Дәстүр бойынша Қарулы Күштерде қазанның жиырмасы күні Байланыс әскерлерінің күні атап өтіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Әскери байланысшылар тәулік бойы Қарулы Күштерді заманауи, тиімді және сенімді байланыспен қамтамасыз етумен айналысады. Олар қару-жарақ пен әскерлерді басқару жүйесінің жұмысын сапалы деңгейде жүргізіп, байланыс тораптары мен техникалық құралдардың жарамдылығын бақылайды.
Қазіргі кезде Қарулы Күштерде заманауи байланыс құралдарымен жабдықтау, оларды стандартизациялау және ақпаратты жолдаудың сандық әдісіне толықтай көшу бойынша біршама жұмыс атқарылуда. Белгілерді қабылдау-жолдау, одан кейін ақпаратты кодтау мен шифрсыздандыру үшін байланысшылар оқу-жаттығуларда, халықаралық жарыстар мен күнделікті қызметте қолданылатын құралдардың көптеген түріне ие.
Қазақстандық байланысшылар ауқымды халықаралық жарыстар мен оқу-жаттығуларға ұдайы түрде қатысады. 2018 және 2019 жылдары Армия халықаралық ойындары аясында өткен "Сенімді қабылдау" конкурсында ҚР Қарулы Күштері байланыс әскерлерінің командасы бірінші орындарға ие болды.
Қазақстанның Қарулы Күштері үшін байланыс мамандарын Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты даярлайды. Онда қазіргі заманғы зертханалар мен техникалық құралдармен жабдықталған байланыс және әскери техника байланысын ұйымдастыру кафедрасы өз жұмысын атқаруда.
Қазақстандық әскердің құрылу шебінде генерал-майор Мұбарек Орынбекұлы Орынбеков, полковник Ержан Токтарұлы Қасымханов, полковник Тимур Тоқанұлы Кемербаев, полковник Серік Қадылбекұлы Құрманов, полковник Игорь Вячеславович Халимов, полковник Валерий Александрович Герасимов, полковник Рафик Латифұлы Хасенов сынды байланыс қызметінің ардагерлері тұр. Олардың әрқайсысы Қазақстанның қорғаныс қабілетін нығайтуға зор үлестерін қосты.