Композитор Ілия Жақановтың «Жайлаукөл кештері» әнін білмейтін қазақ жоқ шығар. Тамылжыған табиғаттың ғажап көрінісі нәзік лиризммен өрілген әуен көптің көңіліне жол тапты. Әйгілі күйші Ықылас Дүкенұлының ұрпағы Құлыншақтың шаңырағында 1971 жылы дүниеге келген ән барша қазақ даласын жарты ғасырға жуық уақыт бойы өзіндік әлемінде тербетіп келеді.
Кезінде осы Жайлаукөл аулында құрылыс жұмыстарын жүргізу мақсатында жастар күші көптеп тартылған. Сол бір дәуірдің куәгерлерінің айтуынша, әнде суреттелетін ғажап көріністі көзімен көру үшін көп студенттер Жайлаукөл ауылына жұмысқа баруға жазылған екен. Тіпті кейбір кісілер кезінде шалғай ауылға құрылысқа барып, маса, сонаға таланып қайтқандарын әлі күнге дейін керемет естелік қылып айтып жүреді.
Жайлаукөл бүгінде Сарысу ауданының Қамқалы ауылдық округіне қарасты шағын елді мекен. Өзіндік тіршілігі, табиғаты қалыптасқан ауыл. Аудан орталығы Жаңатас қаласынан 200 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұдан бөлек, аталған округтің құрамына Шығанақ елді мекені де кіреді. Жайлаукөл алғаш кеңшар ретінде 1954 жылы мал шаруашылығын дамыту мақсатында құрылған екен. Кезінде осы Жайлаукөл, Шығанақ ауылдарында асыл тұқымды қаракөл қойлары өсірілген. Мұны жергілікті тұрғындар әлі күнге дейін айтып отырады. Ал қазіргі кезде ауылдық округ дәрежесі бар Қамқалы және Шығанақ ауылдары 1963 жылы осы Жайлаукөлден бөлініп шығыпты. Көпшілік Жайлаукөл ауылы туралы әлі де жыр қылып айтады. Атақты «Жайлаукөл кештері» әні бәрібір көптің көңілін сонда бұрып, тылсымына тартып тұрады. Тіпті кейбір аға буын өкілдері сол ауылда құрылыс жұмыстарымен өткен санаулы сәттерін сағынып еске алады. Мұндайда кімнің де болсын сол ауылды көруге, тіршілігімен танысуға ынтық болатыны сөзсіз. «Мың естігеннен бір көрген артық» дегендей, біз де журналистік сапармен Жайлаукөл ауылына жолға шықтық. Бетпақтың ұлы даласымен шектесетін қиырдағы ауылға қиялай тарттық. Шынында да, облыс түгілі, аудан орталығынан шалғай жатқан ауылдың ең басты мәселесі жол екен. Мәселен, жол-жөнекей Тоғызкент, Досбол ауылдық округтері бар. Бірақ Жаңатас қаласынан аталған ауылдарға дейінгі жолды бірқалыпты десе де болады. Әңгіме Досбол аулы біткен соң басталады. Содан жергілікті жұрт «жалдың іші» деп атап кеткен асфальтсыз, құмды жол ұзаққа созылады. Бәлкім, жол деп айтуға да келмейтін шығар. Ары-бері жүріп өткен көліктердің шиырлап тастаған ізіне ұқсайды. Аудан орталығында шаруасы бар тұрғындар әлгі 200 шақырым жолды 4-5 сағат жүруге мәжбүр. Жайлаукөлге барғанымызда да ауыл тұрғындары әуелі осы жол мәселесін жеткізді.
Негізінен екі аралықтағы жол облыстық маңызы бар жолдарға жатады екен. Ауыл тұрғындарының айтуынша, Жайлаукөл кеңшар болып құрылғалы бері «жалдың ішіне» асфальт жол салынбапты. Ал былтыр Қамқалы мен Жайлаукөл арасына салынған жол сапасыз болып шыққан. Оның үстіне, Қамқалы ауылындағы тұз өндіретін кәсіпорыннан шикізат таситын ауыр жүк көліктері сол асфальт жолды тағы бүлдіріп жатыр.
«Ауылдың сыртында «Жайлаукөл» деген көл бар. Ертеден ауыл да Жайлаукөл деп аталып кеткен. Мен 1979-1994 жылдар аралығында жол құрылысында жұмыс істедім. Жаңатастан ауылға келетін жолдағы «жалдың іші» өмірі жөндеу көрмеген. Кейбір жолдар кезінде мұнайдың қалдығынан жасалған. Ол да сапасыз. Кезінде бұл ауылда қонақүй, дәріхана, моншаға дейін болған. Кеңшар 1998 жылы тараған кезде, ол да келмеске кетті. Әйтпесе ауыл қандай керемет еді. Жаңатасқа баратын жолдан бөлек, ауыл ішіне де жол керек. Қазір көше жел суырған құмнан аяқ алып жүргісіз», дейді Жайлаукөл ауылының тұрғыны Жәкен Рүстемұлы.
Жалпы, қазіргі кезде аталған ауылда 74 үй бар. Кезінде мұнда 400-ге жуық үй болған. Бірақ тоқырау жылдары ел ауылдан үдере көшіп кетіп, бүгінде қалған адамдар өзінің тіршілігін істеп күнелтіп отыр. Жергілікті жұртшылықтың негізгі жанайқайы осы – жол мәселесі. Олар облыс басшылығы бұл мәселеге назар аударып, шешіп берсе екен дейді. Әйтпесе көпшілік аудан орталығының өзіне ары-бері қатынау қиындық тудыратынын айтып дабыл қағуда. Ал күн суытып, қар жауған кезде екі ортада байланыс мүлде үзіледі екен. Ауыл Арқа даласына жақын болғандықтан, бұл жақтағы қыс мезгілі де бөлек. Қыстың көзі қырауда басы ауырып, балтыры сыздаған адамды Жаңатас қаласына жеткізудің өзі мұң. Қатар жатқан Қамқалы, Шығанақ, Жайлаукөл ауылдарында да қазіргі кезде фельдшерлік-акушерлік пункт болғанымен, дәрігерлер жоқ. Науқастардың жатып, емделуіне жағдай қарастырылмаған. Бір жақсысы, ауылда жедел жәрдем көлігі бар екен. Ал Жайлаукөлде – 3, Қамқалы және Шығанақта бір-бір мейірбикеден ғана жұмыс істейді.
Бүгінде жалпы, Қамқалы ауылдық округінен бөлек 2 ауылда 897 адам тұрады. Жол аталған 3 ауылға да ортақ мәселе. Тұрғындар ауданға баратын жолдан бөлек, ауыл ішіне жол салу, көшелерді жарықтандыру, интернет тарту сияқты мәселелерді де көтерді. Мәселен, Шығанақта – 2, Қамқалыда – 3, Жайлаукөлде 7 көше бар екен. Бұл ретте Қамқалы ауылдық округінің әкімі Мақсат Төлеутай келесі жылы аталған 3 ауылдан да бір-бір көшеден жөнделетінін айтты. Сонымен қатар Шығанақ ауылын түнгі жарықтандыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын, аудан әкімі Бақытжан Жақсылықов қаражат тауып беруге келіскенін жеткізді. Ал ауылдардағы интернет мәселесі талай жылдан бері өзекті. Интернет түгілі ұялы телефон тартпайды. Амал жоқ, тұрғындар бір мезгіл шаруаларын бітіру үшін Wi-Fi желісі бар ауылдық әкімдіктің, кітапхана ғимаратының маңайына топтасады екен. Ұялы телефонмен байланыс деген мүлде жоқ. Тұрғындар бүгінгідей технология дамыған кезеңде соның игілігін көре алмай отырғанына қынжылады.
Жайлаукөл аулы Шу өзенінің төменгі сағасында орналасқан. Сонау Мойынқұм, Шу аудандарының аумағынан төмен қарай ағатын су Жайлаукөл аулының маңайы арқылы өтіп, ары қарай көрші Түркістан облысындағы су аяғы құрдымға кетеді. Негізінен мұндағы халық әлі де мал шаруашылығымен күнелтеді. Бағып отырған малына Шу өзенінің бойынан қамыс орып береді. Жергілікті халықтың біразы Қамқалы ауылындағы тұз кенінде, мектепте жұмыс істейді. Кезінде елдің біразы «Қамқалы» көлінен балық аулап күн көріпті. Бірақ қазір ол көлдің де суы тартылуда. Тұрғындарды толғандырып отырған тағы бір мәселе – сол Шу өзенінің суы бүгінде тым төмендеп кеткен. Көпшіліктің айтуынша, өзен суын әлдекімдер жоғары жақтан байлап, бері қарай жібермейді екен. Мұндағы ел мал шаруашылығына қосымша егін егіп, бақша салайын десе, су жоқ. Сол сияқты, ауылға көмір жеткізу де ауыр жұмыс. Оны қияндағы ауылға жеткізу үшін көп ақы сұрайды.
«Бұрын қураған, шіріген сексеуілдерді алуға рұқсат беретін. Бірақ оған қыстың күні үй жылымайды. Ал осы уақытқа дейін бір тонна көмірді 25-30 мың теңгеден алып келдік. Бірақ оны екінің бірінің қалтасы көтере бермейді ғой», дейді тұрғындар. Осындай қиын жағдайда отырса да, соңғы 4 жылда ауылдан бірде-бір отбасы көшпепті. Қайта жайлаукөлдіктер кезінде ауыл сыртындағы «Кірпішқұйған» деген жерде кірпіш құйып, сол кездегі Жамбыл технологиялық институтының студенттері салып кеткен үйлерін жөндеп, тұрып жатыр. Қамқалы ауылдық окургі әкімшілігінің Жайлаукөл елді мекені бойынша бас маманы Бораш Әубәкіровтің айтуынша, сексенінші жылдардың ортасында ауылда 50-60 мың қой, 3 мың жылқы, 1 мың түйе болғанын айтты. Шынында да өте ауқатты ауыл болған. Дегенмен аулы бүгінгі тұрғындардың да жағдайы жаман емес. Төрт түлік малын төскейге өргізіп, содан ырзық-несібесін көріп отыр. Тек бүгінде жол, су, интернет мәселелері көпшілік үшін көкейкесті мәселеге айналған.
Біз көзбен көріп, көңілге түйген мәселелер осындай. Енді ауыл тұрғындары бастысы жол мәселесіне облыс басшылығы назар аударса дейді. Жергілікті халықтың айтуынша, Жайлаукөл ауылына кезінде Жамбыл облысының әкімі болып тұрғанда Бөрібай Жексембин келіп, Тараз және Жаңатас қалаларына қатынайтын қоғамдық көлік мәселесін реттеп беріпті. Жүргізушінің айлығы, көліктің жанармайы секілді қажеттіліктер облыс тарапынан сол кезде шешілген. Тұрғындар сол оң шешімнің әлі де жалғасын тауып келе жатқанын, бүгінде аптасына Таразға екі рет, Жаңатасқа екі рет қоғамдық көліктің қатынайтынын жеткізді. Бірақ Жексембиннен кейін де Жамбылда біраз әкім жұмыс істегенімен, олардың ешқайсысы да Жайлаукөл ауылына ат ізін салмады. Енді ауыл тұрғындары жол мәселесіне қазіргі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың назар аударып, шешіп беруін сұрайды.
Жамбыл облысы,
Сарысу ауданы