Алматы қаласында Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңгенің 20 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті.
Алматы қаласында Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңгенің 20 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті.
Қазақ елінің тәуелсіздігі мен тұрақтылығына кепіл болған ұлттық валютаның тарихи рөлін айқындаған алқалы жиынға Халықаралық Валюта Қоры, Еуропалық қайта құру және даму банкі секілді әлемдік қаржы ұйымдарының өкілдерімен қатар, қазақстандық саясаткерлер мен банкирлер, сарапшылар, оның ішінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Ұлттық банк Басқармасының Төрағасы Қайрат Келімбетов, Қаржылық қызметтер жөніндегі Исламдық кеңестің бас хатшысы Ясим Ахмед, Халықаралық Валюта Қорының Швейцария шағын тобының атқарушы директоры Дэниел Хеллер, Түркия Премьер-Министрінің кеңесшісі Доктор Туран Эрол, 1982 жылдары Аргентина орталық банкінің төрағасы қызметін және 1991-2001 жылдар аралығында Аргентина экономика министрі қызметін атқарған, халықаралық дәрежедегі қаржы маманы Доминго Кавалло, Еуро-Азия қор биржалары федерациясының бас хатшысы Мустафа Балтачи сондай-ақ, банкнот және монета өндірісі индустриясының жетекші топтарының басшылары мен өкілдері қатысты.
ҚР Премьер-Министрінің құттықтау сөзін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов жеткізді. Отандық валютаның 20 жылдығымен және Қазақстан қаржыгерлерін төл мерекесімен құттықтаудан басталған бұл жеделхатта «Теңгені енгізу – тәуелсіздіктің маңызды бейнесі және құралы болды. Бұл игі қадам экономикалық егемендікті және меншікті ақша-кредит саясатын жүргізуді, сондай-ақ толыққанды банк секторының қалыптасуын қамтамасыз етті. Бүгінде ел қаржыгерлерінің алдында отандық валютаның келешегін кемелді әрі тұрақты дамыту міндеті қойылған. Біздің экономикамызды одан әрі дамыту және барлық қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру туралы Елбасы қойған міндеттердің орындалуы Сіздердің сапалы, жауапты және білікті қызметтеріңізге байланысты» делінген.
Халықаралық жиынның салтанатты отырысында сөз алған Ұлттық банк Төрағасы Қайрат Келімбетов «Ұлттық валюта – Теңгенің айналымға шығарылуы – Қазақстан қаржы жүйесінің сәтті болуындағы негізгі фактор рөлін жоғары деңгейде атқарды» дей келіп, теңгені қолданысқа енгізу Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлттық валютаны енгізу туралы» 1993 жылғы 12 қарашадағы Жарлығына сәйкес 15 қарашадан бастап теңге жаңа төлем құралы және елдегі есеп айырысу бірлігі ретінде айналымға шыға бастағанын жеткізді.
Теңгенің енгізілген сәті – тәуелсіз Қазақстанның даму тарихындағы ең айқын парақтардың бірі және бұл тарихи шешуші оқиғаның еліміздің бүгіні мен болашағы үшін бағасы зор екендігі баршамызға мәлім.
«Осы уақыт аралығында ұлттық валюта әртүрлі сындардан өтті, бірақ соған қарамастан, біздің экономикалық модель өзінің қабілеттілігін көрсетті», деді Ұлттық Банк Төрағасы. Оның айтуынша, біздің экономикалық және қаржылық жүйенің айтарлықтай жетістікке жетуі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған сындарлы саясаты мен болашақты болжай алатын біліктілігіне тікелей байланысты болды.
Қазір елдің халықаралық резервтері Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (алдын ала деректер бойынша 68,7 миллиард АҚШ долларын) қоса алғанда 92,4 миллиард АҚШ долларына дейін, яғни пайыздық көрсеткіш бойынша 7,3 пайызға ұлғайған. Банктердің депозиттік базасы да артып келеді, бұл халықтың және кәсіпорындардың банк жүйесіне деген сенімінің күн санап күшейгендігін көрсетуде.
Қазір Ұлттық банктің негізгі мақсаты – баға тұрақтылығын ұстап тұру. Бұл міндет ұлттық валютаның құндылығын сақтаумен байланысты шешілмек. Қазір жылдық инфляция деңгейі 4,9 пайыз болса, (бұл соңғы уақыттар ішіндегі ең төменгі бағам) жыл аяғына дейін ол 6 пайыздан аспайды деген болжам бар.
Конференцияда Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының төрағасы Серік Аханов елдің қаржы жүйесінің маңыздылығына тоқталып, қауымдастық алдындағы талаптарды айқындап берді.
Жалпы, конференцияда Қазақстан қаржы жүйесіндегі маңызды жайттар, оның ішінде Қазақстан банкнот өндірісінің болашағы және ғаламдық қаржы нарығындағы негізгі мәселелер турасында кеңірек сөз қозғалды.
Жуырда ғана Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ұлттық валюта – теңгенің айналысқа енгізілуінің 20 жылдығы құрметіне мерекелік төс белгі тағайындалған еді. Алматыда өткен мерекелік шара барысында Ұлттық банк пен қаржы жүйесінің ардагерлеріне және Ұлттық банктің бірқатар қызметкерлеріне «Теңгеге 20 жыл» мерейтойлық төс белгісі мен «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің еңбек сіңірген қызметкері» төс белгілері марапатты түрде табыс етілді.
Жиын соңында ҚР Ұлттық Банк Төрағасы Қайрат Келімбетов журналистерге баспасөз мәслихатын өткізіп, онда әлемдік және еліміздегі инфляция, төлем баланстары, халықаралық резервтер мен ақша агрегаттары туралы, сондай-ақ ішкі-сыртқы валюта нарығы, мемлекеттік бағалы қағаздар мен депозит және несие нарығы жөнінде, көпшілікті қызықтыратын зейнетақы реформасы турасында көптеген сұрақтарға жауап берді.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.