Адам баласының медицинада қолы жеткен ұлы жаңалығының бірі – жанды ауыртпай күрделі операциялар жасау, наркоз арқылы небір дерттерді сылып тастау екені белгілі. Дегенмен осынау мамандықтың да қыр-сыры, өз қиындығы бар.
Бұл ретте анестезиолог-реаниматологтардың да ерен еңбегіне тоқтала кетудің сәті түсіп тұр. Жыл сайын 16 қазанда Дүниежүзілік анестезиолог-реаниматологтар күні атап өтіледі. Кездейсоқ таңдалмаған дәл осы күні 1846 жылы эфирлік наркоз арқылы алғашқы операция жасалған екен. Мұны тіс дәрігері Томас Мортон жүзеге асырғанын медицинадан хабары бар адамдар біледі. Т.Мортонның есімі қазір барлық анестезиологтарға белгілі. Содан бері операция кезінде «еш ауырмайды» деген түсінік пайда болды. Күрделі операциялар кезінде анестезиолог-реаниматологтың жұмысы өте маңызды. Осы саладағы машықты мамандардың арқасында кез келген хирургиялық араласу кезінде науқастар қиналмайды. Алайда анестезиолог-реаниматологтарды көбі анестезия жасауға ғана қажет дәрігер деп қабылдайды. Бұл түсінік дұрыс емес. Анестезиолог-реаниматолог күн сайын адам өмірі үшін күреседі. Сондықтан, анестезиолог – науқасты операцияға дейін, операция кезінде және одан кейін қарайтын, адамдардың жанын аман алып қалу үшін ажалмен тікелей күресетін дәрігер.
Осы мамандықтың ұңғыл-шұңғылы туралы Алматы Орталық қалалық клиникалық ауруханасының анестезиолог-реаниматолог дәрігері Сәбит Мадалиев не дейді? Айтпақшы, Алматы көшелері мен метрополитен бекеттерін безендірген медицина қызметкерлерінің портреттерінің арасынан Сәбиттің де суретін көруге болады.
Коронавирус өршіген кезде осынау мамандық иелері қайда болды, нендей тірлік атқарды?
«Ең алдымен, әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтағым келеді. Әріптестеріме зор денсаулық, мол бақыт, қажымас қайрат, шыдамдылық, жұмыста сәттілік және мол табыс тілеймін! Пандемия кезіндегі жұмысқа келсек, мен де ауруханамыздың көптеген қызметкерлері сияқты коронавирус инфекциясын жұқтырып, бір жарым ай ауырып шықтым. Аурудың қалай өтетінін өз басымнан өткергеннен кейін біздің науқастарды да түсіндім. Ауруынан айыққаннан кейін еш ойланбастан жұмысқа кірістім, біздің аурухана ол кезде жұқпалы аурулар ауруханасы ретінде жұмысын бастап кеткен-ді. Менен бұрын әріптестерім де айтқан, жазылған нәрселерді қайталамай-ақ қояйын. Иә, қиын болды, иә, медицина қызметкерлері жетіспеді. Құдайға шүкір, ол күндер өтіп кетті. Жалпы, менің еңбек өтілім – 9 жыл. Бірақ меніңше, пандемия кезіндегі жұмыс тәжірибесін қалыпты уақыттағы еңбек өтілінің бір жылына теңестіруге болатын сияқты. Коронавирус кезінде көптеген күтпеген жағдайларға тап болдық. Біз сеніммен қараған науқастың жағдайы кенеттен нашарлап, ал «ауыр» деп бағалаған науқас, керісінше, жақсарып кеткен кездер болды. Пандемия бізге мол тәжірибе бергені сөзсіз. Қазір біз қайтадан КВИ-ге дейінгі режімде жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ реанимация бөлімшесінде дәрігерлердің жұмысы қашан да күрделі, көбіне күйзеліске әкеп соқтыратынын атап өткім келеді. Ал стресс иммундық жүйені айтарлықтай әлсіретуі әбден мүмкін және мұндай жағдайда кез келген инфекцияны жұқтыру өте жеңіл. Біздің тәжірибемізде ұйқысыз түндер қалыпты және ауыр халдегі науқастармен жұмыс істейміз. Ең қиыны – адамның өлімін көру және оған көмектесе алмайтыныңды түсіну. Егер клиникалық өлім болса, адамның өмірін ұзарту үшін барлық мүмкін әдістерді қолдану – біздің басты міндетіміз. Қандай шаралар қолданылды, оның қандай нәтиже бергенін талдау да маңызды. Қолдан келгеннің бәрін жасадық па, жоқ па – осыны түсіну қажет. Біз, мамандығымыздың ерекшелігіне байланысты басқаларға қарағанда, өлімді жиірек, әрі жақынырақ көреміз. Жақында америкалық ғалымдардың зерттеуін оқыдым, реаниматологтардың, басқа дәрігерлерге қарағанда, жұмыста күйіп кету қаупі жоғары екен. Жалпы, реаниматологтардың 80%-ы соңында өз жұмыстарына деген қызығушылығын жоғалтады дейді. Мен сол 80%-дың ішінде болғым келмейді. Пандемия дәрігердің, медициналық қызметкердің дәрежесін көрсеткен сияқты. Бізге қолдау көрсеткен барлық азаматтарға, түрлі флешмоб, бейнеролик, жобалар үшін алғыс білдіремін. «Алматы ынтымақтастығы» жобасы аясында портреттері метро стансаларындағы билбордтарда және қаладағы жарықдиодты экрандарда орналасқан 100 медициналық қызметкердің қатарында болу мені қуантады. Әрине, суреттерде қиын-қыстау кезінде азаматтардың денсаулығы үшін күрескендердің аз ғана бөлігі екенін бәріміз түсінеміз. Әңгімемді қорытындылай келе, мына нәрсені баса айтқым келеді. Біз қазір эпидемияның бәсеңдеуін көріп отырмыз, бірақ «босаңсып-демалуға» әлі ерте екенін түсінуіміз керек. Вирус мутацияға ұшырайды, ол одан да ауыр түрлерге ауысуы мүмкін. Вакцина әлі жоқ және ауырып шыққан адамдардың иммунитеті қандай болатыны, ауруды қайта жұқтыру мүмкіндігі жөнінде нақты айта алмаймыз. Халықтың бәрі ауырып шыққан жоқ қой, сондықтан қазір айтылып жатқан эпидемияның екінші толқынының ықтималдығы жоқ емес. Қалай болғанда да, біз эпидемияны әлі жеңген жоқпыз. Сондықтан сақтық шараларын сақтау қажет. Өзіңізге және жақындарыңызға қамқор болыңыздар!», дейді Сәбит Нұрханұлы.
АЛМАТЫ