• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Қазан, 2020

Көкшетау ұлы Абайды ұлықтады

772 рет
көрсетілді

Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті "Абай тұлғасы: ұлттық руханият және әлемдік өркениет" тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Дана Абайдың шығармаларын ұрпақ санасына қапысыз жеткізу мақсатында отандық және шетел ғалымдардың басын қосқан конференция жұмысын университет ректоры Марат Сырлыбаев ашып, жүргізіп отырды. Ол өзінің алғы сөзінде Абайдың қазақ қоғамында дара тұлға, ғұлама ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес дара ізін қалдырған данышпан тұлға екенін айта келе, Абайдың ешкімге ұқсамайтын ғажайып қасиеті – оның мәңгі ескірмейтіндігі, шығармаларының кеше жазылған өлеңдей сиясының кеппей тұратындығын тілге тиек етті.  

Пленарлық отырыста сөз алған Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев пандемияға байланысты онлайн форматта өткізіліп отырған шараға Түркия, Ресей, Қырғызстан және Белоруссия елдерінің өкілдері мен еліміздің беделді ғалымдарының қатысуы ұлт мақтанышы Абайға деген, оның бай мұрасы мен даналығына деген қызығушылықтың жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсететінін атап өтті.

–Биыл жалғыз қазақ елі ғана емес, барша әлем жұртшылығы қазақ халқының ұлы перзенті, ақын, философ және ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мемлекеттік және халықаралық деңгейде атап өтуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Абай күллі адамзаттың рухани сардарларының бірі» деген еді. Абай тұлғасы – ескінің соңы мен жаңаның басын жалғаған алтын көпір екендігін айтты. Бұл туынды, жыл басында ұлы қаламгердің мерейтойы аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласының лайықты жалғасы іспеттес, – дей келе, облыс әкімі одан әрі Абайдың әлемдік мәдениеттегі маңыздылығына тоқталды.

Конференция барысында ғалымдар Абайдың әлем әдебиетіндегі биік орнын ерекше атап өтті. Анкара әлеуметтік ғылымдар университеті Түркі әлемі институтының саяси ғылымдар факультеті халықаралық қатынастар бөлімінің директоры Мерием Хаким Абай Құнанбаевты тек қана ақын және ағартушы ретінде дәріптеу жеткіліксіз, Абай зиялы, ағартушы, данышпан, ел ағасы және қазақ тілі мен әдебиетінің майталман классик тұлғасы деген пікір білдірді.  

–Қырғыз педагогикасында бала тәрбиелеуде Абайдың қара сөздері кеңінен қолданылады. Абай атамыз қара сөзінде қазақтарды ғана емес, сонымен қатар қырғыздар жөнінде айтқандай көрінеді. Себебі, қолында қызметі барларға қошемет қылу, бірін-бірі көреалмаушылық біздің қоғамда да бар. Абай жастар тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. «Ата-анаға көз қуаныш», «Заман ақыр жастары», «Сегіз аяқ» өлеңдерінде жастарды әдепті, сабырлы, шыдамды болуға, сөз қадірін білуге, еңбек етуге шақырады, – дей келе қырғызстандық педагогика ғылымдарының докторы Кыялбек Акматов үстіміздегі жылы Абайдың қара сөздері қырғыз тілінде кітап болып жарыққа шыққанын, қазіргі таңда жаппай оқылып жатқанын айтып өтті.

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өте мазмұнды, тыңдаған қауымға терең ой салған деңгейде өтті.

 

Көкшетау қаласы