Экономиканы әртараптандыру туралы әр кез айтылғанмен, әзірше иек артарамыз – шикізат қана. Жердің асты-үстіндегі ен байлықтың түбі көрінсе, тығырыққа тірелеріміз тағы белгілі. Сондықтан мүмкіндік барда экономиканың өзге де салаларын дамытқан дұрыс.
Осы орайда қаржы сарапшысы, FINANCEkaz telegram-каналының авторы Андрей Чеботаревтың мына бір пікіріне көзіміз түсті. Кейбір ойлары ерсілеу көрінсе де, оң жамбасқа келетін идеяларын елдің экономикасын өзгерту жолында сынап көруге болатын секілді. Ол Қазақстан экономикасын әртараптандыра алатын бес бағытты атаған екен.
– Дамудың эволюциялық және революциялық жолы бар. Мұнай кен орындарын ашуды, барлау мен өндіруді есепке алмасақ, Қазақстан экономикасы тәуелсіздік алған сәттен бері эволюциялық жолмен ғана жүріп келді. Дамудың бұл түрі көп уақытты алады. Оның кемшілігі де осында. Әлі күнге дейін экономиканы тиісті деңгейде әртараптандыра алмай келе жатқанымыз да сондықтан. Демек, жаңа идеяларды жүзеге асыратын уақыт жетті, – дейді ол.
Қаржы сарапшысы ел экономикасына ерекше серпін бере алатын саланың бірі ретінде ауыл шаруашылығын қарастырып отыр. Негізі бұл туралы талай айтылды да. Жоғары деңгейде түрлі тапсырмалар да берілді. Расымен де, Қазақстанның аграрлық ел атанатындай мүмкіндігі бар. Әттең, соны дұрыс үйлестіре алмай келеміз.
«Ауыл шаруашылығы саласының жаңа мыңжылдықтағы Қазақстанның орташа жылдық экономикалық өсуіне қосқан үлесі болмашы ғана – 0,22 пайыз», дейді сарапшы.
Оның хабарлауынша, экономикалық секторға жаңашылдық әкелетін бағыттың бірі – жердің еркін нарығы және гендік тұрғыдан түрлендірілген өнімдерді өсіруге қатысты тыйымдарды алып тастау.
– Мұның екеуі де әлемде бар тәжірибе. Жер нарығының ашықтығы кез келген елдегі аграрлық сектордың қалыпты жұмыс істеуі үшін қажетті құрамдас бөлік саналады. Ал гендік тұрғыдан түрлендірілген өнімдерді өсіруге бір кездері Аргентина рұқсат берген болатын. Егер осы екі қадам жасалса, Қазақстан шетелдік инвесторлардың қызығушылығына ие болады. Сондай-ақ осының нәтижесінде елде жаңа ғылыми институттар, зертханалар және басқа да кәсіпорындар ашылуы мүмкін, – деп жазды ол өзінің жеке telegram-каналында.
А.Чеботаревтың пікірінше, экономиканы өзгерте алатын тағы бір жол – марихуананы заңдастыру. Канада 2018 жылдың қазан айынан бері есірткінің аталған түрін заңдастырып, тың қадамға барған әлемдегі алғашқы ірі мемлекет атанды. Үйеңкі жапырақты елде қабылданған жаңа заңға сәйкес, марихуананы өсіруге, сатуға, тұтынуға заңды түрде рұқсат берілген.
– Бұл жағдай елдің қор нарығына және экономика секторына айтарлықтай көп өсім әкелді. Қазақстанда марихуана өсіруді заңдастыру арқылы шетелдік инвесторларды тартуға болады және ол аграрлық секторға ғана емес, қор нарығына да оң ықпал етуі мүмкін. Марихуананы заңдастыру – әлем елдері жүріп өткен жол. Ешқандай таңсық дүние емес. Дәл осындай шешім қабылдаған мемлекеттердің қаншалықты пайдаға кенелгенін көріп-білген өзге елдер заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу үстінде, – дейді ол.
Сонымен қатар сарапшы экономиканы әртараптандыра алатын бағытқа жүргізушісіз көліктерге рұқсат беруді де жатқызыпты.
– Қостанайдан Tesla зауытын салсақ несі бар?! Егер Қазақстан ортақ пайдалануға арналған жолдарда жүргізушісіз машиналардың жүруіне әлем елдері ішінен бірінші болып рұқсат берсе, дүниенің дидары бізге ауатыны анық. Осылайша, жүргізушісіз машиналарды пайдалануға, сондай-ақ Қазақстандағы автомобиль индустриясын дамытуға және IT-саласын алға бастыруға жол ашылады, – дейді ол.
Бесінші бағыт – салықтық офшор.
– Еуразияның кіндік тұсында тұрсақ та, Қытай мен Еуропаны, Еуропа мен Қытайды жалғастыратын ел ретінде ғана басымдыққа иеміз. Ал аталған жол арқылы отандық тауарларды алып жүру қиындау, әрине. Егер салық заңнамасын криптовалюталарды пайдалануға рұқсат беру арқылы толық ырықтандырсақ, Қазақстанда салықтық офшор, яғни бизнес жүргізуге салықтық жеңілдіктер ұсынатын мүмкіндік туады. Бәлкім, басында ЕАЭО аясындағы серіктестерге ғана тартымды болармыз. Бірақ салықтық артықшылықтарды дұрыс ұсынған жағдайда елдің мүмкіндігі молаяды. Айтпақшы, «Астана» халықаралық қаржы орталығы осы міндетті ойдағыдай орындап отыр. Қаржы секторындағы ресейлік компаниялардың Қазақстанға келіп, тіркелуінен осыны аңғаруға болады. Біздіңше, бұл басы ғана, – дейді А.Чеботарев.
Бірден айтайық, бұл – бір ғана сарапшының пікірі. Сондықтан айтылған дүниелерді әркім әртүрлі қабылдауы мүмкін.
– Бұл идеяларды орынсыз санайтындар бар. Біреулер мұндай өзгерістерге қоғам да, мемлекеттік институттар да дайын емес дер. Бірақ экономиканы өзгертетін уақыт жетті. Қазір әлемнің өзі жедел дамып жатыр. Сондықтан өзгерістер кезеңі – жаңа идеяларды жүзеге асыруға таптырмас уақыт екенін естен шығармайық, – дейді сарапшы.