Маңғыстаулық бапкер Марат Жәкиев бір шоғыр бокс жұлдызын тәрбиелеп, үлкен аренаға шығарғанын жанкүйерлер жақсы біледі. Мәселен, Әділбек Ниязымбетов Лондон мен Рио олимпиадаларында, Баку мен Алматыдағы әлем чемпионаттарында күміс алып, Азия ойындарының жеңімпазы және Азия чемпионы атанды. Берік Әбдірахманов – әлем біріншілігінің қола жүлдегері, құрлық чемпионы. Бұл күндері шаршы алаңды шайқап жүрген Бекзат Нұрдәулетовтің әлем чемпионы деген дардай атағы бар. Ал сол Жәкиевтің қол астында жаттыққан жігіттердің арасынан алғашқы болып аса ірі додаларда дараланған Ердос Жаңабергенов еді...
Қарақалпақстанның Хожелі қаласында туып-өскен Ердос қолына былғары қолғапты жеті жасында киді. Сол жақта жүріп, өзінің салмағындағы балалар арасында қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарда алғашқы табыстарына қол жеткізді. 2001 жылы Жаңабергеновтер отбасы Қазақстанға қоныс аударды. Ол кезде Ердос 17 жаста еді. Ақтау қаласында білікті бапкер Марат Жәкиев жетекшілік ететін үйірмеде бокс өнерінің қыр-сырына қаныққан қандасымыз уақыт оза тәуір нәтижелер көрсете бастады. Түрлі халықаралық турнирде топ жарып, қырағы мамандардың назарына ілікті. Десек те біразға дейін оған ел чемпионатында топ жару бақыты бұйырмады. Соған қарамастан ұлттық құрама бапкерлері Жаңабергеновті 2005 жылы Әлем кубогына қатысушылардың тізіміне қосты. Міне, дәл сол кезде оның жұлдызы жарқырай жанды.
Мәскеу төріндегі дүбірлі дода спорттың осы түрінде озық нәтиже көрсетіп жүрген мемлекет өкілдерінің басын қосты. Жарыс жеңімпазы командалық сайыста анықталуға тиіс еді. Алғашқы бәсекені Қазақстан құрамасы Грузияға қарсы өткізді. Біздің жігіттер 9:2 есебімен жеңіске жетті. 81 кило салмақта сынға түскен Ердос Торнике Явелашвилиді екінші раундта есінен тандырды. Келесі кездесуде боксшыларымыз Африка құрамасын 11:0 есебімен тас-талқан етті. Қап тауы қыранын қалай ұрып жыққанын көріп, меселі қайтып қалған қара құрлық өкілі Жаңабергеновпен жекпе-жекке шығудан бас тартты.
Жартылай финалда Қазақстан мен Кубаның боксшылары күш сынасты. Ердосқа дейін сегіз жұптың бәсекелері аяқталған болатын. Таразы басы теңселіп тұрды. Тарқатып айтсақ, Міржан Рақымжанов (51 кило) Андри Лаффитаны, Серік Сәпиев (60 кило) Йорденис Угасты, Қанат Орақбаев (64 кило) Карлос Банто Суаресті және Геннадий Головкин (75 кило) Йорденис Деспейнді жеңсе, Мират Сәрсенбаев (48 кило) Ян Бартелемиге, Мұрат Аймырасов (54 кило) Гилермо Ригондо Ортиске, Галиб Жафаров (57 кило) Юриоркис Гамбоаға және Бақыт Сәрсекбаев (69 кило) Эрисланди Лараға есе жіберді. Есеп – 4:4.
81 кило салмақтағы Ердос Жаңабергенов пен Юниэль Дортикос шаршы алаңға көтерілгенде көпшілік қазақ боксшысының жеңіске жететініне күмәнмен қарады. Себебі 19 жастағы Бостандық аралының өкілі соның алдындағы екі кездесуінде өте керемет өнер көрсетті. Таиландтың түлегін тас-талқан етсе, румыниялық спортшыны нокаутқа жіберді. Оның үстіне Юниэльдің қазаққа қарағанда бойы да, қолы да ұзын екен. Бірақ бұл жайттар қандасымызға еш қолайсыздық тудырған жоқ. Бәсекенің басынан тізгінді мықтап қолға алған Ердос үшінші раундта өзінің жойқын соққысымен кубалық қабыланды ес-түссіз еденге құлатты. Нокаут! Егер арғы-бергі тарихымызға зер салсақ, ресми жарыстарда бірде-бір қазақ жігітіне кубалықты есінен тандыру бақыты бұйырмаған екен. Қазақ дейміз-ау, бүкіл әлемде Бостандық аралының өкілін нокаутқа түсірген боксшылар санаулы ғана.
Өкінішке қарай, одан кейін рингке шыққан Дмитрий Готфрид (91 кило) пен Мұхтархан Ділдәбеков (+91 кило) өз қарсыластарына жол берді. Алғашқысы Луис Ортистен ұтылса, екіншісі Одланьер Солистің осал тұсын таба алмады. Нәтижесінде жартылай финалда 5:7 есебімен ұтылған Қазақстан құрамасы Мәскеудегі Әлем кубогын үшінші орынмен қорытындылады. Ал біздің Ердостан таяқ жеген Юниэль Дортикос бұл күндері кәсіпқой рингті шайқап жүр. Осы күнге дейін 25 кездесу өткізген ол 24 рет жеңіске жетіп, 22 қарсыласын сұлатып салды. Қазіргі кезде Дортикос IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын иеленуде.
Арада бар-жоғы бір ай ғана өткен соң Азия чемпионатының жалауы желбіреді. Вьетнамның Хошимин қаласында ұйымдастырылған жарыста Жаңабергенов тағы да жасындай жарқылдады. Әуелде Оңтүстік Кореяның өкілін сабаған кейіпкеріміз, іле-шала тәжікті талдырды. Қазақтың тегеуріні тым күшті екенін байқаған Өткірбек Хайдаровтың финалдық бәсекеге шығуға жүрегі дауаламады. Ал өзбектің тегін боксшы еместігі барша жұртқа мәлім. Өткірбек 1999 жылы Хьюстонда (АҚШ) әлем чемпионы атанып, 2004 жылы Афина Олимпиадасында қола медальді иеленген. Сондай-ақ 2001 және 2003 жылдары өткен дүниежүзілік додада ол жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ердос – Азия чемпионы!
Сол жылдың қараша айында ұлттық командамыз Қытай еліне сапар шекті. Қытайдың Мяньян қаласында өткен әлем чемпионатында да Жаңабергеновке тең келер ешкім табылмады. Бастапқы бәсекелерде кореялық Пак Сун Сон (34:20) мен аустралиялық Бен Мак Ехраннан (36:24) басым түскен қазақтың ұлы ширек финалда тунистік Мұрад Сахрауиді есінен тандырды. Жартылай финалда жерлесіміздің жолы қайта Өткірбек Хайдаровпен қиысты. Азия чемпионатында Ердоспен айқасудан бас тартқан Өзбекстанның даңқты боксшысы бұл жолы рингке тастүйін шықты. Десек те Жаңабергеновке оның әлі жетпеді. Есеп – 31:36. Ақтық сайыста хорватиялық Марио Сиволич та оған жарытып қарсылық көрсете алмады – 12:27. Сөйтіп 21 жастағы Ердос Жаңарбергенов әлем чемпионы атанды.
Бір ғажабы, Ердос сол кезге дейін ел чемпионатында топ жармақ тұрмақ, жүлдегерлер қатарына ілікпеген. Сәл кейін ересектер дуына түсе бастаған Жаңабергенов Астанада өткен ел чемпионатының екінші айналымында Дмитрий Готфридке есе жіберді. Ал Алматыдағы доданың тұсаукесер кездесуінде Бауыржан Қайырменовтен ұтылды. Осылайша қатарынан екі рет Қазақстан чемпионатында жеңіліс тапты. Десек те, намысқой, еңбекқор, табанды талапкерге ұлттық құрама бапкерлерінің назары ауып, оны еліміздің бас командасы сапына қабылдады. Бұл ретте Ердос өзіне артылған сенімді толығымен ақтады.
2005 жылы үш бірдей байрақты бәсекеде қарсылас шақ келтірмеген жуан жұдырықты жігіттің келешегіне барша жанкүйерлер үлкен үмітпен қарады. Айтқандай-ақ елішілік жарыстарда оған ешкім қарсы тұра алмады. Бейбіт Шүменов, Бауыржан Қайырменов және Дмитрий Готфрид сынды басты қарсыластарының барлығы да Ердос Жаңабергеновтің мықтылығын мойындады. Көп кешікпей ақтаулық боксшы студенттер арасында әлем чемпионы атанып, тағы бір биік белесті бағындырды. Жеңісті жол осылайша жалғасып жатқан еді. Сол тұста бізге бұл жігіт ешкімнен жеңілмейтіндей көрінді. Жалпы, 2006 жылы Қатардың астанасы – Дохада алауы тұтанған Азия ойындарынан Жаңабергеновтің бас жүлдемен оралатынына күмәнданғандар кемде-кем еді.
Десек те Дохада бәрі біз ойлағандай болмады. Ширек финалда ол ойда-жоқта тәжікстандық Жаһон Құрбановтан жеңіліп қалды. Сол кезде көрермендер «Ердос – ердің сойы еді ғой. Оған не көрінді?» деп қатты таңырқады. Сөйтсек бұл тек басы ғана екен. Бірте-бірте Ердостың бойынан бұрынғы сес, бұрынғы леп байқалмады. Қарсыласын ұрғысы-ақ келеді, бірақ сілтеген соққысы көп жағдайда діттеген жеріне дөп тимей жатады. Тіптен Жаңабергенов жеңген жағдайдың өзінде жақсылап желпіне алмадық. Дәл сол тұста көп адамның аузынан «Ол ізденуді қойған», «Техникалық арсеналы жұтаңдау», «Сол қолының соққысына ғана сенеді», «Қарсыластары оны әбден зерттеп алған» іспеттес әңгімелерді жиі естідік.
Сәтсіздіктің себеп-салдары кейіннен белгілі болды. Жаттығу залында ол бір кісідей-ақ тер төгіп жүрді. Аянып, тартынып қалған кезі жоқ. Бірақ денсаулығы сыр беріпті. «Грыжа» деген пәле жабысып, соның салдарынан бойындағы қуаты кеміп, рингте еркін кимылдай алмайтындай күйге түскен. Өзінің ауыр соққыларын қарсыластарына дұрыс дарыта алмауы да сондықтан. Омыртқадағы дерт дендеп, әбден қиналғаннан кейін дәрігерлердің алдына барса, олар операция жасату қажеттігін алға тартты. 2007 жылдың қараша айында Германияда операция жасалды. Дәрігерлер әбден сауыққанша бокстан қол үзе тұру қажет деп кеңес берді. Алайда сол кезде Олимпиада лицензиялары үшін қызу талас жүріп жатты. Төрт жылда бір өтетін додаға спортшы атаулының барлығы қатысуды аңсайды. Міне, осындай ойдың жетегінде жүрген Жаңабергенов Олимпия ойындарында атой салуды армандады. Ол кезде 81 кило салмақта Еркебұлан Шынәлиев Чикагода өткен әлем чемпионатында қола медаль алып, Бейжіңге бару мүмкіндігіне ие болған-ды.
Енді не «бел кетеді, не белбеу кетеді» деген қағиданы ұстанған Ердос 91 кило салмақ дәрежесінде бақ сынауды жөн көрді. Бұл салмақта күш сынасып жүрген жігіттерден оның салмағы да кем, бойы да аласа еді. Алайда рухы биік, мінезі өр азамат «шекіспей, біріспеймін» деп өз-өзіне іштей серт берді. Дәрігерлердің ескертуіне қарамастан, Таиландта өткен лицензиялық жарысқа қатысуға ниет білдірді. Бірақ Бангкок сапарына санаулы күндер қалғанда оның белі шойырылып, Олимпиадаға барсам деген арманымен түбегейлі қош айтысты. Ескі жарақаты асқынып, ақыры «байтал тұрмақ, бас қайғы» болды. Тағы да операция жасатуға тура келді. Бұл жағдай Ердосқа да, оның жеке бапкері Марат Жәкиевке де ауыр тиді. Жоғарыдағы жағдай Жаңабергеновті былғары қолғабын шегеге ілуге мәжбүр етті.
Әлем және Азия чемпионы деген атағы бар қазақтың мақтан тұтар ұлы қазіргі кезде Маңғыстау облыстық дене шынықтыру басқармасына қарайтын бокс клубында басшылық қызмет атқарып жүр.