Бұрын киберқауіп дегенде ойымызға алдымен компьютер оралатын. Қазір ол күнделікті өмірімізге дендеп еніп барады. Сондықтан болашақта адамдарды киберқауіптен қорғайтын мамандықтар сұранысқа ие болмақ. Осы орайда, The Wall Street Journal іскерлік апталығы болашақта керек болатын бес мамандықты атаған екен.
1. Дипфейктерді анықтайтын маман
Дипфейк (Deepfake) дегеніміз – жасанды интеллектінің көмегімен жасалатын дауыс, түр, қимыл-қозғалыс. Мұны ниеті түзу емес адамдар өз мақсаттарына тиімді пайдалануға тырысады.
Мәселен, сотта банк тонаған ұрының ісі қаралып жатыр делік. Сотталушының адвокаты оның кінәлі еместігін айтып, дәлел ретінде бейнежазбаны ұсынады. Бейнежазба жасанды интеллектінің көмегімен жасалған. Яғни камераға түсіп қалған шын қылмыскердің түрін өзгертіп, орнына басқа адамның бет әлпеті қойылған. Осылайша, сотталушы өзін ақтап шығып, жазадан құтылып, ал бұл іске мүлдем қатысы жоқ, бірақ бейнежазбада көрсетілген басқа адам темір торға қамалуы мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда соттар дипфейктерді анықтайтын маманның көмегіне жүгінуге мәжбүр болады. Сөйтіп, бейненің түпнұсқа немесе дипфейк екенін анықтайды.
Бұл бір ғана мысал. Дәл осындай жолмен түрлі заңсыз әрекеттерге баратындар алдағы уақытта көбеюі мүмкін. Сондықтан ірі ұйымдар, медиакомпаниялар, соттар жаңа технологиялардың көмегімен адам түрінің, дауысы мен қимыл-қозғалысының қаншалықты шынайы екенін анықтап беретін сарапшыларды қызметке тартатын болады. Өйткені технология жедел дамып жатыр. Ал медиафейктерді анықтау тіпті қиындап барады. Мұндай мамандар жұмыс барысында факт-чекинг, контекстік талдау және визуалды тергеу құралдарын пайдалануы да мүмкін. Мәселен, бейнежазбадағы адам көлеңкесінің қимыл-қозғалысқа қаншалықты сәйкес келетінін нақты анықтап беруі шарт.
2. Өздігінен жүретін көліктің қауіпсіздігін қадағалайтын маман
Иә, мұндай да мамандық пайда болмақ. Мысал келтірейік. Өздігінен жүретін автомобиль қаптаған көліктермен қатар жүріп келе жатып, жолдың ортасына тоқтап қалды делік. Демек, хакерлер қашықтан отырып-ақ көліктің қозғалтқышын сөндіріп тастады. Міне, мұндай келеңсіздік орын алмас үшін автоөндірушілер өздігінен жүретін техникалардың қауіпсіздігімен айналысатын мамандарды жұмысқа қабылдауы керек. Ал олар автомобильді киберқауіптерден қорғауы керек. Ол үшін техника туралы ақпаратты қашықтан алуға мүмкіндік беретін лидарлар пайдаланылады. Сондай-ақ мұндай мамандар жолға шыққан көліктердің бағдарламаларын нақты уақыт режімінде бақылап отыруы керек.
3. Имплантталған құрылғыларды қорғайтын маман
Бір науқасқа ми имплантын орнату керек. Ал оның қауіпсіздігіне қатысты мәселелердің бәрін киберсарапшы қадағалайды. Болашақта хакерлер имплантацияланған құрылғыларды, мәселен, жадты жақсартатын ми чипін жазу құрылғысы ретінде немесе құпия келіссөздерді тыңдау үшін қолдануы мүмкін. Сондай-ақ олар құрылғының аккумуляторын отырғызып тастауы да ықтимал. Оған базалық стансадан сигналдар жіберіліп, мұның соңы түрлі зардаптарға әкелуі мүмкін. Ал дәрігерлерде киберқауіпсіздік тәуекелдерін бағалайтын тиісті тәжірибе жоқ. Бұл ретте, имплантталған құрылғыларды қорғайтын адамның медициналық білімі болуы керек. Жаңа киберқауіптер мен зиянды бағдарламалар туралы ақпараттардан хабардар болып отырса, тіпті жақсы.
4. Қулыққа қарсы судья
Бүгінде миллиардтаған қолданушы түрлі онлайн-ойындардың қызығына батып жүр. Бірақ мұндай ойындардың барлығы дерлік әділ өтеді деп айта алмаймыз. Кейбір ойыншылар жүйедегі қателіктерді қарсыласын тұқырту үшін пайдаланып жатады. Бұл ретте, ойындар дамыған сайын, оны әзірлеушілер алаяқтықпен күресу мақсатында жасанды интеллекті негізіндегі заманауи жүйелерге сүйенетін болады. Алайда мұндай алгоритмдер алаяқтық схемаларды байқамай жаңылыс іске қосылуға жол беріп қояды. Сондықтан мұндай жағдайда жасанды интеллектіге қулыққа қарсы судья көмекке келмек. Ол күмәнді іс-қимылдарды қадағалап отырады. Әзірлеушілер секілді ойындағы олқылықтарды анықтауға тырысады. Қазір мұндай судьялардың мүмкіндігі шектеулі. Бірақ оларға экономика мен психологияны сіңіре отырып дамытса, құқық бұзушыларды анықтау, алаяқтардың ойнауына тыйым салу мұндай судьялар үшін қиындық тудырмас еді. Олар жасырын операцияны жоспарлаған құқық қорғаушылар секілді әрекет етеді.
5. Цифрлы аутентификация жөніндегі маман
Қызметкер, мердігер немесе үшінші тараптағы адамның компания платформасына қатысты жүйеге кіруі киберқылмыскерлерге ұйымның желісіне ену нүктесін анықтауға, ақпаратты ұрлауға мүмкіндік туғызады. Сондықтан болашақта компания директорларының қатары сәйкестендіру және цифрлық технологиялар жөніндегі директорлармен толығуы мүмкін. Олардың мақсаты біреу-ақ – компанияның платформасына кіре алатын пайдаланушылардың кім екеніне көз жеткізу. Ол үшін аутентификацияның соңғы технологиялары қолданылады. Мәселен, қызметкерлердің, жеткізушілердің және мердігерлердің құлағын сканерлеу арқылы смартфонның құлпын ашу. Қазір бұл міндеттердің кейбірін ақпараттық қауіпсіздік бөлімінің басшылары атқарып жүр. Бірақ пандемия кезінде қашықтан жұмыс істеуге көшу қызметкерлердің жұмыс орындарына кіру тәсілін түбегейлі өзгертеді және қатаң аутентификация процесін енгізуге себеп болады.