Кеше Премьер-Министр Серік Ахметов «Теңізшевройл» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Брэд Мидлтонды қабылдады. Кездесу нәтижесінде Теңізшевройлды кеңейту келешегі жобасы бойынша өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.
Кеше Премьер-Министр Серік Ахметов «Теңізшевройл» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Брэд Мидлтонды қабылдады. Кездесу нәтижесінде Теңізшевройлды кеңейту келешегі жобасы бойынша өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.
С.Ахметовтің айтуынша, бұл Меморандум елімізде теңіз кен орнын дамытуға өте жақсы серпін береді. Ең маңыздысы, жаңа жұмыс орындарын құруға, Қазақстанда индустрияны, өнеркәсіпті және машина жасауды дамытуға мүмкіндік ашпақ.
Қабылдау барысында негізінен Қазақстанның «Теңізшевройл» компаниясымен ынтымақтастығы перспективалары талқыланды, сондай-ақ, ТШО-ның болашақ кеңейту жобасын жүзеге асыру мәселелері қаралды.
Премьер-Министр С.Ахметов өз кезегінде «Қазақстан Үкіметі ТШО-мен тығыз ынтымақтастыққа дайын», деп атап өтті. Ал Б.Мидлтон Меморандумның маңыздылығын айтып, меморандумды жүзеге асыруға олар да әзір екендігін жеткізді.
Қазақстан Үкіметі мен «Теңізшевройл» ЖШС арасындағы Теңізшевройл жауапкершілігі шектеулі серіктестігін кеңейту келешегі жобасы және ұңғыманың қысымын басқару жобасын жүзеге асыру арқылы Қазақстанға инвестициялар тартуға, мамандарды оқытуға және даярлауға, сондай-ақ, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсатындағы ынтымақтастық жайлы өзара түсіністік туралы Меморандумға Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин және ТШО бас директорының міндетін атқарушы Брэд Мидлтон қол қойды. Құжатқа қол қою рәсімінен соң тараптар шағын баспасөз мәслихатына шықты.
Өз кезегінде Ұ.Қарабалин «теңізде өндірістік қуаттылық арттырылып, мұнай шығару жылына 26 млн. тоннадан 38 млн. тоннаға дейін өседі деп болжап отырмыз. Бұл Қазақстан Республикасы мен серіктестер үшін сәйкес экономикалық пайдамен айтарлықтай өсу болып табылады», деп атап өтті. Сонымен қатар, Меморандум қазақстандық мазмұнды айтарлықтай арттыру бойынша өзара келісімді қарастыратынын айтты.
«Аталған нысанды салу кезеңінде қосымша 20 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Металл құрылымдарын әзірлеу бойынша отандық кәсіпорындар үшін тапсырыстарды арттыруға баса көңіл бөлінген», деп түсіндірді ол. Бұдан өзге, Атырауда салынып жатқан мұнай-химия кешенін шикізаттың қажетті мөлшерімен қолайлы бағамен қамтамасыз ету туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. 550 мың тонна пропан, 380 мың тонна бутан өндіру жайлы сөз қозғалуда, деді.
Министрдің мәліметінше, Теңізшевройлды кеңейту келешегі жобасы бүгінде эскиздік жобалау сатысында, оны бекіту 2014 жылдың басына жоспарланған.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».