• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Оқиға 20 Қазан, 2020

NU ғалымдары сүйек тінінің регенерациясы бойынша жаңа әдісті ойлап тапты

896 рет
көрсетілді

20 қазан – Дүниежүзілік остеопорозбен күрес күні. Бұл сүйек тінінің тығыздығы мен құрылымы бұзылатын, созылмалы прогрессивті қаңқа ауруы. Қазақстанда остеопорозбен күресетін дәрігерлер қауымдастығының мәліметтері бойынша әрбір 6-шы қазақстандық осы аурудан зардап шегеді. Ауру сүйектердің осалдығына және сыну қаупінің жоғарылауына әкеледі, мүгедектіктің себебі  болып табылады. Жыл сайын әлемде 9 миллионға жуық сыну жағдайлары остеопорозбен байланысты, деп хабарлайды Egemen.kz

Назарбаев Университетінің ғалымдары остеопорозбен байланысты  сынықтар болған кезде сүйек тінінің регенерациясы процесін жеделдетуге көмектесетін жасушалық терапияның жаңа әдісін ойлап тапты. Бұл зерттеудің нәтижелері Bioengineering ғылыми басылымында жарияланды. Сүйек тінінің регенерациясын зерттей отырып, Назарбаев Университетінің ғалымдары остеопороз кезінде сүйек тінінің тығыздығының төмендеуіне себеп болатын екі факторды анықтады. Бірінші фактор – минералды компоненттерді ерітіп, сүйек тініндегі коллагенді бұзатын жасушалардың – остеокласттардың  белсенділігінің артуы. Екінші фактор – сүйек тінін құрайтын және қалпына келтіретін жас жасушалардың – остеобласттардың  санын азайту. Зерттеушілер өз жұмысында ересек адамның сүйек кемігі мен май тінінен ажыратуға болатын мезенхималық бағаналы жасушаларды (МСК) қолданды. МСК, өз кезегінде, сүйек пен шеміршек тіндерінің жасушаларына бөліну қабілетіне ие болады.

– Біз МСК-ны остеофильді полимердің көмегімен мембраналық инженерия әдісімен түрлендірдік. Содан кейін жасушаларды сүйек тінінің зақымдалған жеріне тікелей жеткізу үшін оларды жасушалық терапияның жаңа әдісінде қолдандық. Осылайша, остеобласттардың саны қалпына келеді және остеокласттардың белсенділігі төмендейді, – дейді National Laboratory Astana Өмір туралы ғылымдар орталығының ғылыми қызметкері Юлия Сафарова. 4 және 24 аптаның ішінде ғалымдар зертханалық егеуқұйрықтардың төрт тобында шынтақ сүйегінің сынуы кезінде сүйек тінінің қалпына келу әсерін байқады. Эксперименттің мәні қалыпты қалпына келтіру кезінде және әртүрлі уақыт кезеңдерінде полимер-модификацияланған МСК енгізу кезінде сынықтардан кейін сүйек тығыздығының қалпына келуін бақылау болды. – Эксперименттің бірінші айынан кейін бақылау тобымен  салыстырғанда эксперименттік топта сүйек тығыздығы белсенді түрде қалпына келгенін байқадық. Осы терапияның ұзақ мерзімді әсерін бағалау үшін біз эксперименттің тағы 24 аптасынан кейін сүйек тығыздығын талдадық. Бақылау тобымен салыстырғанда полимер-түрлендірілген МСК енгізу соңғы инъекциядан кейін 5 ай бойы емдік әсерін ұстап тұруға мүмкіндік берді, – деп жалғастырады өз сөзін Юлия Сафарова. Зерттеу нәтижесінде ғалымдар полимер-модификацияланған МСК енгізілген жануарларда сүйек тығыздығы тезірек қалпына келгенін анықтады. Мәселен, 4 аптадан кейін сүйек тінінің тығыздығы 27,4% - ға артты. 24 аптадан кейін 21,5% өсті. Айта кету керек, ғалымдар сынықтар кезінде тіндердің қалпына келуін зерттеуді және полимер-модификацияланған МСК-ның емдік құндылығын дәлелдеуді мақсат етті. Енді ғалымдар биоқауіпсіздік бойынша зерттеулер жүргізіп, клиникалық сынақтарды бастауды жоспарлап отыр.