Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» бағдарламасында ең алдымен орталық өңірлерге, содан кейін солтүстік өңірлерге де газ тартуды тапсырған-ды. Иә, газ тарту алдағы жылдардың, болашақтың үлесі болса да, еске алғанның айыбы жоқ. Өйткені эколог мамандардың айтуынша, метан газының келуі көптеген әлеуметтік мәселені шешеді. Газдың тартылуынан қоршаған орта тазарады. Көмірдің көк түтіні өкпесін ыстаған халықтың тынысы бір кеңіп қалар еді.
Былтырғы көмірдің жетпеуі себеп болды ма, өңір тұрғындары көмір жеткізіп алуға ерте жаздан қамданды. Облыстық әкімдік те суық түспей, қысқы мезгілге дайындыққа шақырған болатын.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірде көмірге деген сұраныс шамамен 428 мың тоннаны құрайды. Бүгінде тұрғындар 206 мың тоннадан аса көмір тасып алған.
Қазір көмір тасымалдаумен 300-ге жуық шағын және орта кәсіпкерлік орындары айналысуда. Павлодар, Ақсу қалалары мен Павлодар, Шарбақты аудандарында көмір жеткізу 8 тұйықтан тұратын темір жол арқылы жүзеге асырылады.
Басқарманың бас маманы Диас Ділдібаевтың айтуынша, өңірде қазір көмір тапшылығы жоқ.
– Көмір – еркін сатылымда. Тапшылық жоқ. Бағасы көмір кеніштерінің орналасу арақашықтығына, түрлері мен сапасына байланысты. Орта есеппен тоннасы 7 мыңнан 16 мыңның аралығында сатылады. Біздің өңірдегі тұрғындардың басым бөлігі қыс маусымына қоңыр көмірді дайындайды. Көмірдің құнын және көмірдің бар-жоғын бақылау мақсатында энергетика басқармасы қоймаларға күн сайын мониторинг жүргізеді, – дейді ол.
Бұдан басқа қалалар мен аудандарда тұрғындар үшін көмір сатылатын жерлер мен қоймаларда көмірдің болуы туралы ақпарат берілетін жедел желі құрылған.
Қоңыр көмір бұл – лигнит деп аталатын түрі. Яғни Баянауылдың Майкөбе кенішінен шығатын жұрт мақтайтын қоңыр көмірді пеш жағатын тұтынушылар тұтынады, ал Екібастұздың күл көп делінетін көмірі стансаларға арналғаны белгілі. Екібастұздың көмірінен айырмасы қоңыр көмір тез жанады, күлі аз. Бірақ тас көмірге қарағанда қызуы төмен. Негізінен тұрғын үйлерде пешке жағылатын көмір.
– Жыл сайын өңір тұрғындарына жылыту маусымына дайындалу мақсатында суық күнге қалмай және дүрлікпеу үшін алдын ала көмір сатып алуға кеңес береміз. Стихиялық сауда бойынша қазан айынан бастап мониторингтік топ бақылауды бастайды. Топ құрамында мемлекеттік кірістер департаментінің облыс бойынша басқармасы, облыс, қала әкімдіктерінің өкілдері бар. Стихиялық сауданы осылайша тоқтату көзделген, – дейді маман.
Ал облыс орталығында «Элит KZ», «А-Вест Павлодар» және «Север-Энергоугольснаб» ЖШС жеткізілген көмірді сатуда. Бірақ қысқа қарай жанар-жағармай отынының баға тұрақсыздығына орай, көмір бағасы да тұрақты реттелмей, өзгеріп тұруы да мүмкін.
– Көмірдің бағасын негізінен кеніштер бекітеді. Қазір әкімдіктермен өнімді жеткізу бойынша келісімшарттар жасалады, – дейді басқарма маманы Талғат Еспұлов.
Көмір жеткізумен және сатумен айналысатын «Элит KZ» ЖШС директоры Дастан Дәулетбаевтың айтуынша, қазір кәсіпорын қорындағы отын жеткілікті. Қарағандыдағы Шұбаркөл, Майкөбе, Семейдің Қаражыра көмір кенішінің де көмірін тұтынады. Шектеу жоқ. Тұрғындарға сапалы көмір таңдауға мүмкіндік бар.
Өткен жылы Баянауылдың Майкөбе кенішінен көлікке тиелген бір тонна көмір 7 500 теңгеден, ал темір жол тасымалы арқылы 6 250 теңгеден сатылған. Биыл көлікке тиелген бір тонна көмір
6 700 теңгені, ал темір жол тасымалы арқылы 5 760 теңгені құрап отыр. Қалалар мен аудандардың әкімдіктері көмір тасымалдаушылармен тиісті жұмыс жүргізуде.
Жергілікті тұрғындар үшін Майкөбе көмірінің құны 2 500 теңгеге дейін төмендеді. Облыстың қалалары мен аудандарындағы дайындау-бөлу пункттерінде 17 мың тоннаға жуық көмір бар.
Өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов биылғы қысқа дайындық барысына орай өткізген жиын барысында ауылдарда, қаладағы жеке үйлерде тұратын тұрғындарға көмір бағасының қолжетімді болуын, жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстарын жер қара, күн жылыда аяқтауды тапсырды. Бұған қоса әкім бұл мәселе мемлекеттік органдар үшін жауапты кезең екенін және жылу беру маусымының сапалы өтуі олардың үйлесімді жұмысына байланысты болатынын атап өтті.
Иә, қазіргі таңда көмір – еркін сатылымда. Кез келген тұрғын қалаған уақытында сатып ала алады. Жақын арада бұл жерге Майкөбенің 520 тонна сұрыпты, 420 тонна тұтынушы көмірі және 420 тонна Қарағанды көмірі жеткізілмек. Қазірдің өзінде 1 мың тоннадан астам қор бар.
– Майкөбе кенішінің өте жақсы жанатын сұрыпты көмірі де бар. Бағасы шамамен 11 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар 9 500 теңгеден саудаланатын кесек көмірлер бар. Алдағы уақытта тағы да Майкөбе, Қарағанды разрездерінен қатты отын жеткізіледі. Биыл баға тұрақты. Былтырғымен салыстырғанда сәл арзан, – дейді тасымалдуашылар.
Былтыр облыс орталығында ұзақ уақыт жанатын әрі тозаңы аз, брикеттелген көмір өндірісі іске қосылған-ды. Брикеттелген көмір жай көмірге қарағанда жылуды 4-5 есе көп береді. Кәсіпорын ерекше өнімді тоннамен емес, қаппен сатады. 25 килолық бір қап көмірдің бағасы – 400 теңге. Жекеменшік үйлердің пештеріне арналған.
Ал өңірде көмір жетеді. Мысалы, Май ауданындағы Жамантұз деген кеніште де қазір көмір өндіріле бастады. Алғашқы кезеңде бір жылда 300 мың тонна көмір өндіру жоспарланған. Өнімнің алғашқы 30 мың тоннасы Ресей мен Түркияға экспортталыпты. Геологтардың айтуынша, кеніштің көмірінің сапасы жоғары, газды әрі ұзақ жанатын түрі. Сапасы жағынан барлық көрсеткіштерге сәйкес келеді. Кеніште 50 млн тоннадай көмір қоры бар. Барлау жұмыстары әлі де жүргізілуде. Ол анықталғаннан кейін мемлекеттік тіркеуге алынбақ.
Аудандық жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімінің мәліметінше, ауданның көмірі жергілікті тұрғындар арасында жоғары сұранысқа ие. Аудан орталығында көмір сақтайтын орын ашылған.
Павлодар облысы