Қазақстанның ірі инновациялық Kaspi.kz компаниясы London Stock Exchange (LSE) және Astana International Exchange-де (AIX) IPO-ның табысты өткені туралы хабарлады.
Бір депозитарлық қолхат бойынша ұсыныстың бастапқы бағасы 33,75 доллар деңгейінде белгіленді, бұл компанияның нарықта капиталдануы 6,5 миллиард долларға тең екенін білдіреді. London Stock Exchange-дегі бірінші күннің сауда-саттық қорытындысы бойынша Kaspi.kz-тің құны 20%-дан асты.
Kaspi.kz басшысы және негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе бұл туралы былай деді: «Біз әлемнің ең беделді және ірі инвестициялық компанияларын Қазақстан мен Kaspi.kz-тің инвестициялық тартымдылығына сендіре алғанымызға қуаныштымыз. Біздің табысты ІРО Қазақстанды әлемнің инновациялық картасына енгізуге және әлемнің ірі инвесторларына еліміздің қарқынды цифрлық трансформациясына қатысуға мүмкіндік береді. Сүйікті клиенттеріміздің өмірін жақсарту туралы миссиямызға сәйкес елдегі ең танымал супер-қосымша – Kaspi.kz-ті әрі қарай дамытамыз және клиенттеріміз бен серіктестерімізге, Қазақстанға бұдан да жоғары табыс әкелеміз».
Ал Kaspi.kz директорлар кеңесінің төрағасы және тең құрылтайшысы Вячеслав Ким: «Kaspi.kz тарихы он жылдан астам уақыт бұрын басталды. Осы мүмкіндікті пайдаланып, компанияның табысқа жету жолында маңызды рөл атқарған ерекше талантты және адал командамыздың әрбір мүшесіне алғыс айтқым келеді. Біз әуелден-ақ елімізді цифрландырудың алдыңғы қатарында жүрдік. Қазақстанда мемлекет инновациялық кәсіпкерлікті дамыту үшін өте қолайлы мүмкіндіктерді ұсынып, қалыптастыруда. Осы арқылы Kaspi.kz сынды инновациялық және технологиялық компаниялар қалыптасуда. Біздің табысты ІРО Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын жаңа деңгейге көтеріп, басқа қазақстандық компанияларға әлемдік нарық капиталына шығуға мүмкіндік береді деп сенеміз», деді.
Айта кетелік, Kaspi.kz миссиясы – клиенттердің өмірін жақсартуға арналған инновациялық өнімдер мен қызметтер көрсету. Біздің инновациямыздың негізінде өз саласындағы жалғыз және елдегі ең танымал, 7 миллионнан астам қазақстандық азамат қолданатын мобильді суперқосымша Kaspi.kz тұр. Kaspi.kz мобильді суперқосымшасының көмегімен клиенттеріміз төлем мен аударым жасап, жеке қаражаттарын басқарады және жеткізу қызметімен тиімді онлайн режімде зат сатып алады. Kaspi.kz-тің 10 мың қызметкерінің әрқайсысы күн сайын біздің сүйікті клиенттеріміздің өмірін жақсартып, инновацияларымызбен таңғалдыру үшін бар күшін салады дейді компания мамандары.