Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз саясатында ауыл мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Егер үстіміздегі жылдың мамыр айындағы мәлімдемесінде ол жеке қосалқы шаруашылықтар өнімінің сауда орындары арқылы ресми түрде сатылмай және өңдеу кәсіпорындарына жеткізілмейтініне алаңдаушылығын білдірсе, биылғы халыққа Жолдауында жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы сияқты шешімі табылмай келе жатқан түйткілдерді нақтылай түсті.
Осындай кешенді талдаудың нәтижесінде ауыл шаруашылығын дамыту арқылы ғана бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін екендігі туралы қорытынды жасалған. Оның негізгі мақсаты түптеп келгенде, бүгінгі ауылдың еңсесін көтеріп, тынысын кеңейту, осы саладағы кәсіпорындардың жұмысын жандандыру арқылы халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартып, оның тұрмыс деңгейін арттыру.
Ауыл шаруашылығындағы қиыншылықтар – бүгін ғана пайда болған мәселе емес, тарихымызда тек қана егін егуге жарамды ғана емес, жайылымды жерлерді де тартып алу сияқты кезеңдер қазақ жұртының шаруашылық мүддесіне орасан зор нұқсан келтіргені белгілі. Ал Кеңес Одағында индустрияландыру сынды ірі жобалар шаруалардың арқасында, яғни ауылдың есебінен іске асырылды. Одан кейінгі кезеңдерде де ауыл шаруашылығы әртүрлі тәжірибелер жүргізетін алаңға айналды. Қазақстан үшін жаппай ұжымдастыру, қазақ қоғамын күштеп отырықшылыққа ауыстыру ауыл тұрғындарын өздерін асырай алмайтындай жағдайға душар етті. Осының барлығы әкеліп бүкіл халықтың қайғы-қасіретіне ұласты. Халық жаппай ашаршылық пен саяси құғын-сүргін тозағын бастан кешірді.
Әрине, қазір жаңа кезең, жаңа жағдай. Қазақстан – тәуелсіз мемлекет. Дегенмен, даму қарқынымызға бөгет болып жатқан әлемдік экономикалық және қаржылық дағдарыстар мен коронавирус пандемиясы сияқты індеттен бөлек, ішкі де кедергі жоқ емес. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы Жолдауында бұл мәселелерге кеңінен тоқталып, маңызды қорытындылар жасап, тиісті шешімдер қабылдады. Ауыл шаруашылығындағы келеңсіздіктердің басты себебі – жеке қосалқы шаруашылықтардың бастары бірікпей, бәсекелестікке жарай алмай отырғанында. Олардың сапалы әрі мол өнім өндіруге мүмкіншіліктері болмай, әйтеуір әупірімдеп, өлместің күнін көрулері де осыдан. Президенттің «ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланады. Бұл – жасырын емес. Табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жатады», деуі Қазақстанның мемлекет ретіндегі абыройына нұқсан келтірері анық.
Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Өйткені, осының кесірінен, бір жағынан, егін егіп, мал асырауға қолайлы кең байтақ жеріміз бола тұра, әлі күнге дейін өз тұрғындарымызды экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерімен толықтай қамтамасыз ете алмаудамыз. Сонымен бірге екіншіден, өз өнімдерін өткізе алмай, оны қайда жіберерін білмей әуре-сарсаңға түсіп жатқан шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтар тағы бар. Бұл, қарап тұрсаңыз, экономикалық қарым-қатынастар барысында қордаланып, жылдап шешімі табылмай келе жатқан жаңағы үдерістің қарама-қайшылықтары мен дүдәмал тұстары.
Сол өнімдерді сатып алатын делдалдар олардың еңбегін болар-болмас тиын-тебенге бағалап, тақырға отырғызуда. Ауыл еңбеккерлері осы тауарларды өсіріп, бағып-қағатын өндіруші ретінде жұмсаған қаражатын қайтара алмай, зардап шегіп, енжарлыққа салынуда. Өйткені, барлық қызықты екі арадағы пысықай алыпсатарлар көріп отыр. Дүкен мен базардағы сатушылардан «мынаның бағасы неге қымбат?» деп сұрасаң, жеткізуші солай әкелді, солардың бағасының үстіне біз небәрі 10-15 теңге ғана қосып» күн көрудеміз дегеннен танбайды. Ол жеткізушінің кім екенін ешкім де білмейді, олардың аты ешқашан аталмайды, ол жеке адам ба, әлдебір компания ма, қалталы олигархтың бірі ме, әлде мемлекеттік органның өкілі ме, жоқ «көлеңкелі экономиканың» қоғамды ораған шырмауығы ма, әйтеуір оның нақты бетпердесін ашып, жүзін көру мүмкін емес. Бұларды сол өнімдерді сатып алатын тұтынушылардың жағдайы, жоғарыдағы өндірушілердің тұрақты дамуының қажеттілігі сияқты мәселелер мүлдем мазаламайды, олар оған бастарын ауыртқылары да келмейді. Президент айтқандай, олардың ұпайлары былай да түгел.
Көріп отырғанымыздай, бұл – құдды біржақты жол. Өндіруші мен сатушы бұл жолмен жүре алмайды. Өйткені ол жолдың жүру ережесін делдалдар осылай етіп жазып қойған. Өндіруші жолдың бір басында тұрып, өнімін шірітіп алмас үшін жеткізушінің қойған бағасымен, өткізуге мәжбүр, ал жолдың екінші жағындағы сатушы жаңағы жеткізушінің белгілеген бағасымен өнімді амалсыз алып, саудалауға мәжбүр. Тек, оған 10-15 теңгесін қосып, ризығын табатын сияқты. «Сияқты» деуімнің себебі – бұл дүкеншілер тұрғындардың дастарқанына біртабан жақын бола тұра, «қазаншының еркі бар қайдан құлақ шығарса» деген қағидатты ұстанбасына кім кепілдік береді?
Тұрғын үйлердің аулаларында орналасқан кейбір дүкендердің санитарлық жағдайы сын көтермейді. Бұл дүкендердің сөрелерінде тауарлар «үйіліп-төгілген», бей-берекетсіздік «көздің жауын алады». Ал олардың сапасы мен сақтау мерзімі күмән тудыруы әбден мүмкін. Карантин кезінде мұндай дүкендерде жарияланған карантиннің талаптары мүлдем орындалмады. Дүкенге келген адамдар бетперде киген бе, кимеген бе онда сатушының шаруасы болмады. Өйткені олар ережелерді өздері де бұзды. Тәртіпті сақтап, қоғамның мүддесін қорғау бұлардың ойына да кірмейді. Оларға бәрібір. Сондағы сатушылардың ойлағандары не: пайда ма, әлде тұтынушының жағдайы ма? Сірә, бұл жерде ақшақұмарлық басымырақ шығар.
Қ.Тоқаевтың мамыр айындағы бастамасындағы «Егіс даласынан – дүкен сөресіне» дейін деген сызбасы сол дүкен сөрелерінің иесі сатушыларға келіп тіреледі. Ал олардың түрі мынау. Сондықтан ол сызбаны дүкен сөресі арқылы әр отбасының дастарқанына дейін жеткізу керек. Басты көрсеткіш, нақты нәтиже әрбір үйдің дастарқанынан көрінуі керек. Өйткені, сол үйлердің дастарқаны мол болғанда ғана халықтың жағдайы дұрысталады. Жоғарыдағы делдалдардың әлгіндегі қолданған зымиян амалдары мен қармауыштары дүкен сөресі және отбасы дастарқаны арасына да кесірін тигізуде. Ақырында барып, кезек тұтынушыға жеткенше, бағаның удай болып қымбаттайтындығы да осыдан. Осыдан барып жағдай өзінің ең жоғарғы шарықтау шегі – шектен шығушылыққа әкеліп соғады. Шетсіз шектен шығу – жауапкершіліксіздік пен адамды адам құрлы санамау деген сөз. Жауапсыздық иесіздік пен салақтыққа бой ұрдырады.
Қоғамымызда бағаны ешбір негізсіз өсірумен ғана әуестеніп, іске қолының ұшын да тигізбестен, қалтасынан бір тиын да шығармастан тұтынушылардың арқасында күн көретін бизнесменсымақ алыпсатарлар халықтың сорына қаптап кеткенге ұқсайды. Бірақ, қарапайым халық амалсыздан қалтасындағы барын жұмсауға мәжбүр. Бірақ, қанша тыраштанса да ондай пақырдың дастарқаны қайдан мол болсын. Ендеше бұл адамдардың әлеуметтік көңіл күйі де үнемі жабыраңқы. Ондай қоғамда өмірге үміттене қарау да қиын шығар. Ол қоғамда ұласпалы, үздіксіз әлеуметтік әділетсіздік пен тұрақсыздық орын алады деген сөз. Бұл осылай жалғаса берсе, ол Қазақстанды түбінде тығырыққа тірері анық. Сондықтан да болар Президенттің әділетті мемлекет пен азаматтардың мүддесі мәселесін көтеріп отырғаны.
Олай болса, бізге кәдімгі екіжақты, дұрыс және заңды ережелерге негізделген жол керек. Ол үшін өндіруші сапалы, экологиялық таза өнім өндіруі керек және оның тауары өзін-өзі ақтайтындай бағаға сатылып, өнімін өндіруді әрі қарай тұрақты дамытуға мүмкіндік беруі керек. Биылғы Жолдауда оның жолы да көрсетілген. Кооперация шаруашылықтарға шикізат сатып алу, өнім өндіру және оны сатуды ұйымдастыру барысында күш жұмылдыруға мүмкіндік бермек.
Тиісінше, жеткізуші де бір күндік пайдаға құнықпай-ақ, болашақтағы тұрақты да қалыпты даму ұстанымын басшылыққа алғаны дұрыс болар еді. Бастысы, сапалы өнімді алып, сауда нүктелеріне дер кезінде жеткізу. Ал сатушылар тауарларына осы жол ережелерінде қабылданған ұстанымдар негізінде барлық тараптарға тиімді бағаны қойған кезде көп нәрсенің өзгерері анық. Бұл жерде баға туралы сөз болғанда, біз ойдан шығарылған, пайдаға әбден құныққандардың шектен шыққан бағасы туралы айтып отырмыз.
Қазір кәсіпкерліктің мәнін дұрыс түсінбейтін, ақша шығармай, тер төкпей екі ортада жүріп пайда тапқыштардың күні туып отыр. Олар ауыл диқандарының еңбегін бағаламайды, тұрақты желілік кәсіптің іргетасын қалап, оны қалыпты түрдегі тұрақты табыс көзіне айналдырғылары да келмейді. Бұлардың мақсаты басқалардың есебінен, әртүрлі «қызықтыру», яғни мәжбүрлеу арқылы өздерінің тұрақты пайдасын қалталарына күнделікті басып отыру. Мұндай адамдарда әділ сауда, таза ниет, ертеңді ойлау қайдан болсын.
Бүгін сен алдарсың, ертең сені біреу тақырға отырғызады. Бұл алыпсатарлардың арасындағы үйреншікті қарым-қатынас принципі. Оның бір ұшы барып тұтынушыларға тіреледі. Ол – дүкеннің тазалығы, тауардың сапасы мен мерзімі өтіп кеткен өнімдерді саудалау, бағаларды өз беттерінше негізсіз белгілеу және тұтынушыларға жоғары деңгейлі қызмет көрсетуге мән бермеу т.б. Сонда қалай, осылайша өмірбақи бір-бірімізді алдаумен жүруіміз керек пе? Ондай жерде сенім деген атымен болмайтыны белгілі. Ондай қоғам «ауруға» ұшырап, пиғылы бұзылады. Ол – өте қауіпті індет, рухани құлдырау деген сөз. Адам, адамның өмірі мен адами қарым-қатынастардың қаншалықты құндылық мәні бар екендігін бүкіл әлемді қамтыған коронавирус болмаса, өздігімізден түсіне алмас та едік. Ол қоғамдағы барлық олқылықтар мен үйлесімсіздіктердің бетін ашты. Егер адамдар бармаса, дүкендердің істемейтінін, ал егер олар істемесе сауданың жүрмейтінін, сауда жүрмесе, пайда түспейтінін біздің індеттің есімізге салғандығы ерсі көрінбей ме?
Сөйтіп, бұл өмір осы бағытта дамып, осындай ұяттан жұрдай арсыздардың және соларға қолдау көрсететін күштердің ығында кетсе, қоғамдағы тіршіліктің басты тұлғасы – толық адам екенінің ұмыт болуына сәл ғана қалғаны ғой. Сондықтан Мемлекет басшысы ұлттың жаңа болмысы тұрғысында терең ой қозғап, халқының әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғандығын қалайтынын айтқаны бекер емес. Бұған жол бермеу үшін бізге осы елдің азаматтары ретінде бір нәрсені мықтап ұғынып алғанымыз қажет. Егер сол тауарларды сатып алатын адамдар болмаса, әлгіндегі ақшаға әбден құнығып кеткен алыпсатарлар мен тәубесіз делдалдар немесе ұйымдасып алған қалталы олигархтар яки жоғарыдағы «мықты» біреудің қолдауына сенім артқандар не істер еді? Бірақ, өкінішке қарай, олар мұны түсінбейтінге ұқсайды. Егер азғантай ғана түсінігі бар болса, онда олар бұқара халыққа деген көзқарасын өзгертіп, олардың «тесік» қалталарына қол сұғып, адамды «есеңгірететіндей» бағаларымен елдің обалына қалмас еді.
Біздің түсінбейтініміз – біреу бір нәрсе сатса, өзі ешнәрсе сатып алмайтындай сыңай білдіретіні. Ол олай емес, табиғатта бос қуыс ешқашан болмайды. Бәрібір бірімен тығыз байланысты бұл дүниеде. Жеміс сатқан адамға киімнің керегі жоқ деп кім айтты? Өмірде де осы сияқты, сауда қатынастары да бір-бірімен байланысатын түтікше сияқты, бір тауарға баға қосылса, екіншісі де қымбаттайды. Сонда бірінші сатушы бағаны өсіріп, пайда табам десе, ол өз кезегінде, басқа сатушыдан өзінікіндей қымбаттатылған тауар алып, жаңағы қосқан бағасының «құнын түсіріп», өзіне тауарды сол қосқан құнындай немесе одан да қымбат пұл төлеп алатыны айқын. Осындай бірін-бірі аңдыған мысық пен тышқанның кейпін киген алдамшы заман адамды мезі қылып, бағаның жөнсіз және ретсіз құбылуы жүйкені тоздырары анық.
Өйткені бағаның өсуінің көпшілік жағдайда экономикалық негізі де, әлеуметтік қисыны да жоқ. Халық осының бәрін өз көзімен көрсе де, оны түсінуден қалды. Ал сауда жүйесіндегі пысықайлар білгенін істеп, адамдардың үстінен күн көріп, қоғамның денесіне кенедей жабысып, қалың бұқараның қанын соруда. Сондықтан бір-бірімен баға өсіруде жарысқан олардың тапқан пайдалары күнделікті күнкөрісінен артылмай жатады. Бәрін бағаның өсуі жеп қояды, бұл нағыз өзін-өзі жеушілік. Бұдан қалталылардың ештеңелері кетпейді. Барлық салмақ қарапайым халыққа түсіп отыр. Басқаша болуы мүмкін де емес. Мұның ақыры – тұралау, тығырық, шарасыздық, үмітсіздік, жалғандық болмақ. Мұндайда өніп-өсу, көркею туралы сөз қозғаудың өзі артық. Оның ешкімге абырой әпермесі, керісінше, опық жегізері анық. Олар өздерін ғана емес, бүкіл қоғамды да алдауда, тіптен улауда десек те болар. Адамдардың өмірі күл, еңбегі тұл болып отыр. Өйткені одан ешкім қарғыстан басқа ештеңе алмайды, ешкімнің қарны тоймайды және ешкім қанағаттанушылық сезіміне ие бола алмайды.
Енді не істемек керек? Опық жеп отыра бергенмен мәселе шешілмейді. Ол өзіңді жегідей жеумен тең. Өзін-өзі кінәлаудан гөрі мәселеге тереңірек қарап, тұрғындардың тұтынушылық құқықтарын аяқасты етуге жол бермеу маңызды, оны дұрыстап пайдаланған дұрыс. Оған қоғамдағы азаматтық ұстанымның басымдылыққа ие болуының септігі тиер еді.
Осы тұста жергілікті атқарушы және өкілетті органдардың рөлі туралы айтпасқа болмас. Олардың барлық күші ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретіндердің барлығына бірдей қарап, оларға ықылас білдіріп, тілеулерін тілеп, істерінің оңға басуына жағдай жасағандары жөн. Әкімдер жеке қосалқы шаруашылықтардың жоспарларына ерекше көңіл бөліп, қолдауды алдымен туысқаны мен пара бергісі келетіндерге емес, терең білімді, қолынан іс келетін, істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асыратын, жоғары жауапкершілікті, ерінбей еңбек етуге бейім, тұрақты жұмыс істеп, сапалы өнім өндіретіндерге көрсетуі тиіс. Мұндай белсенді топқа кедергі жасаудың орнына, қандай жағдай болса да жағдай жасап, жеңіл пайдаға құмарлардан оларды қорғаулары қажет. Сонда ғана жағдай дұрысталады, тұрақтылық орнайды, тұрғындарда ынта пайда болып, олардың билікке деген сенімдері артады.
Сонда ғана пайданы бағаны өсіру арқылы емес, керісінше, халықтың басым көпшілігіне қолжетімді бағамен, бір-бірімізді мәжбүрлеп, қинамай-ақ тұрақты жұмыс істеу негізінде табыс табуға бет бұруға жағдай туындайды. Бәлкім, сонда ғана «дайын асқа тік қасық» делдалдардың заманы құрдымға кетіп, қоғамда Президенттің Жолдауында көрсетілген әділдік пен әділеттілік, әлеуметтік теңдік пен қауіпсіздік орнығар, еліміз бәсекеге қабілетті мемлекет болар.
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
саясаттанушы