Елорданың бірқатар тұрғындары қазіргі тыйымға қарамастан, карантин режимінің шектеу шараларын елемей, отбасылық мерекелерді ұйымдастырып, қала тұрғындарына қауіп төндіруде. Құрамында тауарлар мен қызметтер сапасын мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, әкімдік пен Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің өкілдері бар мобильді топ карантинді бұзушыларды анықтай отырып, күнделікті рейдтер өткізуде, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осылайша 18 қазанда сағат 17.10-да полиция қызметкерлеріне қала тұрғындарының бірі "QUMAN" мейрамханасында ұйымдастырған 50 жылдықты тоқтатуға тура келді. Туған күн иесі жеке мерекесіне 60-тан астам қонақ шақырған. Шара барысында инспекторлар залға кіріп, отбасылық мереке тоқтатылады.
"Мейрамхана қожайыны мен іс-шараны ұйымдастырушы тыйым салынғанына қарамастан, адамдардың денсаулығына қауіп төндірді. Мейрамхана иесіне және іс-шараны ұйымдастырушыға қатысты жиналған материал ҚР ӘҚБтК 425 бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін тауарлар мен қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жіберілді", - делінген полиция департаментінің таратқан хабарламасында.
Мобильді топ бір тәулік ішінде 130-дан астам кәсіпкерлік нысанын тексеріп, карантинді бұзудың 36 фактін анықтады.
Мамандар заң бұзушылар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауап беретіндігін ескертеді.