Жаңадан құрылған «Бірлік» саяси партиясының «Тәуелсіздік танытқан таланттар» атты жобасы бойынша саусағынан бал саулаған саңлақтар марапатталды.
«Бірлік» саяси партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали БАҚ өкілдерімен болған баспасөз мәслихатында: «Партияның бағдарламасында дарынды жастарға ұдайы қолдау көрсетіп отыру көзделген. Тәуелсіздік тұсында дүниеге келген өрендердің шығармашылығына қанат бітіру мақсатында қолға алынған шара мұнымен шектелмейді, фестиваль бойында өнері бар, өз кәсібін сүйетін талантты ұл-қыздарымызды тұрақты түрде демеуге арналған
Жаңадан құрылған «Бірлік» саяси партиясының «Тәуелсіздік танытқан таланттар» атты жобасы бойынша саусағынан бал саулаған саңлақтар марапатталды.
«Бірлік» саяси партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали БАҚ өкілдерімен болған баспасөз мәслихатында: «Партияның бағдарламасында дарынды жастарға ұдайы қолдау көрсетіп отыру көзделген. Тәуелсіздік тұсында дүниеге келген өрендердің шығармашылығына қанат бітіру мақсатында қолға алынған шара мұнымен шектелмейді, фестиваль бойында өнері бар, өз кәсібін сүйетін талантты ұл-қыздарымызды тұрақты түрде демеуге арналған. Ал енді кешегі бір кезеңдерге зер салар болсақ, қазақ елі ақындар мен батырларға, ерекше дарын иелеріне ешқашан кенде болып көрмеген. Алайда, ол кезеңдер мен бүгінгі егемендік алған уақыттан бергі қол жеткен табыстардың арасында аспан мен жердей айырмашылық бар. Сондықтан түрлі саладағы жаңадан бүр жарып келе жатқан жас дарындарға қай кезде де қамқорлық көрсете білудің жөні өз алдына бөлек болып саналады», – деп атап өтті.
«Әдебиет», «Сурет өнері», «Дәстүрлі өнер», «Ерекше дарын иесі», «Ұлттық қолданбалы өнер шебері және спорт», сонымен қатар «Мамандығым – мақтанышым» аталымдары бойынша жеңімпаздарды марапаттаушылар қатарында Парламент Сенатының депутаттары Нұрлан Оразалин, Ақан Бижанов, «Атамекен одағы» ұлттық экономикалық палатасы» басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов, «МұзАрт» тобының әншісі Сәкен Майғазиев сияқты тағы да басқа азаматтар бар. Жас дарындардың шығармашылығына қолдау көрсету мақсатында өткізілетін фестивальдің мақсат-мұраты бағдарламада ап-айқын көрсетілген. Мәдениет, әдебиет әлеміне үлесін қосып жүрген жас қаламгерлер мен драматургтердің шығармашылығын дамыту, оларға қолдау көрсету. Қазіргі заманның эстетикалық талабына сай драмалық шығармалардың жаңа үлгілерін тапқан жас қалам иелері туындыларының жарық көруіне ықпал ету. Дәстүрлі өнерімізді кеңінен насихаттап, ұлттық құндылықтарымызды мирас етуші жас таланттарды қолдау. Кәсіби-техникалық білігі жоғары жұмысшы мамандарды ынталандыру мақсатында олардың ішіндегі үздіктеріне арнайы сыйлықтар тағайындау.
«Таланттыға – нұр жауар» демекші, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген жылдарда дарынды жастарды қолдау мақсатында қаншама мәдени шаралар ұйымдастырылып келеді. Талай бұлақтың көзін ашқан бәсекелі бәйгелер тағы бар дегендей. Бірақ олардың ара-жігін әйтеуір бір өзгеше қыры бөліп тұруы керек емес пе? Яғни инкубатордың балапанындай бірінен бірі аумай қалмай, біріншісін екіншісі қайталамай, өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленсе қандай ғанибет. Сол сияқты мысалы, «Тәуелсіздік танытқан таланттар» жобасы шығармашыл жастардың «Шабыт» фестивалінің көшірмесі емес. Ішінде өзгелерге қарағанда жас қаламгерлерге көбірек көңіл бөлінгені ұнады. Үздіктердің тізіміне зер салсаңыз, тараздық Қанат Тілепберген, шығысқазақстандық Азамат Тасқараұлы, алматылық Әлібек Байбол мен Алмас Нүсіп, алтайлық Ретбек Мағазұлы, жамбылдық Табиғат Абаилдаев сынды жас ақын-жазушылармен таныс боласыз. Олардың біразы осыған дейін де талай мәрте бақ сынап, жеңістің дәмін татып үлгерген жандар екен. Мұны – бір деңіз. Екіншіден, бұрын-соңды шебер слесарь, шебер дәнекерлеуші, шебер оператор деген мамандықтарға құрмет көрсетілген республикалық деңгейдегі мәдени шараны көрген бе едіңіз. Көрмесек, мұнан былай осы фестивальден көретін боламыз. Саусағынан бал саулаған жандарды қарапайым еңбек адамдарының да арасынан іздей бастаған фестиваль идеясы құптарлық. Бұл орайда атыраулық Нұрлан Сүйірғұловтың, оңтүстікқазақстандық Нұрдәулет Рахымбековтің, тараздық Игорь Гоминнің мерейі үстем болды. Еңбекке деген құрмет сезімін оятатын мұндай игіліктер лайым көбейе берсін деген тілек білдіргіміз келеді.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген
Игорь БУРГАНДИНОВ.