«Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі 17 қазанда «ReStart» жобасы аясында жастар мен балалар арасында интернетке тәуелділіктің алдын алу мақсатында «Оффлайн күн» республикалық акциясын өткізді.
Аталған шараның басты мақсаты – бір күнді интернетсіз өмірге арнап, уақытты тиімді өткізу. Сонымен бірге ұйымдастырушылар табиғат аясында ойындар ойнап, жасөспірімдерге адамдармен қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру және жастардың санасын пайдалы бағытқа қарай өзгертуді көздейді.
Іс-шара республиканың барлық өңірінде бір күнде өтті және барлық қатысушы шараның соңына дейін ұялы телефондарынан, әлеуметтік желілерден бас тартып, бір күнді толығымен интернетсіз өткізді.
Қатысушылар сапалы уақыт өткізу үшін табиғат аясына шықты. Барлығы қызық ойындар ойнап, жылыжайларда бақша дақылдарын егіп, әртүрлі суреттер салып, үй кинотеатрын ұйымдастыру секілді жұмыстармен айналысты. Сондай-ақ шара барысында қарт адамдарға көмек көрсетіп, қайырымды іс жасады.
Акция аяқталғаннан кейін қатысушылар «Оффлайн өмір» марафонына қатыса алады. 21 күнге созылатын «Оффлайн өмір» марафонында еліміздің беделді тұлғалары қатысушыларға өздерінің арнайы тапсырмаларын береді және марафон соңында үздіктерге бағалы сыйлықтар табысталады.
«Оффлайн күн» акциясы «Жастар мен балалар арасында интернетке тәуелділіктің алдын алу бойынша іс-шаралар кешенін іске асыру, сондай-ақ азаматтардың цифрлық беделін қорғау» тақырыбында «ReStart» жобасы аясында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ гранттық қаржыландыруы аясында өткізілді.
Жастар ұйымы марафонмен шектеліп қалмай, интернет тәуелділіктің зиянын жеткізу үшін арнайы фотокөрме ұйымдастырылып отыр. Шара 14-23 қазан аралығында республиканың 17 аймағында өтеді.
«Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамға интернетке тәуелділіктің зиянын көрсету және интернетке тәуелділіктің алдын алып, фотосуреттер арқылы адамдардың санасын пайдалы жаққа қарай өзгерту. Оған қоса ғаламтор мәдениетін түсіндіруді де жолға қойып отырмыз», дейді ұйымдастырушылар.
Фотокөрмеде биыл 1 қыркүйекте жарияланған байқауда үздік деп танылған суреттер қолданылады. Фотокөрме суреттерін @restart_social парақшасынан көруге болады.