердің шығарылған уақытын көріп, мерзімі өтіп кеткен дәрі-дәрмектің қауіпті екенін, сатып алған кезде сақ болуы қажеттігін ескертті.

Аршалы ауылы Өскеменнен 200 шақырым, Алматыдан 890 шақырым шалғайда жатыр. Алтайдың қақаған қысы мен ақтүтек боранында жолда қалған жолаушылар қайда паналайды? Міне, осы проблеманы шешуге Семейдің іскер азаматы Серікбосын Бейсенбаев белсене араласқан екен. Аршалы ауылының маңында, жол жиегінде, табиғаты көз тартатын тау бет­кейінде «Маралды» кемпингін 80 миллион теңге өз қаржысына тұрғызыпты. Кемпингте жайлы, жиһаздары көз тартатын 10 бөлме, қоғамдық тамақтандыру, көлік жөндеу стансасы бар.

– Аршалы ауылының тұрғындарын қуа­ныштарымен құттықтаймын. Өңірде туризмді дамыту үшін осындай ғимараттарды көп салу керек. Қыста жолаушылар жолда қалып қойса осында келіп паналайды. 150 орындық асхана, қонақүй әрқашан әзір. Бөлмелерде ыстық су, душ бар. Серікбосын Қонысбекұлының «Туған жерге – тағзым!» акциясына үн қосып, жерлестерін қуантқаны, 15 адамға жұмыс тауып беруі үйренетін үрдіс, деді Бердібек Мәшбекұлы кемпингтің ашылуы салтанатында.

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен облыс өнерпаздарымен кездесуінде өңір басшысы мәдениет пен өнерді дамытуға лайықты үлес қосып жүргендерді марапаттады, бағалы сыйлықтарды табыс етті. Айта кету керек, мұның алдында Мәдениет үйінде облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар әртүрлі номинация бойынша топ жарғандарға құрмет көрсеткен болатын.

Аудан орталығы Қалбатау ауылы көркейіп, келбетімен көпшілікті сүйсіндіруде. Көшелердің барлығына асфальт төселген, Батырлар аллеясы алыстан мен мұндалайды, дәмханалар мен мейрамханалар, дүкендерге сан жетпейді. Әнуарбек Мухтарханов басқаратын бұл ауданда шағын және орта кәсіпкерлікке қатты көңіл бөлінетіндігі анық аңғарылады. Күрделі жөндеуден өткен Мәдениет үйі кірсе шыққысыз. Ауданның мәдениет саласын басқаратын өнер жанашыры, «Құрмет» орденді Аманжол Дәуітовтің жетекшілігімен өнерпаздар республикалық және халықаралық байқауларда сан рет топ жарған. Жаңадан бой көтерген орталық алаңға аудандық бюджеттен 30 миллион теңге бөлініп, оның құрылысы әдемі етіп салыныпты. Әр ауданнан келген өкілдер осындағы достық аллеясына ағаш көшеттерін отырғызды. Облыс әкімі аудан және қалаларды, «Туған ел – алтын бесігім!» акциясының қорытындысында суырылып алға шыққандарды әртүрлі номинация бойынша марапаттады. Бұдан кейін «Қолжетімді тұрғын үй-2020», «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламалары бойынша салынған 5 екі пәтерлі және 10 тұрғын үйдің кілтін тұрмысы нашар жандарға, жас отбасыларға тапсырды. Соңғысына республикалық бюджет 70 миллион, ал алғашқысына жергілікті бюджеттен 106,5 миллион теңге қаржы бөлініпті. Тұрғын үйлер сапалы салынған.

Кешкілік аудандық Мәдениет үйінде «Туған ел – алтын бесігім!» акциясының қорытынды гала концерті болып, мерекелік отшашу Қалбатау ауылын арайға бөлеп тас­тады. Ауыл тұрғындары түннің бір уағына дейін би билеп, өлең айтып, көңіл көтерді. «Туған ел – алтын бесігім!», «Туған жерге – тағзым!» акцияларының тәрбиелік мәні бар екеніне көпшіліктің көзі жетті. Алдағы уақытта шырайлы Шығыста өміршең бастама жалғаса бермек.

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Шығыс Қазақстан облысы,

Жарма ауданы.

Суретті түсірген автор.

Соңғы жаңалықтар