Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатында «Отандық өнім өндірушілердің мүдделерін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету және қорғау, сондай-ақ, еуразиялық интеграция жағдайларында және Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіру кезінде оларды мемлекеттік қолдау» тақырыбы бойынша парламенттік тыңдау болды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатында «Отандық өнім өндірушілердің мүдделерін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету және қорғау, сондай-ақ, еуразиялық интеграция жағдайларында және Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіру кезінде оларды мемлекеттік қолдау» тақырыбы бойынша парламенттік тыңдау болды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Шараға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, аймақтар басшылығының, бизнес қауымдастықтарының өкілдері мен сарапшылар қатысты.
Жиынды ашқан Сенат Төрағасы Қ.Тоқаев қазақстандық заң шығарушылар Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік шеңберінде интеграциялық үдерістерді тереңдету және Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарына сәйкес нормативтік құқықтық базаны біріздендіру жөнінде белсенді жұмыстар жүргізіп келе жатқанын атап өтті. Одан басқа, еліміздегі заңдардың елеулі бөлігі Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарына сәйкес келтірілді.
Төраға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметтің 11 қазандағы кеңейтілген отырысындағы ықпалдастық – біз үшін өмір талабы екендігі, «бұл ретте жалпы ықпалдастық картинасын жасау, іс-әрекеттердің мүмкін болатын барлық балама нұсқаларын әзірлеу, Қазақстанның ықтимал шығындары мен пайдасына талдау жүргізу қажет...» деген сөзіне назар аударды.
Парламенттік тыңдау барысында Парламент Сенатының Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитетінің хатшысы Сәрсенбай Еңсегенов еуразиялық ықпалдастық және ДСҰ-ға кіру жағдайында отандық өнім өндірушілерді қорғау мен қолдауды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету мәселелеріне жан-жақты тоқталды. Сенатор ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында экономиканың басым секторларын дамытуды ынталандыру негізделген және индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерін мемлекеттік қолдау шаралары белгіленген «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» заң қабылданғанын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай бизнес-құрылымдарды кез келген бюрократтық кедергілер жасалмауына кепілдікті қарастыратын Кәсіпкерлік кодексі мен «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» заңның жобалары әзірленетін болады.
Кеден одағы құрылғаннан бері Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіне 2009 жылы 1,8 миллиард АҚШ доллары болған тікелей инвестиция 2012 жылы 3,4 миллиард АҚШ доллары болып 88,9 пайызға ұлғайды. Сондай-ақ, Қазақстанның Кеден одағы елдерімен өзара сауда құрылымдарында оң өзгерістер байқалып отыр. Кеден одағы құрылғаннан бері қазақстандық тауарлардың Ресейге экспорты 3,5 миллиард АҚШ долларынан 6,7 миллиард АҚШ долларына дейін өсті. Бұл туралы Экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжанова айтты.
Индустрия және жаңа технологиялар министрінің бірінші орынбасары Альберт Рау Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Ұлттық экспорттық стратегия әзірленіп жатқанын атап өтті. Экспортты қолдау және оған серпін беру жүйесі, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың рөлі мен экспорттық міндеттерді шешуге оларды тарту дәрежесін арттыру мәселелері оның маңызды құрамы болып табылады. Осыған байланысты, Сыртқы істер министрлігі мен Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы өкілдерінің қатысуымен сауда өкілдіктері желісін, экспортты ілгерілету жөніндегі арнаулы институттар құру стратегияның маңызды бағыттарының бірі болып табылады.
Бұл стратегияның қажеттігі экспорттық арналарды алдын ала қалыптастыру мен сыртқы нарықтарда қазақстандық тауарларды экспорттауды белсенді түрде үдету маңыз берілген Индустрияландыру картасы бойынша тауарларды өндірудің күтіліп отырған ауқымына негізделген.
Тыңдау барысында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Өңірлік даму министрінің бірінші орынбасары Қайырбек Өскенбаев, Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Мүслім Өмірияев, Бәсекелестікті қорғау агенттігі төрағасының орынбасары Тимур Баймұқанов, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының мүшесі Рахым Ошақбаев баяндама жасады.
Парламенттік тыңдау қорытындысы бойынша отандық экспорттаушылар мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге, ДСҰ-ға мүше болудың барлық артықшылықтарын іске асыруға, әлемдік нарықтың ашылуына байланысты қазақстандық экономика салаларын және отандық өнім өндірушілерді қорғауға бағытталған ұсынымдар әзірленді.