Облыс орталығында орналасқан «Крендель» серіктестігі кондитерлік сауда үйінің сәулеті көз тартады. Айналы, шынылы ғимарат алыстан жарқырап тұрады. Дәл осы жерде түрлі-түсті тәттілер, дәмді тоқаштар, торттар, бауырсақтар, самса, құймақтар пісірілетінін ауыл-қаладағы жұрттың бәрі біледі. Қай күні барсаңыз да тәттілер сатып алуға келген тұтынушыларға толы. Туған күн, әртүрлі той, мейрамдарда дәстүрлі түрде «Крендель» тәттілері дастарқанда тұрады.
«Крендель» ханшайымы атанған Зинаида Пархоменкомен кездескенімізде, ол мына бір жайтты есіне алды. Осыдан 30 жылдай уақыт бұрын жеке кәсіпкерлігін ашуға рұқсат берер алдында қалалық әкімдікте Зинаидаға «Сіз неге тек қана тәттілер өндірісін жоспарладыңыз?» деген сұрақ қойылыпты. «Халықаралық стандарттар деңгейіне сай келетін жоғары сапалы өнім дайындағымыз келеді», деген едім сонда», дейді тәттілер ханшайымы.
З.Пархоменко еңбек жолын 1975 жылы кондитерлік істен бастайды. Тағам дайындаушы, техник-технолог мамандығы бойынша техникум бітірді. Технолог, бригадир, цех бастығы болды. 90-жылдары өндірістен кетіп, жеке өзі әуелі пряник пен печенье сата бастады. Жергілікті өндіріс құлдырау кезінде еді. Алғаш рет пряник өндіру бойынша жеке өндірісін ашты. Қыз-келіншектерден құралған шағын ұжымы өз қолдарымен түрлі тәттілер дайындап шығара бастады. Тәттілер жасаудағы кәсіпкерлік жолы алдымен үй жалдаудан басталады. Кейін бір үйдің ғимараты сатып алынды. Өзі армандаған кондитер цехын құруды ойластырды. Жоба-жоспарлары біртіндеп іске асты. Зинаида жасаған тәтті өнімдер күн сайын сұранысқа ие бола түсті. Тәттілер өндірісін іске қосу кәсіпкерліктегі негізгі стратегиялық мақсатына айналды. Қызы Инга анасының тәттілер өндірісіне «Крендель» деп ат қояды. Кондитер цехын іске қосқаннан соң 1999 жылы жасаған өнімдерінің өтілімін қамтамасыз ету үшін «Крендель» кондитерлік орталығын ашты.
Кондитерлік цехтар құрылды, автодүкендер сатып алынды, қаланың әр жерінде тәттілерді саудалайтын орындар ашылды. Бұл жобаларға жалғасып, кофе ішетін орын, VIP-зал және балаларға арналған алаңша, «Кабачок 115» атты жаңа дәмхана да іске қосылды. Сапалы, дәмді өнімдер жасау үшін кәсіпорынға жаңа жабдықтар, жаңа заманауи технологиялар алынды. Технологияларды қолдана отырып жоғары сапалы кондитер және ұннан дайындалған бұйымдар жасалады.
Бұл күндері Зинаида Ахмедовна еліміздегі танымал кәсіпкер әйелдердің қатарына қосылды. Павлодарлықтар «Крендельмен» мақтанады, жақсы көреді. Алматыда, Нұр-Сұлтанда, еліміздің басқа өңірлерінде тұратын туыс-туған «келерде «Крендельдің» тәттілерін ала келсеңіз» деп өтініш жасап жатады. Сатып алушылар мен тапсырыс берушілер талабына орай сапалы өнімдерді саудалауда бұл жерде жоғары ілтипатты қызмет көрсетіледі.
«Крендельдің» технолог мамандары күн сайын жаңа торттар, бәліштердің, печенье, тоқаштарлың түрлерін ойлап табады. Тіпті оның түрлерін күн сайын өзгертіп, құлпыртып отырады десе де болар. Өзіміз көргендей, тәттілердің иісі аңқыған «Крендель» цехтары нан-тоқаш және кондитерлік өнімдерге толы.
Компания басшысы З.Пархоменко шикізатты, әсіресе, қантты шетелден сатып алуға мәжбүр екенін айтады. Сондай-ақ кәсіпорынға кондитерлер, технологтар, басқа да білікті кадрлар қажет. «Сондықтан әр маманды өзімізде тұрақты жұмыс істеуге қалдыру үшін жақсы жағдай жасаймыз. Бүгінде серіктестікте 500-ден астам адам, көбі қыз-келіншектер еңбек етуде», дейді кәсіпорын басшысы.
Жыл сайын серіктестік өз қызметкерлері, кондитер қыз-келіншектерімен қоса, тұрмысы төмен отбасыларға, «Қызыл Ай», «Зағиптар» қоғамына, «Самал» балалар оңалту орталығына демеушілік қолдау көрсетеді. Әлеуметтік мәселелерді шешу, жетімдерге, мүгедектерге, қарт адамдарға көмек көрсету мақсатында облыстағы қоғамдық қорлармен шарт жасалған. Өндірісте мүгедек жандар жұмысқа орналастырылды. Облыс орталығындағы №2 мектеп-интернатқа және отбасы типтес балалар үйіне материалдық демеушілік жасайды.
Қазір «Крендель» тәттілердің 300-ден аса түрін дайындайды. Бизнес бір орында тұрмайды. Серіктестік кондитерлік өнімдерін саудалайтын қосымша сауда үйлері, мейрамхана салынды. Цехтарда жаңа автоматтық желілерде түрлі өнімдер жасалуда. Бұл өнімдерді еліміздің басқа өңірлеріне және Ресей нарығына шығаруға мүмкіндік берді. Жыл сайын кондитерлер мен аспазшылар жақын және алыс шетелде біліктіліктерін арттырады. Тәжірибе алмасу үшін ТМД елдерінен, Еуропадан, Азиядан, Америкадан мамандар шақырылады.
Тәттілер бизнесінің бірегей ерекшелігі, өнімдерді табиғи ингредиенттерден жасап шығару, айрықша өнімді дайындау, яғни тұтынушының таңдауын қамтамасыз ету. «Крендельдің» ұраны – сапа, тұрақтылық, іскерлік.
Шикізат, қағаз ораумен мәселесі бойынша «Молком» ЖШС (майы алынбаған сүттік және қышқылды-сүттік өнім), «Евразиан фудс корпорейшн» АҚ филиалы (сары май-май өнімі), «ТRITIKIM» ЖШС, «Аслан» ЖШС (жоғары және бірінші сұрыпты ұн), «Aрдагер-сауда» ЖШС (жұмыртқа өнімі), «Завод-Гофротара» ЖШС ыдыспен жабдықтайды.
– Тұтынушылар негізінен тортты көптеп сатып алады. Сіз қандай торт аласыз?, – деді Зинаида.
– Көбінесе «Молочная девочка» тортын аламыз. Самса, бауырсақтарыңыз да керемет дәмді!, – деймін.
Серіктестік кондитерлері дәмі тіл үйіретін түрлі торттардан басқа пряник, печенье, орама және пирожный, тәтті печенье, кекс, шығыс тәттілері типтес кәмпиттер, қыздырылып пісірілген және қуырылған, мұздатылған, шала дайындалған тұшпара, манты, қамыр, зефир, пастила, мармеладтар жасап шығарады. Әрине, қандай да болсын табысты брендтің басы-қасында өз жұмысына шынайы берілген патриот ұжым тұрады. Біз жазып отырған «Крендель» ЖШС-да сондай тәттілер жасайтын команда. Ұжымдағы әрбір қыз-келіншек өз ісінің білгірі. 2011 жылы «Крендель» ЖШС елімізде өтетін «Парыз» байқауының «Ең үздік ұжымдық шарт» номинациясының жеңімпазы атанды.
– Тек қана шынайы дамитын кәсіпкерлік іс табыс әкеледі. Үкімет те өзіңнің жеке сүйікті ісіңді жаса, көптің көңілінен шығу үшін еңбек ет, кәсіп аш, жақсы өмір сүр дейді. Сол үндеуге лайық болуымыз керек, – дейді Зинаида Ахмедовна.
Павлодар облысы