Қазақстанда 1973 жылдан бері тұрып келемін. Өзім қазақтың келінімін. Аты-жөнім – Татьяна Алексейқызы Тасеменова. Мен Қазақстан тарихы, ата-бабаларымыздың ерлігі мен батылдығы туралы көптеген кітаптар оқыдым. Бұл оқыған кітаптарым менің қазақ халқына деген құрметімді одан сайын еселей түсті.
Қазір біз Шортанды кентінде тұрамыз. Отбасымыз өте тату. Ағайын-туыстық байланысымыз мығым. Мен осы керемет қазақ отбасының мүшесі болғаныма разымын.
Жалпы, үлкендерге құрмет көрсету қазақ халқының, қазақстандықтардың қанында бар қасиет. Менің ойымша, біздің аталарымыз бен әжелеріміз, әкелеріміз бен аналарымыз, бүгінгі үлкендер жағы қандай құрметке болса да лайық. Біздің ел тарихының әр кезеңі халқымыздың, қазағымыздың жан дүниесіне аз қара дақ қалдырған жоқ. Азаматтық соғыс, ұжымдастыру, ашаршылық, қуғын-сүргін, Екінші дүниежүзілік соғыс, соғыстан кейінгі ауыр кезең, тың игеру, бәрі-бәрі халқымызға оңай тимеді.
Мен зейнеткермін. Өткен ғасырдың алғашқы жартысындағы тауқыметті кезеңді көрмесек те 90-жылдардағы қиындықтарды жақсы білемін. Бүкіл елге қиын болды. Экономикалық байланыстардың үзілуі, өндірістің, ауыл шаруашылығының құлдырауы халыққа ауыр тиді. Адамдардың санасына өмір туралы жаңа түсінік кірді. Барлық қиындықты халқымыз ауызбіршілігімен, ынтымағымен жеңді.
Мен бүгін өзім келін болып түскен шаңырақтың үлкендері жөнінде аз-кем айтып өтуді дұрыс көріп отырмын. Өйткені, алдымен аруақтар разы болуы керек.
Ардақты қайын атам Бексұлтан Жәмішев Қазақстанның еңбек сіңірген теміржолшысы.
Қайын атамды алғаш көргенім әлі есімде. Алғашқы кезде «отбасының бір тірегі, үміті, он перзентінің үлкені, тұңғыш баласы орыс қызына үйленіп келіп тұрса кім жақтырсын, болашақ қайын атам оңды қарсы алмас» деп ойладым... Бірақ қайын атам мені тыныш қарсы алды. Бұрын мал баққан, механизатор болған қайын атам мені айналып өтіп, бойыма, үсті-басыма барлай қарап тұрып: «кейде қанды да жаңартып тұру керек, бәрі жақсы», – деп еді.
Үлкен ұлдары Әубәкірдің үйлену тойын қазақ дәстүрімен өткіземіз деген жоспар жайына қалды. Қайын атам ақын жанды, тарихты жақсы білетін кісі еді. Балаларына ата-бабалары туралы үнемі айтып отыратын.
Қайын атамның әкесі Жәміш үш жасында жетім қалған екен. Бай малын 12 жасынан бастап баққан. 15 жасында ол жылқы жоғалтқаны үшін абақтыға түскен. Қазақстанда Кеңес өкіметін орнатуға атсалысқан. 1924 жылы Ленинді жерлеу рәсіміне қатысқан. 1931 жылға дейін Атбасар уезінде «Казгородок» болысының Кеңес жұмысында болыстық атқару комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді. Кейін 58-бап бойынша Сібірге айдалды. 1939 жылы қуғыннан оралды.
Әкесінің қуғынға түскен кезінде менің қайын атам төрт жасар болыпты, ал үлкен ағасы Асқар тоғыз жаста екен. Жәміш атамның төрт баласы болған. Бұл балалардың аналары 1932 жылы Никель ауылына киімін азық-түлікке ауыстырып қайту үшін жолға шығып, жолда үсіп өлген көрінеді. Балаларды ауыл адамдары, туыстары қолдарына алған.
«Халық жауының» балаларына деген көзқарас ол кезде жақсы болмаған. Бірақ, көретін жарықтары болып, төртеуі де аман қалған. 1939 жылы әкелері қуғыннан оралады.
Қайын атамның ағасы Асқар 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, Сталинград майданында қаза табады. Апалары өсті, өнді, тұрмысқа шықты. Қайын атам Бексұлтан 1947 жылы енем Бибігүлге үйленеді… Қайын атам Қимадағы мектепті бітіріпті. Ол соғыс жылдарында тракторист болып жұмыс істеген.
Үлкен атамыз Жәміштің әкесі Тас-Еменнің есімі Омбы мен Орынбор мұрағаттарында кездеседі. Ол кісі ресейлік отарлаушылар мен қазақтардың арасындағы жер мәселесіне қатысты құрылған бірлескен комиссияның мүшесі болған. Отарлаушыларға есе жібермеудің көптеген амалдарын жасаған қазақтардың іс-әрекетіне белсене атсалысқан. Бұл жөнінде арнайы зерттеу жүргізсе де артықтық етпейді. Бабам Тас-Емен араласқан оқиғалар ХІХ ғасырдың бас кезінде, осы ғасырдың шамамен 30-шы жылдарында болған деседі.
Жалпы, Тасеменовтердің отбасы өз тамырымен мақтанады. Қайын атам өзінің барлық балаларының бойына ең жақсы адами қасиеттерді сіңіре білді. Қайын атам зайыбы, менің енем Бибігүлмен 56 жыл тату-тәтті өмір сүріп, бес ұл, бес қыз өсірді. Сегіз баласын жоғары оқу орнында оқытты. Олардан ұрпақ сүйді.
Тасеменовтердің бүгінгі ұрпағы, біздер өзімізді арғы бабаларымыздың лайықты ұрпағы санаймыз. Бабаларымыздың аруағы разы болсын.
Татьяна ТАСЕМЕНОВА
Ақмола облысы